Елімізде 5,6 мыңнан астам студент діни білім алып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Қазақстанда дін саласының мамандарын даярлайтын 15 теологиялық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында 5,6 мыңнан астам студент білім алып жатыр, — делінген комитеттің агенттік сауалына берген жауабында.
Дін саласындағы уәкілетті орган Қазақстан аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің және діни білім беру ұйымдарының қызметін өз құзыреті шегінде зерделеп, талдау жүргізеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер өз жарғыларына сай діни қызметшілерді даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын діни білім беру ұйымдарын құруға құқылы.
— Қазіргі таңда Қазақстанда дін саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған 15 теологиялық оқу орны бар. Оның 13-і исламдық бағытта, екеуі христиандық бағытта білім береді, — деп атап өтеді ведомстводан.
Комитет мәліметінше исламдық бағыттағы оқу орындарының қатарында «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университеті, 9 медресе-колледж, Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы Ислам институты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру республикалық ислам институты және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Имамдардың біліктілігін арттыру республикалық ислам институты бар.
Ал христиандық бағыттағы діни білім беру жүйесінде Алматы православие діни семинариясы және Қарағандыдағы «Мәриям — Шіркеу Анасы» Епархияаралық жоғары рухани семинариясы жұмыс істейді. Аталған білім беру ұйымдарында теологиялық және діни кадрларды даярлау жүзеге асырылады.
Уәкілетті органның мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында өзге діни білім беру ұйымын ашуға қатысты тіркелген өтінімдер жоқ.
Пікірлер