A+ A A-

talgatzhan 56 Бүгін, 09:05 0

Әлем кубогіне жол тартатын күршімдік мергенге 400 мың теңге табысталды

Бүгін / Күршім

Олжас Дүсіпов Түркияның Стамбұл қаласында өткен Fetih Kupasi турнирінде күміс жүлдеге ие болса, тамыз айында Қарағандыда ұйымдастырылған жарыстарда күміс және қола медаль жеңіп алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Ол Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылының тумасы. Туған ауылындағы мектепті тәмамдаған соң Өскемендегі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде білім алған. Садақ атуға деген қызығушылығы ерте жастан басталыпты. Спортшының айтуынша, садақ атудың басты ерекшеліктерінің бірі – жас талғамайтындығы.
– Садақ атуға 7 жастан 70 жасқа дейін кез келген адам қатыса алады. Бұл спорт түріне қызығушылық танытатындар көп. Жарыстар да жыл сайын өткізіліп тұрады, – деді ол.
Спортшы Түркиядағы ашық халықаралық турнирде жамбы нысанасы бойынша сынға түсіп, финалға дейін жетіп, нәтижесінде күміс жүлдеге ие болған. Оның айтуынша, бұл жарыс өзі үшін ерекше тарихи сәттердің бірі.
– Стамбұл қаласында өткен ашық халықаралық турнирде бақ сынап, жамбы нысанасы бойынша екінші орынға ие болдым. Мен үшін бұл тарихи сәт. Финалға төрт қазақ жігіті жолдама алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік, – деді садақшы.
Жамбы атуда спортшылар бірнеше метр қашықтықтан нысана көздейді. Бұл сайыстың ерекшелігі сол, спортшы қозғалыстағы нысананы дәл көздеп, мергендігін көрсетуі керек.
– Жамбыны 30 метр қашықтықтан атамыз. Оның ерекшелігі – жіпке байланып, ілініп, нысана қозғалып тұрады. Көлемі шамамен 25 сантиметр. Сондықтан оны дәл көздеп ату үшін үлкен дайындық пен шеберлік қажет, – деді жерлесіміз.
Садақшы үшін алдағы басты дода – 12 қыркүйекте Атырау қаласында өтетін дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогі. Спортшы бұл жарыста да жүлдеге таласуды мақсат етіп отыр.
– 12 қыркүйекте Әлем кубогіне барып, бағымды сынаймын. Жарыс Атырау қаласында өтеді. «Алтын Орда» деп аталады. Қазір жарысқа дайындықты жоғары деңгейде жүргізіп жатырмыз.  Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі алаңында әзірлік жүргізіп жатырмын. Шығыста күн ерте бататындықтан, таңғы сағат 4-тен бастап дайындықты бастап кетемін, – деді ол. 
Шара барысында оның алдағы Әлем кубогіне қатысуына да қолдау білдірді. «Еңбегім еліме» медалімен марапаттап, спортшыға 400 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
– Бүгін садақ ату спортының жеңімпазы Олжас Дүсіповті «Еңбегім еліме» медалімен марапаттау рәсіміне жиналдық. Атырау қаласында өтетін дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогіне қолдау танытып, спортшының жолына 400 мың теңге көлемінде қаржы бөлдік, – деді «Ақ жол» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Қанапия Бахаев.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив