A+ A A-

talgatzhan 37 Бүгін, 15:10 0

ШҚО-да миллиардтаған төлем тоқтады: мемлекеттік аудиторлар нені тексеріп жатыр?

Бүгін / ШҚО

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап елде мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне камералдық бақылау жүргізудің жаңа тетігі іске қосылды. Алайда бұл жаңашылдық облыстағы мердігерлерге төлем жасауды қиындатып, құрылыс саласындағы есеп айырысуға әсер еткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Тақырып облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңсесінде талқыланды. Өңір бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мәліметінше, жаңа тетік іске қосылғалы 63 млрд теңгеге бағаланған 585 акт қаралды. Нәтижесінде жалпы сомасы 35,5 млрд теңгеге 267 хабарлама тіркелген. Бұл мердігерлердің еңбекақы төлеуіне, құрылыс материалдарын сатып алуға және басқа да шығынды өтеуге әсер етуі мүмкін.
Аудиторлар мұндай бақылаудың қажеттігін осыған дейін анықтаған заңбұзушылықтармен түсіндіреді. 2024 жылы 318,6 млн, 2025 жылы 879,9 млн және осы жылдың толық емес кезеңі бойынша 69,4 млн теңгенің орындалған жұмыс актілерінде артық көрсетілімдер анықталған.
Департамент өкілдерінің айтуынша, камералдық бақылау 1-5 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сондықтан тапсырыс берушілер келісімшартта 30 күндік мерзімде төлем жасап үлгеруі тиіс.
Бірақ кәсіпкерлер мен құрылыс саласы өкілдері іс жүзінде бұл жағдай ұзаққа созылатынын айтады. Алғашқы тексеруден соң ескертулерді түзетуге, қосымша құжат жинап, қайта қарауға уақыт қажет. Салдарынан орындалған жұмысқа төлем алу уақыты ұзаруы мүмкін.
Аталған жағдай мердігерлердің қаржылық тұрақтылығына да әсер етеді. Кәсіпорындар жұмысшыларға жалақы төлеу, құрылыс материалдарын сатып алумен қатар несие міндеттемелерін өтеу кезінде қиындықтарға тап болуы ықтимал.
Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік тапсырыс берушілер де төлемнің кешігуіне алаңдаушылық білдірді. Себебі қаржының уақтылы игерілмеуі бюджет қаражатын игеру көрсеткішіне кері әсер етуі мүмкін.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жангирханованың айтуынша, мемлекттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау маңызды болғанымен, бұл тетік адал кәсіпкерлерге кедергі келтірмеуі керек.
– Мемлекеттік қаражаттың пайдалануын бақылау керек дегенге ешкім күдікпен қарамайды. Алайда бақылау түсінікті әрі объективті болуы қажет. Егер жұмыс орындалып, тапсырыс беруші оны қабылдап, құжатпен растаса, мердігер төлемді уақтылы алуы тиіс, – деді ол.
Бұған қоса, жиында бақылау тетігін қолдануда туындаған бірқатар мәселен талқыланды. Кәсіпкерлер пікірінше, орындалған жұмыс үшін төлемнің дер кезінде жүргізілуі құрылыс саласының тұрақты жұымысы мен бюджет қаражатының игерілуі үшін маңызды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив