Өскемендегі Жекпе-жек сарайында Қазақстан чемпионатының Ұлттық лига командалары арасындағы жаңа маусымының алғашқы ойыны өтті. Өскемендік «Берел» мен алматылық «Буревестник» өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сенбінің кешінде қалалықтар мен шаһар қонақтары қызықты матч куәсі болуға асығып, сүйікті командасына қолдау көрсетуге барды. Биыл «Берел» клубында жаңалық көп. Бас бапкер тағайындалып, жанына тәжірибелі мамандар топтасты. Түркияның мықты ұжымдарында еңбектенген жаттықтырушы Халук Кормаз жуықта ғана маусым алдындағы жиын өткізіп, жоспарды тағы бір талқылады. Ұжымдағы тәртіп мен оң атмосфераны сақтап, жоғары нәтиже көрсетуге барын салуға келісті. Халук Коркмаз ойын алдындағы сұхбатында жас ойыншыларға да иек артып отырғаның жасырмады.
– Жастар қарқын алса дейміз. Биыл бізде еуропалық бәсекелерде сәтті өнер көрсеткен диагональды шабуылшы мен орталық тосқауылшы бар. Олар командаға енді қосылады. Өз басым командаға жаңа эмоциялар сыйлағым келеді, – деді ол.
Айтпақшы, осыған дейін талдықорғандық «Жетісу» сапында біршама биікті бағындырған өскемендік Кристина Аниконова биыл «Берел» ұжымына қайта оралды. Одан бөлек, волейболшы арулардың дене дайындығы жұмысына жауапты ретінде италиялық маман шақырылған. Қысқасы, осы секілді оңды хабар көп клубта. Енді бүгінгі ойын нәтижесіне тоқталайық.
Жекпе-жек сарайына адам мол жиналды. Ересектерден гөрі жастар мен оқушылар қарасы қалың. Қолдарында бір-бір плакат. Бәрі «Берел» үшін тақым қысты. Ойын тамашалау тегін болды. Жан-жақты қиқуға басып, волейболшыларға жігер берді. Кешкі сағат 18:00-де басталған ойын ұзаққа созылмады. Бір сағаттан сәл асқанда тәмамдалып, өскемендік клуб жеңісімен аяқталды. «Берел» бұрымдылары үш сетте де (25:16, 25:17, 25:16) айқын басымдық танытты. Татьяна Яцкив пен Инна Крук әр аймаққа шегелей қадап, қарсылас тосқауылын бұзып жатты. Оларға сәтті пас шығарған Ольга Скрипак команда ойынын ширатып, бірқалыпты қарқынды ұстап тұруға сүбелі үлес қосты. Ал алаңға алма-кезек алмасып шыққан Амина Қырықбаева мен Томирис Сағымбаева либеро ретіндегі міндетін мінсіз атқарып, жойқын соққыларды қайтарып отырды.
«Берел» ертең де «Буревестникпен» ойнайды. Матч сағат 18:00-де.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер