A+ A A-

talgatzhan 46 23-01-2025, 10:15 0

Жарнаманың жағдайы қалай: Өскемен көшелеріндегі жарнамаларда қате өріп жүр

Бүгін / Өскемен / Өзекті мәселе / Басты

Мемлекеттік тіл мәселесі — әрқашан өзекті саналатын тақырыптардың бірі. ҚР Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басылғандай көрсетілген. Дегенмен қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі қоғамды әлі де алаңдатып отыр. Оның айқын мысалы — көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың дұрыс жазылмауы. Өскемен көшелерімен келе жатып, мұндайды жиі кездестіреміз. Дүкен, дәмхана, дәріханаларда тілді щұбарлау немесе тек орыс тілінде берілген ақпараттар өріп жүр. Тиісті басқармалар тарапынан бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыстар жүргізіліп келеді. Алайда аталған мәселе кей кәсіпкерлер үшін маңызды емес көрінеді. Осы ретте қаладағы өрескел қателерге шолу жасап, мұнымен қалай күресуге болатынын зерттеп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

«Қазақстанда тұрып, қазақша жазуды талап ету – күлкілі»

Облыс орталығындағы Алматы көшесінде орналасқан «Анжелика» азық-түлік дүкенінің бір ғана маңдайшасында 7 қате табылды. Ал Әуезов көшесіндегі «Колос» супермаркетінің сыртындағы тақтайшада «свежая выпечка» сөзі тура мағынасында «жаңа піскен наубайхана» деп берілген. Тұрғындар жиі баратын «Vita МИР» кітап және кеңсе тауарларын сататын дүкен сыртындағы мәтінде қазақ әліпбиіндегі «ү» әрпінің орнын «у» әрпі алмастырған. Жалғастыра берсеңіз, тізімнің соңына жету мүмкін емес.

Осы ретте тіл жанашырлары ретінде танылып жүрген қала белсенділерінің пікірін сұрап көрдік. Солардың бірі ақын Аян Қалымбек қазақ тіліндегі қате жарнамаларды түзетумен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Айтуынша, бүгінге дейін 10-нан астам дәмхана мен мейрамхананың мәзірі қазақшаланды.

- Көшедегі қазақ тілінде қате жазылған жарнамаларды күнде байқаймын. Барлығын камераға түсіріп, әлеуметтік желіге сала бермеймін. Бірақ бірыңғай орысша орналастырылған маңдайшалар мен баннерлерге көбірек мән беремін. Мысалы, аударма жасағанда «қ» әрпін «к», «ғ» әрпін «г», «ү» әрпін, «у» деп жазатындар бар. Алғашында оларға ескерту беріп кетеміз. Ал мемлекеттік тілді мүлдем менсінбегендерден мәселені шешуді талап етемін. Ескерту берілген соң түзетуге 15 күн беріледі. Осыған орай арнайы рейд те ұйымдастырылған еді. Оның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Біздікі негізі ұят нәрсе. Қазақстанда тұрып, қазақша жазуды талап ету – масқара әрі күлкілі жағдай. Біраз адамға бұл ұсақ-түйек боп көрінгенімен, оның идеологиялық маңызы зор. Егер ешкім бақылау жасамаса, қала тұтас орыс тілді болып кетуі мүмкін. Мұндай шараларға қоғамның назарын бірден аудару мүмкін емес. Ол үшін ешкім ақша төлемейді. Өздеріңіз білетіндей, өңірде табиғатты қорғау мақсатында «Таза ойын» экологиялық сенбіліктері өткізілді. Бұл мәселеге де осындай идея қажет. Арнайы ұтыс қаржысын бөліп, жарнамадағы қатені анықтап, нәтиже шығарғандарға табыстауға болады, - дейді ол.

Ал блогер Әділ Юсуповтың пікірінше, мемлекеттік тілге деген құрметті ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға болады.

- Қазақ тіліндегі қателерді күнделікті көріп жүрміз. Мысалы, «магазин», «строительные материалы», «парикмахерская», «мы открылись» деген жазулар жан-жақта тұрады. Бірақ олардың саны ақырындап азайып келеді. Бірі ескерту алған соң, енді бірі әлеуметтік желіде көрген соң кеткен қатені түзетіп жатады. Өзіміз де қолдан келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, - деді блогер.

301 қате табылды

ШҚО Мәдениет басқармасы Тілдерді дамыту, ономастика және мәдени мұра бөлімінің басшысы Гүлжан Казимова өңірде жарнама, хабарландыру орналастыруда Тіл туралы заң талаптарының өрескел бұзушылықтары кездесетінін атап өтті.

- Көрнекі ақпарат - елдегі қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық жағдайға әсер ететін факторлардың бірі. Қазіргі заманды онсыз елестету мүмкін емес. Олардың дизайнынан бөлек, дұрыс жазылуы да маңызды рөл ойнайды. Қоғамдық орындарда тек орысша жазылған немесе тура мағынасында аударылған мәтіндер қоғам тарапынан наразылық тудырып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл туралы сыни ақпараттар жарияланып, теріс пікір қалыптасуда. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты өзінің жеке парақшасында Өскемендегі Өтепов көшесінде орналасқан дәмханалардың біріндегі қате аударма туралы пост қалдырған. Онда «Сыраны бүгініміз бен ертеңіміз жарқын болу үшін қайнатамыз» деп жазылған, - дейді Гүлжан Ахметбекқызы.

Өткен жылы көрнекі ақпараттардың заңға сай жазылуын қадағалау үшін аймақта 26 шара ұйымдастырылып, тұрғындарға 180-нен астам ақпараттық жадынама, 150 сөздік таратылды. Сондай-ақ көрнекі ақпарат мәтіндерінің орфографиялық нормаға сай жазылуына қатысты кеңес беретін 11 жедел желі жұмыс істейді. Айта кетейік, былтыр 1873 көрнекі ақпарат зерделенді. Нәтижесінде 301 қате анықталды. Оның 212-сі түзетіліп, 89 жарнама мәтінін жөндеуге уақыт берілді. 

2024 жылы облыс орталығындағы 439 кәсіп иесімен жарнама мәтіндерін дұрыс орналастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қателік табылған жарнама үшін 212 нысан иесіне ұсыныстар беріліп, 30-дан астам жарнама бейнеролигі тексерілді. Қала тұрғындары жиі баратын қоғамдық орындарда 148 көрнекі жарнама қатесі түзетілген.

Сондай-ақ кәсіпкерлер мемлекеттік тілдегі жарнаманы дұрыс жазып, орналастыру үшін арнайы мекемелердің көмегіне жүгіне алады. Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалованың айтуынша, орталықта деректемелерді, көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкес ресімдеуге әдістемелік және практикалық көмек көрсетіледі.

- Менің ойымша , әр нысан иесі заңды жақсы білуі тиіс. Бұл сауатсыз жарнамалармен күресте оң септігін тигізетіні хақ. Қоғамда қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің маңызы зор. Сөздердің дұрыс жазылуы мен сауаттылығына, мәні мен мазмұнына қарап, халық ой түйеді. Бұл ретте ең бірінші кезекте мемлекеттік тілге басымдық берілуі қажет. Себебі мемлекеттік тіл мәселесі — баршаға ортақ іс. Барлық жарнама мен көрнекі ақпарат беттерінде сөздердің  сауатты жазылуымен қатар, бейнелеген суреттер де қазақ халқының әдет-ғұрпы мен ұлттық болмысын танытып тұруы керек деп ойлаймын, - дейді Әсемгүл Абзалова.

Заң не дейді?

Кез келген көрнекі ақпарат пен жарнама тақтайшаларын орналастырғанда ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы - «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлiне» назар аудару керек. Заңға сәйкес, деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады. Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады, меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады. Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. 

Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.  

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы аталған заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Осыған дейін заңда қазақ тілімен қатар орыс тілін қатар қолдану міндеттелген еді. Ендігі жерде мемлекеттік емес ұйымдарға бланкілерін, маңдайша жазуларын тек мемлекеттік тілде орналастыру міндеттелді. Қажет болған жағдайда ғана орыс немесе басқа тілде жазуға құқық берілді. Сонымен қатар әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елдімекендердің құрамдас бөліктерінің, басқа да физика-географиялық объектiлердiң тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады.

ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы сәулет және қала құрылысы кадастры бөлімінің басшысы Талапжан Қауашевтың сөзінше, жарнама тақталарын орналастыруда мұқият болған жөн.

- Сыртқы көрнекі жарнаманы орналастыру үшін жарнама иесі 5 күн бұрын әкімдікке өтініш жібереді. Оған жарнама түрі, орны мен мәтіні туралы ақпараттар көрсетіледі. Сыртқы көрнекі жарнамада жалған ақпарат, қандай да бір пропаганда, ұлт пен нәсілге бөліну, жаман әрекеттерге шақыру болмау керек, - деді Талапжан Рахатұлы.

Ал заңға бағынбай, «өзім білемін» дейтіндер жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қойылған талаптарды бұзғаны үшін бастапқыда ҚР ӘҚБтК-нің 75-бабының 3 бөлігіне сай ескерту жасалады. Егер заңбұзушылық қайталанса, ҚР ӘҚБтК-нің 75-бабының 4-бөлігі бойынша лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 5, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 10, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 25 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосуреттер автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив