18 қазанда Алматы-Астана бағытындағы рейс кезінде үш жолаушының денсаулығы сыр беріп, медициналық көмекке мұқтаж болды, деп хабарлайды Вuqara.kz сайтының тілшісі.
Оларға өңірге белгілі, тәжірибелі дәрігер Рая Рахимова көмек көрсетті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жолаушылардың бірінің қан қысымы көтерілген. Жақында бүйрек трансплантациясын жасатқан жас қыз басының ауыратынын, аяқтарының ісінгенін айтқан. Ал тағы бір әйел әлсіздік сезініп, қан қысымының төмендегеніне шағымданған. Дәрігер Рая Жанғалиқызы жолаушыларды тексеріп, олардың денсаулық көрсеткіштерін бақылаған. Әсіресе, жас қыздың жағдайына ерекше назар аударып, медициналық құжаттарымен танысқан. Сонымен қатар жолаушыларға психологиялық қолдау көрсеткен.
– Рая Жанғалиқызы жолаушыларды тексеріп, ұшу барысында олардың жағдайын бақылауда ұстады. Дәрігер балаға ерекше көңіл бөліп, медициналық құжаттарын қарап, психологиялық қолдау көрсетті, – деді басқарманың баспасөз қызметіндегілер.
Астанаға қонғанда үш жолаушының да жағдайы жақсарған. Ұшақ қонған соң олар дәрігерге көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, аймақта Рая Рахимова денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан білікті маман ретінде танымал. Оның кәсіби жолында Ана мен бала орталығының орны ерекше. Ол аталған орталықты басқарып, ұжыммен бірге сәбилер денсаулығына қамқорлық жасаған. Дәрігердің көпжылдық тәжірибесі хирургия, урология және акушерлік салаларын қамтиды. Қазір Рая Жанғалиқызы медицина саласындағы қызметін жалғастырып, Өскемен қаласындағы Vita-1 клиникасының бас дәрігері қызметін атқарады.
Пікірлер