
Шығыста табиғаттың бар байлығы ұштасқан десек, артық айтқандық емес. Себебі әр ауданның өзіне тән ерекшелігі бар. Облыстың шығыс бөлігінде орналасқан Марқакөл ауданы да табиғатымен талайды тамсандырып отыр. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Марқакөл ауданы төртінші рет құрылып, Күршім ауданының құрамынан бөлініп шыққаны белгілі. Бұл материалда Марқакөлдегі ТОП-5 туристік орынмен таныстырамыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Марқакөл көлі
Елдегі ең әдемі тау көлдерінің бірі теңіз деңгейінен 1448 метр биіктікте орналасқан. Тереңдігі - 27 метр. Көлге 100-ге жуық шағын өзендер мен бұлақтар келіп құяды. Суының мөлдірлігі мен айналаны қоршаған биік таулардың, әсем шыршалардың келбеті көздің жауын алатындай-ақ. Жағалауын қайың, қарағай, шырша өскен орманды алқап алып жатыр. Табан, сазан, аққайран, хариус, майқан, қарабалық, мөңке балық сынды балық түрлері бар. Ал құстың ондаған түрі кездеседі.
Табиғатының ерекше сұлулығы мен биоалуантүрлілігі экотуризмді дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, келген туристер табиғат аясында демалып, жағажайларда тыныға алады. Сондай-ақ көл маңындағы Ұрынқай ауылында демалыс үйлері ұйымдастырылған.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы
Марқакөл қорығы – тұмса табиғатымен және сирек кездесетін фаунасымен танымал әрі ерекше қорғалатын аймақ. Туристік нысан 1976 жылы республикадағы алтын мемлекеттік қорық ретінде құрылған. Ал посткеңестік елдердегі ең алғашқы таулы-су қорықтарының бірі. Бұл қорықтың ұйымдастырылуындағы негізгі мақсат - маңайда сирек кездесетін бағалы аңдарды, құстарды, өсімдіктерді және көктемде балық уылдырық шашатын өзендер арналарын қорғап, сонымен бірге орман мен айдын көлдерін, тау, өзендердің әсем табиғатын табиғи қалыпта сақтау. Қорықтың жалпы ауданы - 71 367 га. Қорықта балқарағайлы, шыршалы ормандар, альпілік шалғындар, таулы өзендер мен бұлақтар бар. Оған қоса қар барысы, қоңыр аю, сілеусін, бұғы, арқар сынды жануарлар мен құстардың 200-ден астам түрі мекендейді. Қорықта дәрілік және эндемикалық өсімдіктердің 700 түрі өседі. Марқакөл қорығы - Қазақстандағы ең әдемі, экологиялық маңызы жоғары аймақтардың бірі. Оны экотуризм орталығы ретінде дамыту ауданның ғана емес, облыстың туристік әлеуетін арттырып, табиғатты қорғауға мүмкіндік береді.
Ескі Аустрия жолы
Бұл - Қазақстандағы ерекше тарихи тау жолдарының бірі. Ол Марқакөл көліне апаратын бағыттардың бірі болғандықтан туристер арасында кеңінен танымал маршрут саналады. Жол Шыңғыстай ауылынан басталып, Марқакөлдегі Теректі ауылымен аяқталады. Оны 1914-1916 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыстың аустриялық әскери тұтқындары салған, сондықтан бұл атауды алды. Ол таулы рельефтен өтетіндіктен, экстремалды туризм, джип-тур, велосипедпен жүру, жаяу саяхат үшін сұранысқа ие. Қазіргі таңда Ескі Аустрия жолы тарихи-мәдени ескерткіш ретінде де құнды болып есептеледі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, егер жол инфрақұрылымы жақсартылса, онда ол Шығыс Қазақстандағы маңызды экотуризм және мәдени туризм нысанына айнала алады.
Успенка қорымы
Марқакөлде орналасқан көне сақ дәуірінің археологиялық кешені ежелгі көшпенді тайпалардың мәдениеті мен өмір салты туралы маңызды мәліметтер береді. Қорым б.з.д. VII-III ғасырларға жатады. Бұл кезең ерте сақ мәдениетінің гүлденген дәуірі саналады. Қорғандардан табылған жәдігерлер сақтардың әскери ісі, діни наным-сенімі, жерлеу дәстүрлері туралы құнды ақпарат береді. Археологтар қорымнан алтын әшекейлер, қару-жарақтар, керамикалық ыдыстар, ат әбзелдері сынды артефактілерді тапқан. Жерлеу орындарынан аттардың сүйектері және бәйге аттарына арналған арнайы қабірлер анықталды. Тарихшылардың айтуынша, бұл сақтардың жылқыны ерекше құрметтегенін көрсетеді. Зерттеулер барысында алтын қапсырмалар, білезіктер, жебе ұштары табылған. Бетінде сақ-скиф өнеріне тән аң стиліндегі ою-өрнектер бар.
Шүмек
Марқакөлдегі көркіне көз тойғыссыз туристік орынның тағы бірі – Шүмек. Ол Марқакөл көліне жақын орналасқан. Бұл жер өзінің таза бұлақтарымен, әсем табиғатымен және өзіндік тарихымен танымал. Көлден бастау алатын табиғи бұлақтар осы аймақтың басты ерекшелігі саналады. Мұнда табиғи таза су көздері бар. Сол себепті де жергілікті тұрғындар мен туристер оны емдік қасиеті бар су ретінде пайдаланады. Бір жағынан алып қарасақ, Шүмек – жергілікті аңыздар мен тарихи оқиғаларға бай мекен. Бұрынғы керуен жолдары, малшылардың тұрақтары және көне мәдени ескерткіштер осы аймақтың тарихи рөлін көрсетеді. Шүмек – таза ауада демалып, табиғаттың тамашасына куә болу үшін таптырмас орын. Сонымен қатар бұл жердің өсімдіктер мен жануарлар әлемі де өзгелерден ерекше.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер