A+ A A-

talgatzhan 60 23-01-2025, 11:30 0

Ауадағы шығарындылар көлемі бақылауда

Бүгін / Өскемен

«Казцинк» ЖШС  – өңірдегі ірі түсті металлургия кәсіпорны. 1997 жылы құрылған  компания мырыш, қорғасын, мыс және бағалы  металдарды өндірумен айналысады. Кәсіпорын мамандары қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына тәуекелді барынша азайта отырып,  табиғи ресурстар мен қуат көзін пайдалануда. Бұл туралы толығырақ тілшіліер қауымымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Табиғатты қорғау – басты міндет

2019 жылы компания ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен меморандумға қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес «Казцинк» қоршаған ортаны қорғау бойынша қосымша міндеттемелерді өз мойнына алады. Осылайша, кәсіпорын табиғатты сақтаудың ең үздік технологияларын енгізуді алғашқы болып қолға алмақ. 

Өскемен металлургиялық алаңының газды тазалау жөніндегі жоба жетекшісі Михаил Трубачтың айтуынша, бұл мақсатта озық қолжетімді технологиялар пайдаланылып келеді. 

- «Казцинк» халықаралық  және жеке тәжірибеге сүйене отырып, бірқатар жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, Дания, Бельгия, Канадада қолданылатын технологиялар бойынша SO2-ні қайта пайдалану, Бельгия тәжірибесі арқылы  күкірт қышқылы тұманынан газды тазарту жүргізілді. Осылайша, компания жұмыс істеп келе жатқан уақыттан бастап қоршаған ортаны қорғауға 110 миллиард тенге бөлінген, - деді ол. 

Күкірт диоксидін алу және кәдеге жарату да – кәсіпорын алдындағы басты міндеттердің бірі. Жалпы мұнда үш күкірт қышқылы қондырғысы жұмыс істейді. Әр металлургиялық өндірісте күкіртті газды өңдеудің өзіндік схемасы бар. Мәселен, 1997 жылы SO2 шығарындысы 69 мың тоннаға, ал 2023 жылы 16 тоннаға жетті.

Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, қатты заттардан тазартылған газ көлемі сағатына 4,5 миллион текше метрден асады.

- Тазалаудан кейінгі газдың қалдық шаңдылығын 5 есе азайта отырып, жеңдік сүзгілерді қайта құру жүргізіледі. 1997 жылы 1,1 мың тонна шаң, 2023 жылы 0,18 тонна шаң шығарылды, - дейді  Михаил Трубач. 

Ал күкірт қышқылы қондырғылары шығарындыларды үздіксіз бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Өнеркәсіп алаңындағы күкірт диоксидінің мөлшерін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі бар. Жылжымалы зертхана тұрақты бақылауды жүзеге асырып, дереу түрде сұраныс бойынша өлшеу жүргізеді. Кәсіпорынның негізгі нысандарындағы шығарындыларды бақылау жүйесі іске қосылған. 

Айта кетейік, «Казцинк» ЖШС - өңірде экологиялық кодекске сәйкес қоршаған ортада шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізген бірінші кәсіпорын. Ауаға таралатын зиянды заттарды азайту мақсатында 2026-2028 жылдарға бірқатар міндет қойылған. 

- Біз мырыш, қорғасын, мыс зауыттарының газдарынан күкірт диоксидін кәдеге жарату бойынша жұмыс істеп тұрған қондырғылар үшін қалдық газды тазарту жүйесін салуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда алғаш рет улы емес және күкірт диоксидін сіңіру қабілеті жоғары реагенттің көмегімен пайдаланылған газдардан күкірт диоксидін алу технологиясы қолданылмақ, - деді Өскемен металлургиялық алаңының газды тазалау жөніндегі жоба жетекшісі Михаил Трубач. 

Бір айта кетерлігі, “Казцинк” қоғамдық бақылау назарынан тыс қалмады. Қоғамдық тыңдаулар компанияның жобалау және рұқсат беру құжаттамасы бойынша өткізіліп, кәсіпорында экологиялық экскурсия ұйымдастырылады. Өтініштер түскен жағдайда Экология департаментінің өкілдері, белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен әлеуметтік желілердегі тікелей эфир арқылы ауа сапасын өлшеу жүргізіледі. Сонымен қатар үшжақты меморандум шеңберінде қолайсыз метереологиялық жағдай кезінде Экология департаментінің мамандары зерттеу жасайды. 

 

Тексеріс жүргізілуде 

Соңғы уақытта облыс орталығындағы экологиялық ахуал ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Сондықтан тиісті органдар тарапынан өңірдегі ірі мекемелерді тексеру қолға алынды. «Казцинк» - тексеру басталған алғашқы кәсіпорын.

Айта кетейік, аталған шараға ТЖД, Экология департаменті, Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау саласының мамандары тартылды. Олар құжаттамадан бастап шығарындылардың көлемін өлшеуге дейін жіті назар аударуда. Аталған шаралар ақпан айына дейін жалғасады. 


Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив