Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 109-1-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған А. Ивановқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сот отырысының қорытындысында бірге тұратын әйелін соққан сотталушы кінәлі деп танылып, оған 40 сағат қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ сотталған адамнан жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 19 660 теңге және сот-медициналық сараптама шығындарын өтеу үшін мемлекет кірісіне 841 мың теңге өндірілді.
Үкім 2025 жылдың 13 қазанында заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Иванов Өскемен қаласы Сол жағалау аудандық пробация қызметіне есепке қойылды. Пробация қызметкерлері сот тағайындаған қоғамдық жұмыстарды уақтылы және толық көлемде орындауын қадағалайды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша пробация қызметінің инспекторы, әділет майоры Азамат Құлубаев қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза ұсақ құқық бұзушылықтар кезінде түзелудің тиімді шарасы екенін атап өтті.
– Пробацияның басты мақсаты – жазаның орындалуын қадағалау ғана емес, сотталғандарға әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету. Қоғамдық жұмыстар адамға өз іс-әрекетінің салдарын түсінуге және заңды бұзбай, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді, — деді әділет майоры Азамат Құлубаев.
Пікірлер