A+ A A-

admin 38 18-04-2025, 10:30 0

Сәулетіне дәулеті сай Стамбул

Бүгін / Өзге

Бұрын тек телехикаялардан көретін сұлу Стамбулға табанымыз тие сала көңіл құсымыз түледі. Ал қаланы екіге бөліп тұрған Босфор бұғазының жағалауына келгенде аңқайып аузымызды аштық. Ғаламат! Сан түрлі реңге боялған ғимараттардың үстінен шоң мешіттер менмұндалайды. Шарықтап ұшқан шағалалар шартараптан жиылған, түрі мен түсі бір-біріне ұқсамайтын адамдардан жатырқамайды. Керісінше таяп барып, лақтырған нанын тұмсығымен қағып алады. Көпірде құжынаған нөпір. Кезінде айналасына айбат шеккен Рим, Византия, Осман империяларының бас қаласы болған осынау көне шаһарға Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен келген жайымыз бар. Үш күн Анкараны аралап, енді міне Стамбулға жеткен бетіміз.

Әуелде ұшақпен келеміз деп ойлағанбыз. Бірақ таң құланиектене алып ұшып әуежайға барсақ күтпеген жерден «Стамбұлға ұшақ ұшпайтын болды» деді. Ертеңге дейін бір де бір авиакомпанияда Анкараға билет жоқ екен. Жүрдек пойызға жалма-жан билет қарап едік, ол жақтан да бағымыз жанбады. Сол кезде бізді Түркияға бастап келген қор президенті Нәзия Жоямергенқызы интернет арқылы сағат сайын автобус жүретінін біліп, автобекетке қарай тартып кеттік. Автобекетте адам ығы-жығы. Түрлі компаниялардың түрлі автобустары түрлі уақытта қатынайды. Түрікше түріктерден кем сөйлемейтін Нәзия апай біреуіне барып, бағасын сұрады. Қымбаттау әрі жолда көп тоқтайтын болғандықтан келіспей, басқасына бара жатыр еді, кассадағы жігіт соңынан жүгіріп жетіп, айқайлай жөнелді. Түкке түсінбей қалдық. Кассирдің шамырқанғаны сонша көзі шарасынан шыға жаздап тұр. Бұндайда Нәзия апай сассын ба? Айтып-айтып тастады. Сол айтқан сөздерінен «полиция» дегенін ғана ұқтық. Әлгі жігіт сөзден жеңе алмайтынын көріп, кетіп қалды. Кейін не дегенін жолбасшымыздан сұрағанымда:
- «Менің уақытымды босқа алдың. Сол үшін билет сатып ал» деп қояды. Алмайтынымды, қысымын қоймаса полиция шақыратынымды айттым. Түрік жігіттері қызуқанды. Оларға осылай төтеп бере білу керек. Әйтпесе саудаң бітті, - деп жауап берді.

Таксиге мінбей-ақ қойыңыз

Осы бір аптаға жуық уақытқа созылған сапардан түріктер туралы түйдек-түйдек ой түйіп қайттым. Оны бірте-бірте айта жатармын. Әңгімемізді Стамбулдың алабөтен ұсқынды, тарихы мазмұнды көшелерінен бастайық. Біз орныққан шағын қонақүй дәл орталықта. Мұқым Қазақстан халқымен пара-пар адам санын бір өзіне сыйдырып отырған қаладағы үйлер бір-біріне жақын, жапсарлай салынған. Ортадағы тар жолмен адам да, мотоцикл да, велосипед те жүреді. Жүргенде Стамбулдың көшелері таусылып бітпейді екен. Ұшы-қиыры жоқ. Құдды бір ирелеңдей шұбатылған лабиринттей. Адасып кетсең табаныңнан тозасың. Екі шетіндегі сан алуан дүкендер мен дәмханалардан көз сүрінеді.
Мақаламыздың тақырыбына қарап, бұл шаһарда бәрі бай деп ойлап қалмаңыз. Көше кезген кембағалдар да бар. Киер киім, ішер тамақтан тарығып, қайыр тілеп отыратындардың көбі – сириялық босқындар. Емшектегі баласын алдына алып, өткен-кеткендерге алақан жайған әйелдер мұңға толы көзімен-ақ соғыс атты сұмға лағнет айтып отырғандай. Басында күркесі, астында көрпесі жоқ панасыздарды көргенде жаның ашып, бейбітшіліктің қадірін шын түсінеді екенсің...
Стамбулға барсаңыз таксиге мінбей-ақ қойыңыз. Тым қымбат. Оның үстіне «таксометр қосамын» деп иландыратын таксишілер әдейі шалғай жолмен айналып келеді де ердің құнын сұрайды. Сол үшін автобусқа, трамвайға, метроға отырсаңыз әлдеқайда тиімді. Біз солай істедік.

  
Сауда-саттықты қыздырып жатқандар көп мұнда. Торқадан тігілген сан түрлі киім-кешек, ыдыс-аяқ, әтір-пәтір, сағат па, садақ па, не керектің бәрін табасың. Саудалассаң бағаны түсіруге болады. Қасыңда түрікше білетін сапарласың болмаса қиын. Қазақшаң да, орысшаң да көмектеспейді. Бір қызығы, түрікше білетіндерге сатушылар басқа баға айтады. Тіпті дәмханалардың өзінде екі мәзір бар. Даяшылар түрікше сөйлегеннің қолына арзанын, шетелше шүлдірлегенге қымбатын ұстатады. Мысалы, мен дәріханаға кіріп бір дәрінің құнын ағылшынша сұрағанда басқалай, ал Нәзия апай түрікше үн қатқанда басқалай айтты. Сол үшін де олар сөредегі жалт-жұлт еткен тауардың бағасын жазып қоймайды. Стамбулға барамын деп жүрсеңіз осыны да қаперіңізге түртіп қойыңыз.
Жайбарақат келе жатсаңыз алдыңыздан атып шығып, жолыңызды көлегейлеп, дәмханасына шақыратындарды қайтерсіз? Іші-бауырыңызға кіріп, арасында орысша да сөйлейді. Есіктен шықса тесіктен, тесіктен шықса есіктен кіретін пысықтардың бірі бізге: «Пойдемте, бешбармак есть» деп қояды. Сыпайы бас тартқаныңызда күндей күлімдеп тұрған бет-әлпеті лезде түнеріп, қатуланып кетеді.

 

Байқағанымдай, сол дәмханаларда кең иықты, бұлшықеті бұлтылтаған жігіттер тамақ тасып, еден сыпырып, ыдыс жуып жүр. Біртүрлі көрінді. Сөйтсем, Түркияда күйеулері әйелдеріне жұмыс істеуге тыйым салады екен. Олардың миссиясы – бала туып, үй шаруасында отыру деп түсінеді. Патриархат. 10 әйелдің төртеуі үйде зорлық-зомбылыққа ұшырайды деседі. Түрікке тұрмысқа шығуды әуезе көріп жүрген қазақ қыздары жақсылап ойлансын! Әй, бірақ әлі әйеліне ғана жететін дойырлар бізде де жетіп артылады ғой... 

Падишахтар салдырған мешіттер

Стамбулда мешіт деген аткөпір. Түрі де, түсі де бір-біріне ұқсамайды. Үлкені де, кішісі де бар. Аспанның ақша бұлттарына қадала салынған зеңгір мұнаралары ерекше сәулетті.
- Осман империясының падишахтары тарихта атын қалдыру үшін не жер жаулаған, не ғимарат салдырған, - деді Нәзия Жоямергенқызы екі әйдік мешіттің ортасында тұрғанымызда (Бірі – Сұлтан Ахмет мешіті, екіншісі – Айя София) – Мысалы, I Ахмет кезінде османдар бір мезгілде екі елмен – Австрия және Иранмен соғысып жатты. Бұл 1606 жыл. Жеңіле бастағанда Австриямен бітімге қол қоюға мәжбүр болған. Сөйтіп, Австрия Осман империясына жыл сайынғы алым-салық төлеуден босатылады. Ел арасында абыройы аласарып қалған I Ахмет мешіт салуды ұйғарған. Сұлтан Ахмет мешіті осылай бой көтерді.
Ал Айя София кезінде христиан соборы болған. Тарихы ілкіден бастау алатын көне ғимарат дін үшін соғыста талай қирап, талай қалпына келтірілген. 1453 жылы османдар Константинопольді басып алғаннан кейін собор мешітке айналды. Ататүрік 1935 жылы Айя Софияның бай тарихын сақтап қалу үшін оны музей қылған. Сөйтіп, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізіліп, жер жаһандағы жұрт жиі келе бастады. Бірақ 2020 жылы Түркия Президенті Эрдоған жаңа бұйрық шығарған соң Айя София қайта мешіт болды.

 

Енді Стамбулда барған жерлерімді жіпке тізейін. Әр жер туралы кеңінен көсілмей, қысқа қайырғаным жөн шығар. Әйтпесе біреуінің өзі туралы бірнеше бет жазуға болады. Ендеше кеттік:
- Таксим алаңы. Қаланың ортасындағы ұзын арбатта күндіз-түні тіршілік қыж-қыж қайнап жатады. Танымал мейрамханалар, түнгі клубтар, брендті дүкендер, аллеялар мен көрнекі орындар көп. Халық қана емес, полицейлер де бұрыш-бұрышта қаптап жүр. Қауіпсіздікті күзеткен сақшылар мотоциклге мініп, автомат асынған. Бір қызығы, арбатта орындық жоқтың қасы. Жұрт дәмханаларға жайғассын деп істелген бе деп ойладым. Таксим алаңын аралаймыз деп аяқтың талғаны сонша қонақүйге келгенде төсекке кескен теректей құладық.

  
- Бургаз аралы. Кемеге отырып, мәрмәр теңізінің ортасындағы аралға бардық. Осында 1928 жылы салынған шипажай Стамбулдағы ең алғашқы шипажайлардың бірі. Атақты түрік ақыны Саит Фаик тамсанып, жырына қосып өткен аралда күнге қыздырынып, суға шомылдық. Теңіз жағасындағы саф ауаны ашқарақтана жұтқанда кеуде-сарайың ашылады. Пах, шіркін, жазып отырып тағы бір барғым келіп кетті!

  
- Қазақтар шоғырланған Зәйтүнбұрны ауданы. Жүздеген ұлт тұратын қалада қазақылықтың иісі сезілетін жалғыз аудан осы. Абай атындағы аллеяда хакімнің
кеуде мүсіні тұғырға қонған. Ұлттық тағамдарымыз пісірілетін дәмханаға да баруға болады. Көше кезіп жүріп қазақ апасын көріп қалдық. Құрбанай апамен аз-маз әңгімелесіп едік, үйіне шайға шақыра кетті. Аузын ашса жүрегі көрінетін қазақтың апалары-ай! Уақыт тығыздығына байланысты қонақ бола алмадық. Сол күні апа Шымкентке жол жүрмекші екен. «Жастау кезде елге жиі барып тұратынмын. Қазір сапарым сиреді» деді ол.

  
- Көне вокзал. Еуропаға қатынайтын ең алғашқы теміржол вокзалын көрдік. Қырым соғысынан кейін Осман патшасының британдық парламент мүшесі Лабромен жасаған келісімен соң салына бастаған. Алайда үш айдан соң құрылысы тоқтап қалып, тек 1869 жылы австриялық банкирдің ақша құюымен қайта жанданды. 3 жылдан соң ашылып, пойыздар рельске шықты. Вокзал ішіндегі қабырғаларға ілінген суреттер сол тарихтан сыр шертіп тұр. Қақ ортадағы бір ерекше арт-нысанға еріксіз көз қадайсың. Ол – Бірінші дүниежүзілік соғыста жақынына жазған хаты жетпей қалғандарға арналады. Жіпке шашырай ілінген хаттардың алдындағы тақтайшада: «Соғыстың сұрапыл жағдайында өз иелеріне жетпеген 25 мың хат мұрағат қорында бір ғасыр бойы сақталып келген» деп жазылған.

  
- Гүлхане саябағы. Стамбул орталығындағы ең үлкен саябақ бұл. Жапырағы жайқалған ағаштар мен үлбіреген нәзік гүлдер көз тарта құлпырып тұр. Ататүріктің еңселі ескерт
кіші бар. 17 гектар аумақты алып жатқан саябақ ішінде музей мен кітапхана да орналасқан. Аспан айналып жерге түскендей аптап ыстықта бақтың көлеңкесіне келіп сая тапқан адам қарасы қалың. Кейбіреулер жасыл кілемін жайған жерге жатып, ұйықтап та кетіпті. Адамды қойшы, Стамбулдың ит екеш иттерінің де жұлдызы оңынан туыпты. Бақтағы ұйқы құшағында тербелген төрт аяқтыларды көргенде солай ойладым.

P/S: Жұмыс сапарымен келгендіктен қаланың талай жерін көре алмай кеттік. Сәтін салса тағы да табанымыз тиер. Түріктер қызуқанды дегенмен өте қонақжай екен. Мейманына жағамын деп шыр көбелек болады. Қыздарының арасында темекі тартып, ашық-шашық киінетіндер де, бет-аузын бүркеп алғандар да кездесті. Біздікіндей. Тағы бір айта кетерлігі, жол ережесін ешкім сақтамайды. Рөлдегілер де, жаяулар да. Ақыр аяғында өзіміз де рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өтетін болдық. Хош. Бұл менің осынау сапардан түйгендерімнің бір мақалаға сыйғандары ғана. Сыймағанын естігіңіз келсе, шайға шақырыңыз, қадірлі оқырман!

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив