Ұлттық экономика министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату әкімдердің және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар министрлік мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жергілікті атқарушы органдардың да жұмысы тоқтайды дегенді білдірмейді деп түсіндірді.
— Мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату әкімдер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін тоқтатуға негіз болмайды. Олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз міндеттерін атқаруды жалғастырды. Осылайша, басқару жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі және тиісті аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты күнделікті мәселелердің шешілуі қамтамасыз етіледі, — деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 25-бабына сәйкес, мәслихат депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, жаңа құрам сайланған жағдайда да мәслихат аппаратының қызметкерлері өз жұмысын жалғастырады.
Ведомство мәліметінше, Ұлттық экономика министрлігі өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырады. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін де қамтиды.
Ал мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және оны тікелей өткізу міндеті Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссияларына жүктелген.
Осыған байланысты министрлік кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша әкімдіктерге арнайы ұсынымдар немесе қосымша түсіндірмелер жіберудің қажеті жоқ екенін айтты.
Пікірлер