A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 14:45 0

Самарлық спортшы Әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралды

Бүгін / Самар / Басты / Спорт

Жерлесіміз Руслан Кончубаев Иорданияның Амман қаласында өткен күрес түрлерінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ол 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, 46-50 жас аралығындағы балуандар арасында үздіктер қатарынан көрінді.
Дүниежүзінің әр түкпірінен жиналған қатысушылар арасында сынға түскен Руслан Кончубаев жүлделі орын үшін екі белдесу өткізген.
Спортшының айтуынша, ширек финалда бурят (Ресей) балуанымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түскен. Алайда соңғы әдісті қарсыласы жасағандықтан, жеңіс сусып кетті. Кейін оның қарсыласы финалға жолдама алып, самарлық спортшыға қола медаль үшін күресуге жол ашылды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Руслан Кончубаев Ирак мықтысымен кездесіп, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Кездесу барысында қарсылас бапкері төрешілер шешіміне шағым түсіріп, белдесу ұзаққа созылған. 
– Үшінші орын үшін болған белдесу оңайға соқпады. Ирак балуанымен 11 минуттай күрестік. Қарсылас жақтың бапкері шағым түсірген сәттер де болды. Соған қарамастан, жүлдеге деген ниетім мен жеңіске деген талпынысым ерекше болды, – дейді спортшы.
Оның сөзінше, медаль үшін белдесу кезінде бапкерлерінің қамшылап, жігерлендіруі де оң әсер етті. Ол бұл сайысқа екі ай дайындалған. Спортшы осы кезеңде оған қолдау көрсеткен барлығына алғысын білдірді.
– Нұрболат бауырыма ерекше рахмет. Маған қолдау көрсетіп, жаттығатын жерімді дайындап берді. Нұрбек бауырыма да алғыс айтамын. Жаттығуыма мүмкіндік жасап, залға шақырды. Соңғы үш аптада интернатта кәсіпқой балуандармен бірге әзірлік жүргіздім. Дайындығым өте жақсы өтті, – дейді ол.

 
Қазір Руслан Кончубаев 50 жаста. Оның спортпен жүйелі түрде айналысқанына он жыл болды. Сөзінше, кез келген жаста спорттық бабын сақтап, нәтижеге жету үшін ең алдымен табандылық пен мақсатқа деген ұмтылыс қажет.
– Ең бастысы – ерінбеу керек. Алдыңа мақсат қойып, соған жетуге тырысу қажет. Қазақтың әр баласы чемпион бола алады. Үшінші орын алған сәтте мақтаныштан гөрі, маңдай термен атқарған еңбегімнің ақталғанына қуандым. Жаттықтырушыларымның айтқанын орындап, нәтижеге жеттім, – дейді балуан.
Айта кетейік, Руслан Кончубаев өткен жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында тәжірибенің жеткіліксіздігінен алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалған еді. Алайда ол бұл сәтсіздіктен сабақ алып, дайындыққа тыңғылықты көңіл бөлді. Арада бір жыл өткенде әлемдік додада қола жүлдеге қол жеткізіп, елге оралып отыр.

Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосуреттер: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив