
Тұтынушының да талабы бар: Сауда-саттық және курьерлік жеткізуге қатысты даулы жағдайлардың шешімі қандай?
Кез келген мереке немесе туған күн қарсаңында сыйлық алу үшін жұрт бұрын сауда орталықтарына ағылатын. Ал соңғы уақытта ғаламторда тапсырыс берушілер саны күрт артты. Себебі үйге дейін жеткізу арқылы кез келген ұсақ-түйектен бастап тұрмыстық техникаға дейін сатып алуға болады. Сауда платформаларында не керектің бәрі бар. Дегенмен сапаға көңілі толмай, тауарды кері өткізіп жататындар да кездеседі. Осы ретте тұтынушылар тарапынан бірқатар даулы сұрақ туындап жатады. Мәселен, тапсырыс берген гүл шоғының орнына басқасын жіберсе не істеу керек? Мерзімі өткен сыйлық сертификатын пайдалануға бола ма? Көрсетілген қызмет сапасы көңілден шықпаса, қаражат қайтарыла ма? Оқырмандардың осы және өзге де сұрақтарына ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Жуықта анамның туған күніне арнап ақ және қызыл түсті раушан гүлдеріне тапсырыс бердім. Барлығын уақтылы жеткізіп берді. Бірақ раушандардың түсі - сары. Дүкен сатушысынан анықтап сұрасам, ол ақ, қызыл раушанның жоқ екенін айтты. Осы тұста тапсырыс шарттарын орындамағаны үшін тауар бағасын төмендетуді талап етуге бола ма?
(Асқар Әлімқұлов)
- Департамент өкілдерінің айтуынша, егер тұтынушы сатушыға тауардың нақты қандай болуы керек екенін түсіндірсе, сатушы соған сай пайдалануға жарамды түрде ұсынуға міндетті. Яғни, сіз тапсырыс беру кезінде ақ және қызыл түсті раушан алғыңыз келетінін жазбаша түрде көрсетсеңіз (мысалы, әлеуметтік желіде хабарлама алмасу кезінде), онда тапсырысыңызды дұрыс орындамағаны үшін бағаны төмендетуді талап етуге құқығыңыз бар.
- Осыдан біраз уақыт бұрын құрбыларыма сыйлық ретінде бірнеше жейде сатып алған едім. Бірақ біреуіне өлшемі сай келмей қалды. Тауардың түбіртегін сақтап қойғанмын. Дүкенге барып, жейденің басқа өлшемін ауыстырғым келетінін айттым. Алайда сатушы жейделер акция бойынша жеңілдікпен сатылғандықтан, олай істеуге болмайтынын жеткізді. Мұндайда қалай әрекет ету керек?
(Назерке Жанұзақова)
- «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14-бабына сәйкес сатып алушы азық-түліктен басқа затты сатып алған кезден бастап 14 күн ішінде оны көлемі, пішіні, өлшемі, стилі, түсі ұқсас тауарға немесе тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Егер тауар бағасы оның ақауы бар болғандықтан төмендетілсе, сатушы бұл туралы тұтынушыны хабардар етуге міндетті. Бұл туралы ақпарат баға белгісінде де көрсетілуі керек. Ал бұл жағдайда жейделер еш бүлінбеген. Тек өлшемі сай емес. Сондықтан сатып алушының тауарды ауыстыруға құқығы бар.
- Былтыр 8 наурызда әріптестерім қаладағы дүкендердің біріне сертификат сыйлаған еді. Бірақ ол туралы мүлдем ұмытып кетіппін. Ал жарамдылық мерзімі (үш ай) өтіп кеткен екен. Дегенмен сертификаттың ақшасы жұмсалмаса, оны әлі де пайдалануға бола ма? Дүкен сатушысына бұл жағдайды қалай түсіндіре аламын?
(Әсем Дәуренқызы)
- Ішкі сауда ережелерінің 1-тармағының 66-тармақшасына сәйкес сыйлық сертификаты – белгілі бір сомаға тауар я қызмет түрін сатып алуға мүмкіндік беретін купон немесе карта.
Ереженің 36-тармағына сай сатушы тауар немесе қызмет үшін сатқан сыйлық сертификаттарының жарамдылық мерзімі — үш жыл (сатушы тегін берген сертификатты қоспағанда). Сертификаттың ақылы екендігін ескерсек, тұтынушы жоғарыда аталған Заң ережелеріне сүйене отырып, оны пайдалана алады.
- Жуықта азық-түлік дүкеніне кіріп, бір келі қант пен екі бөлке нан алған едім. Сөреде бағалары жазылмапты. Бірақ кассадағы сатушы ойға қонымсыз соманы атағанда таң қалғанымды жасырмаймын. Көбіне сатып алушылар қажет тауардың бағасын білмей жатады. Тауар бағасын көрсетпеу қаншалықты заңды?
(Ернар Садықов)
- Заң бойынша кез келген тауардың құны жазылып тұру керек. Ол - сатушының жұмысы. Сондай-ақ сөредегі және кассадағы баға бірдей болу шарт. Егер кассада қымбат баға шықса, сатушы сөредегі бағамен есептеуге міндетті. Айта кетейік, мұндай құқық бұзушылық үшін кәсіп иелеріне 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
- Үйдің жанында орналасқан дүкеннен керек азық-түлік алуға бардым. Түбіртекте тек жалпы сомасы жазылған екен. Әр тауардың қанша теңге тұратынын сұрағанымда ондай ақпарат берілмейді деді. Мұндайда не істеу керек?
(Индира Қожамұратова)
- Ірі сауда орындарында түбіртек бергенде әр тауардың құны жазылып тұрады. Ал шағын дүкендерде жалпы сомасы жазылады. Кейбірінде түбіртек атымен жоқ. Бұл сұрақпен салық органы айналысады. Тұтынушылар шағым білдіргісі келсе, аталған мекемеге хабарласа алады.
- Отбасымызбен қаланың қауырт тіршілігінен тынығу үшін демалыс орындарының біріне алдын ала төлем жасадық. Өкінішке қарай, баламыз ауырып қалған соң бара алмадық. Кейін жолдасымның жұмысы қарбалас болып кетті. Сөйтіп, тапсырысымызды екі рет басқа күнге ауыстырған едік. Демалыс орнының әкімшілігі алдын ала төлемнен соң екі ай өткенін, ақшаның қайтарылмайтынын айтты. Олардың бұл әрекеті қаншалықты орынды?
(Айша Секенова)
- ҚР Азаматтық кодексінің 273-бабына сәйкес заңда немесе шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға және оның шарттарын біржақты өзгертуге жол берілмейді. Яғни, демалыс орнының иесі өз міндеттерін толық орындауы керек.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 8-1-бабының 2-тармағында «Шарт бұзылған жағдайда ұсынылмаған өнім немесе қызмет үшін төленген соманы қайтармау - тұтынушылардың құқықтарын бұзу» деп көрсетілген.
Тұтынушы ақшаны қайтарып алуға құқылы, ал демалыс орны қызмет көрсете алмағандықтан, нақты жағдайға байланысты қаражатты қайтаруға міндетті.
- Жақында тұрмыстық техника дүкенінен кір жуғыш машинаға тапсырыс бердім. Курьер оны бесінші қабатқа дейін жеткізіп берді. Сөйтіп, тауар келген соң құжатқа қол қойдым. Бір қарағанда барлығы дұрыс көрінді. Бірақ келесі күні машинаны қоса алмадым. Неге екенін түсінбей, тауарды тексере бастадым. Сөйтсем, техниканың төменгі жағында ақау бар екен. Бұл механикалық зақымданудан болған. Енді оның қозғалтқышын ауыстырып, корпусын түзету керек. Бірақ тауардың әу бастан осылай жеткізілгенін дүкен иесіне дәлелдей алмадым. Осы тұста өз құқығымды қалай қорғай аламын?
(Қайрат Жеңісбеков)
- Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сатып алушылар өз құқықтарын дұрыс білмей, тауарды қабылдау кезінде қажетті шараларды қолданбайды. Мұндай келеңсіздіктер болмас үшін тапсырыс берген затты ашып, жан-жақты тексеріп алған жөн. Жаныңызда басқа да адамдардың болғаны дұрыс. Сондай-ақ бейнежазбаға түсіріп алу керек.
Тауар дұрыс күйінде келсе ғана қабылдау актісіне қол қоюға болады. Егер ақау табылса, дереу сатушыға хабарласу қажет. Ал талабыңыз орындалмаса, кәсіпкерге қарсы сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы.
- Үйдегі балконды жөндеймін деп шештім. Сөйтіп, қаладағы компаниялардың біріне қоңырау шалып, барлығын келісіп алдық. Қалпына келтіру үшін қомақты қаражат та төледім. Бірақ жұмыс сапасы көңілімнен шықпады. Компания өкілдері менің шағымыма назар аударған да жоқ. Бұл мәселені шешудің қандай жолдары бар?
(Әли Оңдасынов)
- Егер сіз құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңіз бұзылды деп есептесеңіз, қызмет көрсеткен компанияға ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне және сотқа жүгіне аласыз.
Сондай-ақ бұзушылықтарды жою және келтірілген залалды ерікті түрде өтеу туралы міндетті түрде жазбаша талаппен жауапты компанияға хабарласу қажет.
Кәсіпорын тұтынушының шағымымен танысып, онымен келіспеген жағдайда тұтынушыға күнтізбелік он күн ішінде жазбаша жауап беруге міндетті. Онда барлық дәлелдер көрсетілуі тиіс.
Егер компания өкілдері белгіленген уақыт ішінде талап арызға жазбаша жауап бермесе, бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды ерікті түрде өтеуден, сондай-ақ тұтынушы дауын сотқа дейінгі тәртіпте қарауға қатысудан бас тартса, тапсырыс беруші ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің көмегіне жазбаша өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгіне алады (Крылов көшесі, 114; телефон нөмірі: 8(7232)-26-72-07).
Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер