
Алматы мен Анкараның арасы алты сағат екен. Ұшақтағы теледидарға телміріп, арасында құлаққаппен музыка тыңдап, кейде тұлпардай зулайтын, кейде өгізаяңға салатын уақыт деген шіркінді алдап-сулап өткізіп, әйтеуір дегенде жеттік-ау. Сапарда көз іле алмайтын жаман әдетім бар. Ұйқы қанша қысса да жол үстінде мызғып көрмеппін. Бұл жолы да сол әдетімнен жаңылғаным жоқ.
Анадолы еліне атбасын не үшін бұрғанымды айтайын. Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен 6 күндік іс-сапарға шығу бақыты бұйырды. Алда Анкара, Стамбул қалаларын аралап, маңызды кездесулерге барып, БАҚ саласында тәжірибе жинақтап қайтпақпыз.
4 адамнан тұратын делегацияны қор президенті, белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы бастап келеді. Жолға шығар алдында ол бізге:
- Түркияға келгенде түріктер туралы теріс сөз айтушы болмаңдар. Олар өте намысқой, қызуқанды. Қазақстанды да жамандамаңдар. Себебі біз өз елімізді төмендетпей, еңсемізді тік көтеріп жүруіміз керек. Маңызды кездесулер болады. Сонда дарақы сөйлеп, бос күлмеңдер. Сыпайы жүріп, әдеп сақтаңдар. Түсініксіз бірдеңе болса менен сұрап отырасыңдар ғой, - деп ескертті.
Нәзия апайдың айтқаны – заң. Басты шыбындаған атша изеп, түсінгенімізді жеткіздік. Әуежайдан бізді күтіп алғандар табанымызды жерге тигізбей, қонақүйге әкеліп тастады. Қаланың іргесінде орын тепкен қоңыр түсті қонақүй тау пішіндес екен. Бөлмемізге кіре салып терезеге қарағанда мөлдіреген бассейнге көз түсті. «Жақсылап бір шомылатын шығармын-ау» деп қоямын іштей. Уақыт жетпесін ол кезде қайдан білейін. Сәл-пәл тынығып алған соң, киімімізді ауыстырдық да, жолға шығып кеттік.
«Жігіттеріміз жалқау емес!»
Анкараның көшелерімен зырғытып келеміз. Теп-тегіс, бір тесігі жоқ жолға қарайсың да сүйсінесің, сүйсінесің де қарайсың. Бұл қалада 5 миллионнан астам адам тұрады. Ғимараттары бір-бірінен алшақ-алшақ салыныпты. Тау баурайына шашырай қонған жер үйлердің шатырлары шие түстес. Көшеде көлік көп, жаяу жүргендер некен-саяқ.
Мойылдай қара көзіндегі көзәйнекті саусағымен көтеріп қойып түрікше әңгімені соғып отыр Нәзия апайымыз. Таксишімен ол болмаса басқамыз сөйлесе алмаймыз. Осы ретте Нәзия Жоямергенқызын аз-маз сипаттай кетейін. Орта бойлы, арықшалау келген. Ернінің астында тарыдай меңі бар. Қимылы ғана емес, ойы да шапшаң. Өткір көзі күлімдей қарағанда мейірім шашса, қабағы қатуланғанда өңменіңнен өтеді. Сөйлесе сараңның бермесін алады. Министр ме, мэр ме, кім болса да теңдей тілдеседі. Сол кісінің арқасында талай қазақ журналисі шетел көріп, көкжиегін кеңейтіп жүр. Сондай мүмкіндікке ие болғандардың бірі бізбіз.
Алғашқы кездесу Түрксой Бас хатшысының орынбасары Саит Юсуфпен болды. Кездесуде Нәзия апай Түркітілдес журналистер қорының тарихын, жұмысын, алдағы жоспарын баян етті. Қордың бірнеше ел журналистерінің басын қосып, ортақ жобаларды қолға алып, тек БАҚ саласы емес, білім, туризм, оның ішінде медициналық туризм бағытында бірлесе жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Саит Юсуф қолдау білдіріп, бұл жұмыстардың маңызды екендігін айтты. Бірақ сөз арасында бір қызық жайт болды.
- Маған жұмысқа тек қазақ қыздары келеді. Соған қарап жігіттеріңіз жалқау ма деп қалдым, - деді Саит Юсуф.
Нәзия апай шырпыдай шырт ете қалды.
- Жоқ, мүлде олай емес! Біздің жігіттер өте еңбекқор. Бір емес, бірнеше жұмыс істейді. Журналистика саласында да талмай еңбектеніп, талай биікті бағындырып жүргендер жетерлік, - деп жауап берді.
Саит Юсуф күліп, әңгіме арнасын басқаға бұрып жіберді. Жолбасшымыз да тісқаққан дипломат қой, ештеңе болмағандай ары қарай сөйлесіп кетті. Шыққан соң бізге қарап:
- Кім болса да қазақты жамандатып қойып қарап отыра алмаймын. Өз елімізді, халқымызды өзгенің кемсітуіне еш уақытта жол бермеуіміз керек, - деді.
Ары қарай таксиге отырып, қонақүйге бет алдық. Жолсоқты болып, жатып демалғымыз келіп тұр. Ертең баратын жерлер, кездесулер көп. Соған күш жинап алуымыз керек.
Жолы болған жас журналистер
Келесі күні ең әуелі Башкент ауруханасына бардық. Аурухана директоры Али Хаберал ықыласпен қарсы алып, ыждаһатпен тыңдады. Шыны ыдыстағы түріктің хош иісті шайынан ұрттап қойып, Нәзия апай екеуінің әңгімесіне араласпай отырмыз. Бұл медициналық мекеме әлемдегі ең озықтардың қатарында екен. Сырты жақұттай жылтыраған, іші мұнтаздай таза. Жабдықтары жаңаның жаңасы. Байлар мен шенеуніктер отбасыларымен осында келіп емделеді. Оның ішінде Қазақстанның да элитасы бар. Мысалы, Сара Назарбаеваның бүйрегін осы жерде ауыстырған деседі.
Медициналық мекеменің негізін қалаушы Мехмет Хаберал Түркияда алғаш рет бүйрек алмастыру отасын жасаған әйгілі хирург. Таяу Шығыстағы ең ірі саналатын ауруханада 8500-ден астам дәрігер жұмыс істеп, жыл сайын 3 миллионға жуық науқас емделеді.
Ауруханадан шыққан соң Башкент университетіне, кітапханасы мен гастрономиялық акадамиясына экскурсия жасадық. Университеттегі 12 факультетте 18 мыңнан астам студент білім алып жатыр екен. "Журналистика" факультетінде оқитындар телестудияларда түрлі бағдарламалар түсіріп, мақала жазып, өздерінің радиоларында тәжірибе жинақтап, журналға мақала жазады. "Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет" факультеті болса – мәдениетке және өнерге жаңа көзқарас әкелетін, бұрынғының асылы мен заманауи трендтерді ұштастыра білетін шәкірттерді дайындайды. "Инженерия" факультетінде машина жасау, өнеркәсіптік және биомедициналық инженерия салаларында озық білім беріледі. Студенттер кәсіби ағылшын тілі курстарынан басқа таңдау пәні ретінде неміс, итальян, португал, қытай, жапон сияқты басқа шет тілдерін де оқи алады.
Өзім журналист болған соң мені осы мамандық көбірек қызықтырды. 2014-2018 жылдары Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқығанмын. Бізде сол кезде телестудия деген атымен жоқ болатын. Ал мұнда бір емес 5 студия бар. Бірінде көңіл көтеретін ойын-сауықтық, екіншісінде таңғы бағдарлама түсірілсе, үшіншісі тура ас бөлмеден аумайды. Онда тележурналиске айналған студенттер аспаздарды қонаққа шақырып, дәмі тіл үйіретін тағамдар мен сілекейіңді ағызатын тәттілерді бірге әзірлейді. Төртіншісінде медицина саласындағы маңдайалды мамандармен сұхбат құрса, бесіншісінде жаңалықтар жүргізіп, дикторлыққа дайындалады. Ғажап, ә!
1974 жылдан бері Түркияда тележурналистика айдынында жүзіп келе жатқан, қазір осында сабақ беріп жүрген Юсуф Зия Байрактармен таныстық. Тікірейген шашы мен мұрты да, үстіне киген кәстөмі де қардай аппақ. Кезінде Брежневтен, Горбачовтен сұхбат алған. Соғыс оты тұтанған Иран, Ирак, Армения жерлеріне барып, ақпарат таратыпты.
- Жастарға білгеніммен бөлісіп келемін. Менің басты принципім – түркі дүниесіне пайдалы болу. Өз елдеріңіздің студенттерін осында жіберіңіздер. Қазақ іні-қарындастарыма көргенімді айтып, түйгенімді үйретуге қашанда әзірмін, - деді ол.
Алғаусыз көңіл, селкеусіз ниетпен күтіп алып, қонақжайлық танытқан университет басшылығына рахметімізді айтып, ары қарай кеттік.
Қонақүйден аумайтын кітапхана
Кітапхананы көргенде де таңдайымызды қақтық. 4 қабаттан тұратын 12500 шаршы метр аумақты алып жатқан кітапхана Түркиядағы ең ірі руханият ошақтарының бірі. Сырт келбеті бес жұлдызды қонақүйлерден еш кем емес, ал іші ілім мен білімнің шырағын жаққан алып әлем секілді. 345 мың кітап бар. «Қабат-қабат қаттаманы» қолға алып үстелге жайғасып оқисың ба, әлде диванда жатып парақтайсың ба, өз еркің. 24 сағат бойы есігі айқара ашық кітапхананың конференц-залдары бейне бір халықаралық бизнес форумдар өтіп жататын жарқыраған, жылтыраған залдармен бірдей.
Ал студенттер үшін білім алып, біліктілік арттыруға толыққанды жағдай жасалған гастрономиялық академияда шоколадтың 18 түрі жасалады екен. Онда оқуға түскен жастар түрлі ас әзірлеуді ғана емес, қонақүйде, мейрамханада қалай жұмыс істеу керектігін кәсіби түрде үйренеді.
Айтуға ұмытып кетіппін ғой. Университетке барғанда Ататүрік музейіне бас сұққанбыз. Білмейтіндер болса, тарихқа аз-маз үңіле кетейік. Мұстафа Кемал Ататүрік – тәуелсіз Түркияның алғашқы президенті. Алты ғасырдан астам уақыт айналасына айбат шегіп, айтқаны өтіп, атқаны тиіп тұрған, Еуропа, Африка және Азия құрлықтарына дәргейін жүргізген Осман империясы 1922 жылы құлады. Бірінші дүниежүзілік соғыста Үштік одақ құрамында Антантамен шайқасып, оңбай жеңілген соң түрік жерін ағылшын, француз, итальян және гректер жаулап алған. Осы кезде 41 жастағы Мұстафа жасындай жарқ етіп, өз халқын жұдырықтай жұмылдырып, басқыншыларды тым-тырақай қуып шығады да бодандықтың ноқтасын сыпырады.
Содан соң он ойланып, жүз толғанып елді дамытудың оңтайлы жолдарын іздейді. Әуелі шариғат заңдарын жойып, зайырлы, демократиялы мемлекеттің негізін қалайды. Білімді, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытып, қысқа уақыттың ішінде Түркияны қуатты, қайратты елге айналдырады. 1938 жылы келместің кемесіне мінген Ататүріктің кіндігінен ұрпақ тарамаған. Бірақ бүгінде түріктер түгел дерлік оны рухани аталары санайды. Қай ғимаратқа кірсеңіз де Мұстафа Кемалдың портреті көзге оттай басылатыны сондықтан.
Үшқабатты музей қабырғаларына түрік көсемінің фотосуреттері ілінсе, бөлмелері оның өз үйінің үлгісінде жасалыпты. Мұнда 32 экспонат бар, ішіндегі ең бағалылары - Ататүрік оқыған Құран мен анасы Зүбейденің жайнамазы.
Түртітілдес журналистер қоры делегациясының келесі барған жері – «Canal B» телеарнасының редакциясы болды. Бұл арна 2004 жылы құрылған. Қазір 15 журналист жұмыс істейді. Күн сайын 6 сағат тікелей эфирге шығады. Күнделікті жаңалықтар мен саясатқа басымдық беріліпті. Балаларға, әйелдерге арналған бағдарламалар да бар. Уақыт тығыздығына байланысты ондағы әріптестермен көңіл жазып, көсіле сөйлесе алмадық.
Осы күндегі ең соңғы хәм ең маңызды кездесу – Түркия мәдениет және туризм вице-министрі Надир Алпарсланмен болды. Сол кездесуде Нәзия апайдың кеудесін кімге де болсын бастырмайтын мінезіне тағы бір куә болдық. Қысқаша қайырайын. Әуелі Надир Алпарслан бізді сағаттап тостырып қойды. Кабинетіне кіргенде де селқос тыңдап, телефоннан бас алмай отырып алды. Нәзия Жоямергенқызы сол кезде сөзін кілт тоқтатты да, сәл үнсіздіктен кейін өктем үнмен:
- Кешіріңіз, уақытыңыз жоқ сияқты. Онда біз қайта берейік!, - деді.
Басын көтере қалған вице-министр өзіне инедей қадалған қазақ қызының көзіне көзі түскенде сасып қалды білем, күлімсірей кетіп:
- Жоға, шұғыл бір жұмыс бойынша жауап беріп жатыр едім. Құлағым сіздерде, - деді.
Ары қарай әңгіме қызыды. Қазақстан-Түркия арасындағы достық-бауырластық қарым қатынасты нығайту үшін мәдениет пен туризм саласын насихаттауға көңіл бөлу, Қазақстаннан Түркияға келетін туристер санын арттыру және түріктердің еліндегі туристік мекендер туралы барынша мол мағлұмат беру, Түркітілдес журналистер қорымен бірге ортақ жобалар жасау туралы әңгіме өрбітілді. Келесі күні Нәзия апайға сол министрлікте істейтін таныстарының бірі «Надир Алпарслан сізді мақтап жатыр. Қайсар, қайтпайтын әйел екен. Ойы, жоспарлары дұрыс. Оны қолдау керек» депті. Демек, сапарымыздың басты миссиясы орындалды деп ауыз толтырып айтуға болады.
Күн еңкейген шақта қонақүйге бет алдық. Ертең таңсәріден тұрып, ұшақпен сұлу Стамбулға бағыт алмақпыз.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер