A+ A A-

talgatzhan 54 21-11-2024, 15:15 0

Облыс медицинасында қаңдай өзгерістер бар?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласы - өңірдегі басым бағыттардың бірі. Облыста жалпы 382 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның 320-сы мемлекеттік болса, 62-сі жеке меншік. Ал былтыр 16 мемлекеттік ауруханада 2014,9 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халық денсаулығын жақсарту үшін тағы қаңдай шаралардың жүзеге асырылып жатқаны туралы Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасынан сұрап көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 


Ауру саны азаймай тұр

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Капанованың айтуынша, биыл өңірде қанайналым жүйесі аурулары мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші, қант диабетіне шалдыққандар саны төмендеді. Алайда туберкулезден болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітім жағдайы артты. Бұған дейін облыста туберкулезге шалдыққандар саны 3,6%-ға (225 адам) өскендігі айтылған еді. Ал былтыр бұл дертпен 218 адам ауырған. Әсіресе, Алтай, Самар, Глубокое, Күршім аудандары мен Өскеменде науқастар саны әлдеқайда көп екен. Сондай-ақ мамандар балалар арасындағы мәселеге де назар аударды. Анықталғандай, облыста туберкулезбен ауырған балалар саны 12-ге жетсе, былтыр 9 бала болған. Ал 0-14 жас аралығындағы топта жеті жағдай тіркелген. Оның алтауы Өскеменде, біреуі Ұлан ауданында.

 

Мамандар жеткілікті ме?

Облыстық денсаулық сақтау жүйесінде 10 842 ақ халатты жан жұмыс істейді. Анығырақ айтқанда, 3021 дәрігер мен 7821 орта медицина қызметкер. Дегенмен, осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша медициналық мекемелерге әлі 151 маман жетіспейді. Әсіресе ауылдарда орналасқан ауруханаларға 75 адам қажет. Қалалар мен аудандар бойынша да кадр тапшылығы байқалады: Өскемен - 51, Риддер - 10, Серебрянск - 15, Алтай ауданы - 29, Шемонаиха ауданы - 10, Глубокое ауданы - 6, Катонқарағай - 3, Үлкен Нарын ауданы - 5, Самар ауданы - 5, Ұлан, Тарбағатай ауданы - 7, Марқакөл ауданы - 3. 

Айнаш Капанованың сөзінше, бүгінгі таңда кадрмен қамтамасыз ету үшін 21 резидент медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен оқуын жалғастыруда. Былтыр Семей медицина университетінде жергілікті бюджет есебінен резидентурада мамандарды оқыту басталды. Қазір 46 дәрігер білім алып жатыр. Биыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тағы 118 квотаға өтінім ұсынды.

Сондай-ақ 2024 жылы шалғай елдімекендерде 28 жас дәрігер жұмысқа орналасты. Мәселен, Тарбағатай аудандық ауруханасында енді жалпы практика дәрігері, анестезиолог-реаниматолог және стоматолог науқастарды қабылдайтын болады. 

Жас мамандар үшін жаңа жерге орнығуға қолдау да бар. Мысалы, аудандық ауруханаға келген дәрігер үшін 2500 АЕК (9 миллион 230 мың теңге), ал ауылға ауысқандар үшін 2000 АЕК (7 миллион 240 мың теңге) пен 100 АЕК (369 200 мың теңге) мөлшерінде әлеуметтік пакет қарастырылған. Ауылға келген аса тапшы мамандарға заң шеңберінде ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшері көлемінде (8 миллион 500 мың теңге) біржолғы ақшалай төлем беріледі. Облыс әкімінің қаулысымен тапшы мамандықтардың тізбесі бекітілді. Бүгінгі таңда шалғай елдікмекендерге жіберілген 15 маманға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді (Глубокое ауданы - 5, Зайсан ауданы - 1, Ұлан ауданы - 2, Алтай ауданы - 1, Үлкен Нарын ауданы - 2, Күршім ауданы - 1, Шемонаиха ауданы - 1, Тарбағатай ауданы - 2). Ал Алтай ауданы мен Риддер қаласына келген мамандарға 1 миллион теңге көлемінде қаражат беріледі. Серебрянск қаласындағы дәрігерлерге демеушілік көмек есебінен 2 000 000 теңге ұсынылады екен. 

Сондай-ақ бүгінгі күні өңір дәрігерлернің біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік мамандарды шақырып, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып жатыр. 

 

Жаңа нысандар бой көтереді

Биыл облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде бірқатар медициналық нысанның ашылуы жоспарда тұр. Атап айтқанда, Глубокое ауданындағы Секисовка, Бобровка, Верх-Березовка ауылдары мен  Алтай ауданының Тұрғысын, Октябрьский ауылдарында бес дәрігерлік амбулатория іске қосылмақ. Сондай-ақ Глубокоедегі Уварово ауылы мен Зайсандағы Жарсу ауылында 2 фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа беріледі. Ал Катонқарағай ауданындағы Майемер, Барлық, Глубокое ауданындағы Белокаменка, Зайсандағы Жаңатұрмыс, Сарыжыра, Тарбағатай ауданындағы Жамбыл, Байтоғас пен Ұлан ауданындағы Тройницкое ауылдарында жаңа медициналық пункт ашылады. 

Естеріңізге сала кетейік, қазан айының аяғында Тарбағатайдағы Асаусай ауылында да медициналық пункт ашылды. Оның құрылысын биыл мамыр айында мердігер «KAZPROFSTROY HOLDING» ЖШС бастаған еді. Енді Асусай ауылының 256 тұрғыны екпенің барлық түрлерін аудандық емханаға бармай-ақ ала алады. Мекемеде 34 жылдық еңбек өтілі бар медбике жұмыс істейді. 

Ал қараша айының басында Алтай ауданының Феклистовка ауылында жалпы ауданы 195,3 шаршы метрді құрайтын жаңа медициналық пункт салынды. Шараның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтаған еді. Бұл пункт алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ауыл тұрғындарына қолжетімді етіп, скринингтік бағдарламалармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Ал балалар үшін екпе алу мүмкіндігі туды. Аталған ғимарат барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған.

Айта кетейік, Өскемендегі Ана мен бала орталығының ескі ғимараты да жөндеуден өтеді. Жоба аясында ғимаратты перзентхана етіп қайта құру және жабдықтау жоспарлануда. ЖМК (КШТ) ауданындағы Өтепов көшесінде орналасқан орталық 1986 жылы салынған. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 38 жылдан бері ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір орталық іші бос тұр, ал үшінші және төртінші қабатты жеке меншік иелері жалға алған.

Анықталғандай, жоба құны 3 миллиард 756 миллион теңгені құрайды. Ол облыстық бюджеттен қаржыландырылады. 2024 жылдың төртінші тоқсанында аталған қаржының 300 миллион теңгесі бөлінді. Жөндеу жұмыстарын «DK Build» ЖШС іске асыруда. Олар нысанды келесі жылдың 25 қарашасына дейін тапсыруды көздеп отыр. Жөндеуден кейін ғимаратта перзентхана мен ота, жансақтау бөлімдері ашылады.

 

Құрал-жабдық жаңартылуда

Облыста соңғы 5 жылдың ішінде науқастарды емдеуге арналған талай құрал-жабдық сатып алынған. Осылайша, 2020 жылы бүкіл әлемді індет жаулағанда короновирус инфекциясы және босандыру бөлімшелері 10 426 117,5 мың теңге сомасына жарақтандырылған еді. 2021 жылы босандыру бөлімшелері тағы бір жаңартылып, 11 150 139,3 мың теңгеге PACS жүйесін орнату жүргізілді. Ал 2022 жылы емханалар мен босандыру қызметтері 2 551 759, 7 мың теңге сомасына жарақтандырылды. 2023 жылы облыста 2 компьютерлік томограф сатып алынды. Сондай-ақ босандыру қызметі, реанимация, хирургия, физиотерапия, функционалдық диагностика, көп бейінді ауруханалардың қабылдау бөлімшелеріне жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. Шығынның жалпы көлемі 3 869 732,0 мың теңгені құрады. 

Биыл босандыру мен қанайналым жүйесі аурулары емдеу қызметін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін жарақтандыру жүргізіліп жатыр. 3 218 546,1 мың теңге көлемінде магнитті-резонанстық томограф пен 3 компьютерлік томографты жеткізуге келісім-шарттар жасалды.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Капанованың айтуынша, емханаларды жарақтандыру мұнымен тоқтамайды. Келесі жылы 2 627 323,0 теңгеге босандыру мен қанайналым жүйесі аурулары емдеу қызметін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін жаңартып, ангиограф, компьютерлік томограф, 2 жылжымалы маммографиялық және 2 жылжымалы флюорографиялық кешендерді жарақтандыру жоспарда бар. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Өскемендегі №2 емханада тегін дәрілерді алуға адамдардың таңғы сағат 4-тен кезекке тұрғаны жайлы ақпарат тараған. Соған орай ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан жауап берді. 

-№2 емханада жағдайды реттеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «Әлеуметтік әмиян» сияқты инновациялық әдістердің арқасында халыққа тегін дәрі-дәрмекті беру процесі жылдамдады. Бірақ қарт адамдар осы цифрлық мүмкіндікке енді ғана бейімделіп, пайдасын түсіне бастады, - деп хабарлады басқармадан.

Ведомство дерегінше, емханадағы әлеуметтік қызметкерлер өз бетімен қозғала алмайтын науқастар мен 80 жастан асқан жалғызілікті жандардың үйлеріне қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізіп, ауқымды жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ Жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік қызметкерлері де өз қамқорлығындағыларға дәрі-дәрмекті жеткізіп отырады. 

-Қазір №2 емхананың арнайы колл-орталығы жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмек сатып алуға өтініштерді мына телефондар бойынша айтуға мүмкіндік бар: +7 (7232) 48-91-55, +7 (778) 003-70-49. Емхананың науқастарды қолдау қызметінің бүгінгі мониторингі тегін дәрі-дәрмек алатын жалпы халықтың 75 пайызын қарт адамдар құрайтынын көрсетті. Дәрі алуға кезектің қалыптасуына осы себеп болып отыр. Әлеуметтік әмиян аясында бүгінде 80-нен астам адам қажетті дәрі-дәрмектерді алды, - делінген ақпаратта.

Осылайша, басқарма басшысының орынбасары облыста дәрі-дәрмек бойынша тапшылықтың жоқ екенін алға тарты. 

Сонымен қатар медицина саласына инновациялық технологиялар белсенді енгізілуде. Қазіргі уақытта жасанды интеллект көмегімен сканерлеу мүмкіндігі пайда болды. «Медициналық ақпаратты сақтау және өңдеу орталығы» – РАСЅ орталықтандырылған жүйесі де оң жұмыс істеп тұр. Жергілікті желі орнатылып, өңірдің бірнеше медициналық мекемесі қосылған. Биыл аймақта рентгенологиялық, КТ, маммография және МРТ қызметін қоса алғанда 270 мыңнан астам сурет түсірілген. 

2018 жылы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығында минималды инвазивті хирургиялық ота жасауға арналған роботтандырылған хирургиялық жүйе орнатылған. Бұл технология урология, гинекология, абдоминальды хирургия бойынша науқастарға ота жасауда таптырмас құралға айналды. 

Сондай-ақ аймақта орган донорлығы мен трансплантация саласы қарқынды дамып келеді. Естеріңізге сала кетейік, 23 қазан күні Өскемендегі облыстық ауруханада қайтыс болған донордың бірнеше ағзасы басқа науқастарға сәтті ауыстырылған еді. ҚР ДСМ Трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының өкілдері мәлімдегендей, өскемендік 39 жастағы донордың миы өлгені расталған соң туыстары келісім беріп, төрт адамға ағзасы берілді. 

- 1977 жылы туған ер адамның жүрегі, 1962 жылы туған әйелдің өкпесі, 2015 жылы туған бала мен 1966 жылы туған әйелдің бүйрегі ауыстырылды, - деді орталықтағылар. 

Осылайша, кезекте тұрған төрт адам аман қалды.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив