Қазақстанда қысқы маусымға 1,6 мыңнан астам жол техникасы дайындалды. Ал жолдарды көктайғақтан тазартуға арналған материал қоры әзірге жартысына жуық қалыптастырылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Суық мезгілге жол қызметтерінің дайындығы туралы «ҚАЖсервис» ЖШС бас директоры Марат Сүлейменов мәлімдеді.
Айтуынша, құм, тұз, көмір және басқа да қажетті материалдарды жинау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қолда бар қор келесі жылдың наурыз айының соңына дейін, яғни бүкіл қысқы маусымға жетуге есептелген. Дегенмен өңірлердегі жағдай әртүрлі. Кейбір облыстарда жекелеген материалдарға, соның ішінде көмірге қажеттілік жоқ.
Марат Сүлейменов Қостанай облысын мысалға келтірді.
Мәселен, Қостанай облысында құм мен тұз жеткізушілермен келісімшарттар жасалған. Сондықтан облыс қысқы маусымның басталуына толық дайын. Біз 31 желтоқсанға дейін сенімді жұмыс істей аламыз. Жаңа жыл басталған соң 2027 жылғы бюджет есебінен сатып алуды жоспарлап, қажетті материалдарды қосымша аламыз, – деді компания басшысы баспасөз турында берген сұхбатында.
Ол арнайы техниканың әзірлігіне де тоқталды. Қыста жолдарды күтіп ұстауға жұмылдырылатын 1 830 техниканың 1 615-і жұмысқа толық дайын. Өңірлер бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 97–98 пайызды құрайды. Өндірістік базалардың да басым бөлігі қысқа әзірленген.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде арнайы техниканың жекелеген түрлері жетіспейді. Компания сатып алу рәсімдері аяқталғаннан кейін қосымша қажеттіліктің 70–80 пайызын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Пікірлер