Синоптиктер қазан айында елімізде ауа райы жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа болатынын болжады. Айлық орташа ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қазан айының басында ауа райы салыстырмалы түрде жылы болады. Ел аумағында ауа температурасы +15…+25°С шамасында күтіледі. Кейін солтүстік циклонның ықпалымен республиканың барлық өңірінде жаңбыр және қар аралас жауын-шашын болады. Жел күшейіп, екпіні 15–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Елдің солтүстік жартысында бұрқасын болуы ықтимал.
Арктикалық ауа массаларының енуіне байланысты тұман, көктайғақ және үсік жүруі мүмкін. Ауа температурасы айтарлықтай төмендейді, алайда суыту ұзаққа созылмайды.
Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнде ауа температурасы −6…+5°С-қа дейін төмендеп, күндіз +2…+11°С болады.
Солтүстікте, шығыста және орталықта түнде −1…−6°С, күндіз 0…+8°С аралығында болады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде 0…+5°С, күндіз +10…+15°С болады. Таулы аймақтарда түнде −2…−10°С, күндіз +5…+10°С күтіледі.
Бірінші онкүндіктің екінші жартысында күн жылынады
Қазан айының бірінші онкүндігінің екінші жартысында Орталық Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массалары келеді.
Қазақстанның басым бөлігінде күндізгі ауа температурасы +15…+20°С-қа дейін көтеріледі. Оңтүстік-батыста және елдің оңтүстік жартысында ауа +18…+28°С-қа дейін жылынады.
Қазанның екінші және үшінші онкүндігінде ауа райы қандай болады?
Қазанның екінші және үшінші онкүндіктерінде температуралық фон құбылып тұрады.
Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнгі температура +5…+12°С-тан −5…+5°С-қа дейін, ал күндіз +18…+28°С-тан +10…+20°С-қа дейін өзгереді.
Солтүстікте, орталықта және шығыста түнде +3…+8°С-тан −1…−8°С-қа дейін, күндіз +15…+23°С-тан +3…+13°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Қазақстанның оңтүстік жартысында түнгі температура +5…+10°С-тан −3…+5°С-қа дейін құбылады. Күндіз ауа температурасы +15…+23°С-тан +20…+30°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Кей кезеңдерде түнде −1…−6°С, күндіз +10…+15°С болады деп күтіледі.
Қазақстанда қазан айы қандай болады?
Жалпы, қазан айындағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады.
Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады деп күтіледі.
Қазан айындағы жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады.
Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК бүгінге, 1 қазанға Қазақстанның 12 облысында дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтіледі. Сонымен қатар бірнеше облыста өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады.
Пікірлер