
Айнагүл Сағадиева 61 жасында шахматтан Өскемен чемпионы атанды
Шығысқазақстандық Айнагүл Сағадиева шахмат ойынын 4 жасынан жанына серік еткен. Есейе келе балалық қызығушылығын үлкен өмірдің өзгерістері алмастырды. Уақытының көп бөлігін еңбекке арнады, кейін денсаулығы да сыр берген. Соңғы жылдары үшінші топтағы мүгедектікке шықты. Бірақ бұл қиындықтар Айнагүл Төлегенқызының жігерін жасытпады. Ол керісінше бойына күш жинап, жаны қалайтын іспен айналысуды шешті. Осылайша, шахмат спортына қайта оралып, 61 жасында Өскемен қаласының чемпионы атанды. Бүгінде қоржынында 20 медаль бар. Кейіпкеріміздің өзі мұның барлығы отбасындағы тәрбиеден басталғанын айтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Шахмат спортына қалай келдіңіз?
- Мен Ұлан ауданы, Таврия ауылының тумасымын. Көпбалалы отбасында өстім. Үйде 8 баламыз. Ата-анамыз біздің уақытымыз зая кетпесін деп үнемі қызықты әрі пайдалы іске баулитын. Бір күні марқұм әкем қаладан 4 шахмат тақтасын алып келді. Осылайша, 4 жасымда дойбы, 7 жасымда шахмат ойнай бастадым. Өзімнен үлкен екі ағам шахматқа шебер еді. Екеуі бір-бірімен жарысқанда бірге отырып, мұқият бақылап отыратынмын. Тұйық болған соң ба, білмеймін, үйірмелерге аса белсенді қатыспадым. Шахматты тек үйдегі үлкендерге қарап үйрендім. Қазір ағам Аманжол Сербаев та спорттың осы түрімен кәсіби түрде шұғылданып жүр. Сондықтан баланың қалыптасуында отбасының, ата-ананың рөлі ерекше. Ол үйде нені көріп өссе, болашақта сол салада дамиды деп ойлаймын.
- Кейін бұл қызығушылығыңыз қалай жалғасты?
- Мектепті аяқтаған соң педагогикалық училищеге оқуға түсіп, тәрбиеші мамандығын алып шықтым. 20 жыл балабақшада еңбек еттім. 1990 жылдары ол жабылған соң Өскеменге көшіп келдім. Сотқа жұмысқа тұрып, 18 жыл мұрағат меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бірақ ауыр әрі қауырт қызметтен денсаулығым сыр берді. Инсульт алып, ауруханаға түстім. Дәрігерлер күтіну керек екенін айтып, жеңіл жұмыс істеуді ұсынды. Осылайша, Меновное кентіндегі Оралхан Бөкей атындағы №10 кітапхана-филиалына ауыстым. Зейнетке дейін 7 жыл мәдениет ошағында еңбек еттім.
- Шахмат үйірмесін ашу идеясы қалай келді?
- Кітапханаға балалар түрлі кітап оқуға келсе, ересек адамдар уақытын қызықты өткізуге келетін. Бала кездегі хоббиімді қолға алып, балалар мен үлкендерге арналған шахмат клубын ұйымдастырдым. Мектеп оқушылары ерекше қызығушылық танытатын. Зейнеткерлер де қалыс қалмады. Бұдан бөлек, үйірмеге қатысушылар жарыстарға барып, жүлделі орындар иеленіп жүрді.
- Ал қазір шахмат клубының жұмысы қалай жүріп жатыр?
- Астана қаласында атақты әрі кәсіби гроссмейстерлер Петр Кастенко мен Нұрлан Ибраевтің қатысуымен екі күндік оқу өтті. Сол кісілерден білім алып, бапкер сертификатын алдым. Қазіргі таңда Өскемендегі Оқушылардың шығармашылық сарайында балаларды дайындаймын. Үйірмеге жаңадан келген оқушы 1-2 аптаның ішінде шахматтың бастапқы ережелерін меңгеріп кете алады. Әрине, бір күнде бәрін үйреніп кету мүмкін емес. Ол үшін уақыт пен баланың қызығушылығы қажет. Қазір 10-нан астам баланы жаттықтырудамын.
- Шахматтың басқа спорт түрлерінен қандай ерекшелігі бар?
- Біріншіден, шахматты кез келген адам ойнай алады. Спорттың осы түрін таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Содан болар, бала кезімнен зейнеткерлік жасқа дейін әлі айналысып келемін. Шахматтың пайдасы көп. Ол адамды қырағылық пен мұқияттылыққа баулиды. Математикалық білімді арттырады. Сондай-ақ ойыншы уақытпен де санасуды үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, шахмат – «ақыл-ой гимнастикасы».
- Сіз тек шәкірт баулып қоймай, өзіңіз де түрлі жарыстарға қатысып, топ жарып жүрсіз. Жетістіктеріңізбен бөліссеңіз...
- 2023 жылы алғаш рет облыстық деңгейдегі жарыста бақ сынастым. Бәрі ойда жоқта болып кетті. Кітапханада отырғанымда ағам Аманжол хабарласып, шахматтан облыстық жарыс болып жатқанын айтты. Әр командада 2 ер адам, 1 әйел адам болу керек екен. Келетін адам ауырып қалып, орнына менің қатысуымды өтінді. Сол жарыста мен 3 орынды иелендім. Бұдан соң қатарынан 19 жарысқа қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрдім. Ал 61 жасымда Өскемен қаласының чемпионы атандым. Сондай-ақ дойбыдан Ұлан ауданының біріншілігінде 1 орын алдым. Ал шахматтан өткен біріншілікте 2 орынды иелендім. Облыстық деңгейде шахмат бойынша ұйымдастырылған жарыста Ұлан ауданының намысын қорғап, 3 орынға табан тіредім. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған жарысқа қатысып, 20-шы медальімді алдым. Әр жеңісімнің орны бөлек. Жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін әлі де шеберлігімді арттырамын. Қазір де ағаммен жаттығып, түрлі кітаптарды оқып жүрмін. Ғаламтордан да пайдалы ақпараттарды қарап отырамын.
- Қызығушылығыңызға отбасыңыз қалай қарайды?
- Жақындарым мені үнемі қолдайды. Ұлым тіс дәрігері болса да, шахматты жақсы ойнайды. Ал 5 сыныпта оқитын немерем Адель қазір шахматпен зор қызығушылықпен айналысып жүр. Өте жақсы ойнайды десем де болады. Арасында өзім де үйретіп отырамын. Немеремнің менің жолымды қуып, чемпион болатынына сенемін.
- Сұхбат соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
- Қазір облыста 200-ге жуық шахматшы бар. Барлығымыз араласып, тәжірибе алмасып тұрамыз. Оның ішінде спор шебері Зинаида Ягунова, Алмагүл Чакеева сынды спортшылар бар. Әріптесім әрі бапкерім Қайрат Оралбаев та үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы тұста шығыста шахматпен айналысатын әйелдердің аз екенін айтқым келеді. Сондықтан қыз-келіншектерді осы спорт түріне шақырамын. Оған қоса биыл шахматшыларға жаңа ғимарат берілмек. Барлығымыз сонда жаттығатын боламыз. Ал өзім шахматпен әуесқой спортшы ретінде айналыссам да, бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткізуге барымды саламын.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер