A+ A A-

talgatzhan 59 9-01-2025, 09:20 0

Қоқыс толған қала: Өскеменде қоқыс неге уақтылы шығарылмайды, жаңа полигон салына ма?

Бүгін / Өскемен / Өзекті мәселе

Өскемендегі өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтар. Облыс орталығында жыл сайын шамамен 60-70 мың тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Полигондағы қалдықтың 30%-ын азық-түлік өнімдері құрайды. Қазіргі таңда қалада қоқысты жинап, тасымалдаумен айналысатын екі ірі компания бар. Олар – «Өскемен СпецКоммунТранс» ЖШС және «Өскемен-Тазалық» ЖШС. Дегенмен тұрғындар арасында қоқыстың тұрғын үй аумағынан уақтылы шығарылмайтыны, тұрмыстық заттар мен жиһаздар, құрылыс материалдарының үйінді боп жататыны туралы шағымдарды жиі естиміз. Әлеуметтік желіде де түрлі пікірлер жарияланып жатады. Ал келесі жылдан бастап аталған қызметтің құны қымбаттайды деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.





Тұрғындардың талабы мен тілегі

Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, контейнерлерде тау боп үйіліп тұрған қоқыстың фотосуреттерін жиі байқайсыз. Онда ашынған халықтың шағымы да жазылған. Себебі уақтылы шығарылмаған қоқыс жағымсыз иіс тудырып, аула тазалығына кері әсер етеді. Ал қыста қаңғыған иттер тамақ қалдықтары үшін үй маңайын торуылдап жүреді. Бұл тұрғындарға да қауіп төндіретіні анық. Мәселен, барлығы бірдей қолданатын 2GIS қосымшасына үңілсек, қоқыс шығаруға жауапты кәсіпорын тарапына жолданған мынадай пікірлерді кездестіруге болады: «Юбилейная көшесіндегі 1-11 үй арасында тек контейнердегі қоқысты шығарады, ал маңайын жинамайды. Онда не үшін ақша төлеп отырмыз?» дейді Олеся Шимолина. Бульвар Гагарин көшесінің тұрғыны Айнұр Кенжебекова былай деп жазған: «Біздің аула нағыз жуындыға айналды. Қоқыстың иісінен тыныс алу мүмкін емес. Контейнерге қарама-қарсы балалар алаңы орналасқан. Үйдің терезесін ашса, бірден жағымсыз иіс сіңіп кетеді». Ал Аяулым Қумашова есімді тағы бір қала тұрғынының айтуынша, компания төлем парағын дұрыс есептемейтін көрінеді. «Қарызды қалай санайтынын түсінбеймін. Қанша жылдан бері тек өзім үшін төлеп келдім. Енді 4 адам үшін 24 000 теңге көлемінде түбіртек келіп тұр. Бақылаушыға хабарлассам, растайтын құжаттарды алып келуімді талап етті. Бұл недеген бассыздық?» дейді ол. Әлеуметтік желілерде де бірі компания қызметкерлінің дөрекілігін айтып жатса, енді бірі төлемнің дұрыс жүргізілмейтінін жеткізді. Алайда азаматтар арасында оң пікір танытқандар да бар. Барлығының басты тілегі – қоқыстың уақтылы шығарылып, аула тазалығының сақталуы.

Тариф көтеріле ме?

2022 жылы облыс орталығында жаңа тариф бекітілген еді. Қазіргі таңда төлем жарнасы көпқабатты тұрғын үй үшін 431 теңгені, ал жеке сектор үшін 409 теңгені құрайды. Бұл – жан басына шаққандағы сома. Өскемен қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Серік Оразбайұлының сөзінше, бұл баға келесі жылы тағы да көтеріледі деп жоспарланып отыр. Осылайша, қоқыс шығару құны 757 және 718 теңге болып бекітілмек.

- Өздеріңіз білетіндей, Өскемен бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау және көмумен айналысатын екі кәсіпорын бар. Олардың айтуынша, биыл жанармай, қажет құрал-жабдықтар бағасы қымбаттаған. Компания қызметкерлеріне төленетін еңбекақы мәселесі тағы бар. Сол себепті қоғамдық кеңеске тарифті көтеру туралы ұсыныс түсті. Бұл мәселе жан-жақты зерттелген соң мәслихатта талқыланады. Кейін қоғамдық тыңдау өткізіліп, халыққа барлығы түсіндіріледі, - деді ол.

Сондай-ақ Серік Оразбайұлы кәсіпорын қызметі туралы шағымдардың бар екенін де жоққа шығармады.

- Кәсіпорындар тарапынан кемшіліктер кездеседі. Тұрғындар қоқыстың уақтылы шығарылмайтынын айтып жатады. Осы ретте ескере кететін бірнеше жағдай бар. Біріншіден, контейнерлер 5 жылда бір мәрте ауыстырылу керек, ал оның айналасы 5 метрге дейін таза болуы тиіс. Қоқыс жәшігі аптасына бір рет дизенфекциялануы қажет. Екіншіден, қоқыс жәшігінің қасында ірі тұрмыстық заттар мен жиһаздар үйіліп жатады. Ал оны ешкім шығармайды. Себебі тарифте қарастырылмаған. Мүлік иелерінің бірлестігі де (МИБ) оған назар аудармай жатады. Сол үшін қала әкімдігі мен кәсіпорындар меморандумға қол қоймақшы. Осылайша, олар ауыр салмақты қоқысты шығаруды мойнына алмақ. Компания өкілдері оны әр квартал сайын жүзеге асырмақшы. Бірақ бұл уақыт ішінде талай дүние жиналып қалады ғой. Қоғамдық кеңесте ірі габаритті қоқысты айына екі рет шығару туралы ұсынысты әкімдікке жолдадық. Қалған қоқыс түрі күн сайын шығарылып тұру керек. Ондай болмағанда диспетчерге немесе МИБ-ке хабарласуға болады, - деді Серік Оразбайұлы.

Ол тағы бір мәселені атап өтті. Анықталғандай, кәсіпорынмен келісімшарт жасаған кезде көптеген үй иесі тұрғындар санын азайтып көрсетеді. Мәселен, 5 адам тұратын үйден тек 2 адам көрсетілуі мүмкін. Осылайша, төлем құны да азаяды. Оның үстіне келісімшартқа қол қоймаған азаматтар саны да жетерлік.

Қала тұрғындарын мазалайтын тағы бір сұрақ – тариф көтерілсе де, қызмет сапасының сол күйі қалуы. Осы тұста «Өскемен-Тазалық» ЖШС-не хабарласып, қаланы қоқыстан тазарту жұмысының қалай жүріп жатқанын сұрап көрдік. Кәсіпорын қызметкері Нагзүл Сейтенгазинаның айтуынша, қазір қажет техниканың барлығы жаңартылып жатыр.

- Осыдан екі жыл бұрын тариф құны артқанда 2 техника мен 1 трактор сатып алынып, 300 қоқыс контейнері әкелінген еді. Биыл тағы 2 техниканы Алматыдан күтіп отырмыз. Болашақта пластик контейнерлердің санын арттыру жоспарланған. Барлығы компанияның жеке қаражатына алынады. Ал азаматтар тарапынан тек салмағы ауыр қоқыс пен құрылыс материалдарын шығару туралы шағымдар түседі. Бірақ бізде ондай мүмкіндік қарастырылмаған, - деді ол.

Жаңа полигон қажет

Қазір қаладағы қоқыстың барлығы 1957 жылы салынған полигонға төгілуде. Бұл жер 2020 жылы жабылуы тиіс еді. Алайда басқа жердің жоқтығынан ол өз жұмысын жалғастырып отыр. Бүгінгі таңда онда 7 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналды. Жобалық құжаты да жоқ полигон қалаға жақын орналасқан. Биылдың өзінде 4 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өз кезегінде облыс орталығының экологиялық жағдайын қиындатуда.

Жаңа полигон салу туралы бастама осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Ал 2022 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкімен нысанды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау туралы келісімшарт жасалды. Бірақ жоба құны қымбат болғандықтан, жұмыс тоқтатылды. Жаңа полигонның қай жерге салынатынын шешу біраз қиындық тудырды.

Бастапқыда құрылыс нысаны ретінде Шешек асуының маңы белгіленген еді. Бірақ бұл тұрғындардың наразылығын тудырды. Кейін Ұлан ауданында қоқыс полигоны үшін жер бөлінді. Алайда ол да белгілі бір себептерге байланысты тиімсіз болып шықты.

- Бас жоспар бойынша қала Ұлан ауданына қарай кеңейіп, алдағы 5 жылда қосылуы мүмкін. Оның үстіне аталған учаскеде жол жоқ. 6 шақырым жол мен қалған инфрақұрылымды салуға кететін қаражат көлемі полигон құнынан да асып кетеді. Оған қоса қоқыс сұрыптайтын зауытқа дейінгі қашықтық 25 шақырымды құрайды. Мұндай жағдайда қоқысты қаланың орталық көшелерімен тасымалдауға тура келеді. Бұл бір жағынан оғаш көрінсе, екінші жағынан қоқыс тасымалдайтын көліктерден сұйықтық ағып кетуі мүмкін. Сондай-ақ полигондағы жағымсыз иіс ЖМК ауданы мен Куленов кентіне дейін тарап кетуі ықимал, - деді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.

Сол себепті Глубокое ауданындағы Уварово ауылының маңында полигон салу нұсқасы қарастырылған еді. Бірақ ол әуежайға жақын орналасқан. Ал ережеге сүйенсек, әуежайдан 12 шақырым радиуста полигон орналастыруға тыйым салынған. Ол ұшақ қоғалысына кедергі келтіреді.

Қазіргі таңда қолайлы нұсқа ретінде Глубокое ауданындағы Ушанов ауылы таңдалды. Қоқыс сұрыптау зауыты ауылдан 12 шақырым жерде орналасқандықтан, тұрмыстық қалдықтар еш қиындықсыз жеткізілетін болады. Анықталғандай, Ушанов ауылындағы учаскені жеке тұлға 49 жылға жалға алған. Қазір жер телімін қайтару процесі жүріп жатыр.

Жаңа полигонды салу туралы мәселені жуырда облыс әкімі Ермек Көшербаев тағы бір мәрте атап өткен еді. Ол бұл міндетті Өскеменнің жаңа басшысы Алмат Ақышовқа тапсырды.

- Өскеменге заманауи технологиялармен салынған жаңа полигон қажет. Сондай-ақ оның жанынан қоқыс өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Полигонның қай жерде бой көтеретінін анықтап, инвестор тартуға көңіл бөлу керек, - деді аймақ басшысы.

Жаңа полигон техно-экопарк ретінде жұмыс істейді деп болжануда. Мұндай нысанды салу үшін 5 млрд теңгеден 80 млрд теңгеге дейін қаражат қарастырылуы мүмкін. Бұл соманы тек инвестор төлей ме, әлде мемлекет тарапынан қаржы бөліне ме, әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоқыстың морфологиялық құрамын анықтайтын зерттеуге тапсырыс берді. Нәтижесінде шыны, пластик, металл немесе қағаздың ішінде қайсының басым екені белгілі болады. Соңғы рет мұндай талдау 2011 жылы жүргізілген екен.

- Содан бері бірқатар өнімнің қаптамасы өзгерді. Өндірушілер пластик пен картонның басқа да түрлерін қолдана бастады. Зерттеу қорытындысы жақында шығады. Осылайша, қоқыстың қай түрін қайта өңдеп, қандай өнім ала алатынымызды білетін боламыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.

Өскеменде жыл сайын шамамен 60-70 мың тонна қоқыс шығарылады. Сұрыптау зауытының арқасында биыл қалдықтың 15 пайызы басқа қалаларға өңдеуге жіберілді. Мамандардың айтуынша, жоғарыда айтылған мәселенің барлығы жаңа полигон салынған соң толық шешіледі. Ал ескі полигон рекультивациядан өтіп, қалпына келтіріледі.

Экомәдениетті дамыту

Қоқыс мәселесін шешуде әр азаматтың қоршаған ортаны қорғаудағы белсенді әрекеті маңызды рөл ойнайды. Экобелсенді, «Quartz» шыны сұрыптау мен өңдеу кәсіпорнының негізін салушы Людмила Евженкова осыдан 10 жыл бұрын өңірдің экологиялық жай-күйіне мән бере бастаған. Оның айтуынша, бүгінгі күні адамдар арасында экологиялық мәдениет дамып келеді.

- 2014 жылы Бұқтырмадағы жеке үйімізге демалысқа бардық. Күнде дүкенге барар жолда қоқыстың жиі жататынын байқадым. Сөйтіп, бір күні сол қалдықты өз бетімше жинай бастадым. Кейде көршілерім де қосылатын. Осыдан кейін табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түсініп, мақсатты түрде сенбіліктер өткізе бастадым. Қызығушылық танытқандар көп болды. Ол уақытта «волонтер» ұғымын жұрт аса түсіне бермейтін. Әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, тұрғындарға хабарландыру тарата бастадым, - дейді ол.

Людмила Евжекованың бастамасы біртіндеп қолдау тапты. Ал 2023 жылдың қаңтарында ол «Quartz» шыны сұрыптау мен өңдеу кәсібін ашты.

- Екі жыл бұрын қызметімді ауыстырып, экологиялық кәсіппен айналысқым келді. Бизнес жоспар құрдым. Қоқыс материалдарының ішінен шыныны әдейі таңдадым. Несиеге қажет құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бірнеше айдың ішінде жұмыс технологиясын меңгеріп кеттік. Тұрғындар қажет емес шыныны әкеп, бізге өткізеді. 1 айдың ішінде 200-300 келіге дейін шыны сұрыптаймыз. Одан түрлі бұйымдар жасалады. Мысалы, қыз-келіншектерге арналған әшекейлер, тұрмыстық заттар, магнит, қолшам. Қазір тауар көлемі артып келеді. Себебі бұл материалдың потенциалы жоғары, - дейді ол.

Табиғат жанашырының айтуынша, қаладағы қоқыс жинайтын кәсіпорындар орташа деңгейде жұмыс істейді.

- Экологиялық сауаттылықты арттыру үшін әр адам өзінен бастау керек. Жалпы сұрыпталмайтын қоқыс түрі болмайды. Тек елде онымен айналысатын кәсіпорындардың жоқтығы қынжылтады. Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосу – ұят емес. Бұл тақырыпта түрлі фильмдер мен кітаптар бар. Блогерлер де әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізеді. Сондықтан әр адам қоқысты өз бетінше сұрыптап үйрену керек. Оған көп уақыт керек те емес. Бастысы, азық-түлікті лақтырмауға тырысыңыздар. Осындай әдеттерді өз бойымызда қалыптастыра отырып, біз өскелең ұрпаққа да үлгі бола аламыз, - деді Людмила Евжекова.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив