Үкімет көшіп келушілердің Қазақстанға келуі және болуы, елден кетуі мен көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті қаулы жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаулыда көрсетілгендей, Ішкі істер органдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісімімен электронды рұқсатты береді. Құжат цифрлық платформа арқылы тегін ресімделеді. Шетел азаматтары жоспарланған сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын өтінім жолдап, сәйкестендіру немесе аутентификация рәсімінен өтуі тиіс.
Электронды рұқсат 180 күнге беріледі. Шетел азаматтары шекарадан өтер кезде төлқұжатын немесе жеке куәлігін көрсетуі қажет. Электронды рұқсат "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесінде тексеріледі. Бұл ретте электронды рұқсат берудің кезең-кезеңімен енгізілетінін айта кеткен жөн.
2026 жылғы 1 қарашадан бастап – ҚР Мемлекеттік шекарасындағы мынадай өткізу пункттерінде: Ақтау халықаралық әуежайында, "Үрлітөбе" автомобиль өткізу пунктінде (Павлодар облысы), "Ауқатты" автомобиль өткізу пунктінде (Жамбыл облысы), "Атамекен" автомобиль өткізу пунктінде (Түркістан облысы) және "Нұрлы Жол" автомобиль өткізу пунктінде (Жетісу облысы), көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – ҚР Мемлекеттік шекарасында: Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында, көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
2027 жылғы 1 наурыздан бастап – ҚР Мемлекеттік шекарасындағы қалған барлық өткізу пункттері арқылы кіру кезінде электрондық рұқсаттың болуын талап ету, бұл ретте көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, оған электрондық рұқсатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап – кіруге электрондық рұқсаттың міндеттілігін енгізу, оның болмауы көшіп келушіні елге кіргізуден бас тартуға негіз болады.
Пікірлер