A+ A A-

talgatzhan 20 Бүгін, 19:35 0

ШҚО-да Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық футбол турнирі өтті

Бүгін / ШҚО / Спорт

Өскемендегі «Восток» стадионында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған әуесқой командалар арасындағы IV ашық республикалық футбол турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.


Үш күнге созылған жарысқа елдің әр өңірінен 16 команда қатысып, жеңіс жолында бақ сынасты. Турнир спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, көрнекті тұлғаның есімін ұлықтап, оның ел алдындағы еңбегіне құрмет көрсетуге мүмкіндік берді. Жасыл алаңда бас қосқан командалар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, көрерменге әсерлі сәттер мен қызықты кездесулер сыйлады.


Жарыстың жабылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, марқұмның жұбайы Қалдығайша Зейноллақызы мен шәкірттері қатысты. Өңір басшысы турнирдің маңызына тоқталып, қатысушыларға алғыс білдірді.


- Бүгін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кәсібилік пен адалдықты басты қағидат етуіміз керектігін әрдайым атап өтеді. Бұл қасиеттер Бердібек Машбекұлының бойынан табылған еді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған жарысқа қатысқан барша спортшыға алғыс айтамын! Мұндай додалар салауатты өмір салтын насихаттап, жастар мен балалардың спортқа бет бұруына жол ашады. Бүгінде облысымызда 1600-ден астам спорт нысаны бар. Өңір тұрғындарының 45 пайызы осы нысандарда спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтып келеді, - деді аймақ басшысы.


Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Жетісу облысының Алакөл ауданынан келген «Барыс» командасы турнир жеңімпазы атанды. Семей қаласының «AQSUAT-ASSYLTAS» командасы екінші орын иеленсе, Түркістан өңірінің «Түркістан» командасы үздік үштікті түйіндеді.Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медальдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, бірінші орын алған командаға 1 миллион теңге, екінші орын иегеріне 500 мың теңге, ал үшінші орынға 300 мың теңге берілді. Сондай-ақ бірнеше номинация бойынша үздік деп танылғандар жеке марапатталды.


Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив