Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрылыс 2024 жылдың қыркүйегінде басталған еді. Мердігер – «СМУ Шығыс» ЖШС. Жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, аурулардың алдын алуға бағытталған.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, амбулатория қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Ғимараттың орталық бөлігінде тіркеу орны, гардероб, дәріхана пункті және дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеті орналасқан.
Сол жақ бөлігінде әкімшілік пен медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер, емшара кабинеттері, балаларды қабылдау және егу кабинеттері қарастырылған. Ал оң жақ бөлігінде жалпы практика дәрігерлері мен бейінді мамандар кабинеттері, сондай-ақ зертхана бар. Бұдан бөлек, ғимаратта күндізгі стационар, физиотерапия және емшара кабинеттері жабдықталған.
Оған қоса, амбулаторияда келушілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және медицина қызметкерлеріне арналған санитарлық тораптар бар.
Жаңа нысан ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Пікірлер