A+ A A-

talgatzhan 30 24-04-2025, 09:00 0

Алтай ауданындағы танымал туристік орындар

Бүгін / Алтай / Пайдалы

Алтай ауданы – облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орын тепкен. Ол Таулы Алтай Республикасы, Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Ұлан, Катонқарағай аудандарымен шектесіп жатыр. Жер аумағы 10,6 мың шаршы шақырымға тең. Бұл жердің тарихы 1928 жылдан басталады. Бұған дейін Зырян деп аталып келген аудан 2019 жылы Алтай болып өзгертілді. Қазір мұнда 2 қала мен 47 ауыл бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Алтай ауданы – шығыстағы табиғаты көркем, тарихы терең өлке. Жері негізінен таулы және шоқылы болып келеді. Бір айта кетерлігі, Алтай Қазақстандағы орманды аудандардың бірі саналады. Ал климаты күрт континенталды. Өскеменнен Алтайға жету үшін жол ұзақтығы 164 шақырымды құрайды. Қысы қатал, жазы ыстық мекеннің туристік орындарын тамашалау үшін туристер алыс-жақыннан ағылып келеді.

 

Бұқтырма су қоймасы

Бұқтырма су қоймасы – әлемдегі ең үлкен және әдемі жасанды су қоймаларының бірі. Ол облыс аумағындағы Ертіс өзенінде, Қалба, Нарын, Күршім жоталары аралығында орналасқан.

1952 жылы 15 қарашада КСРО Министрлер Кеңесі Бұқтырма СЭС-ін салу туралы Қаулы қабылдайды. Станцияны салу үшін Ертіс өзенінің бойынан ең тар жер таңдап алынады. Құрылыс жұмыстары 1953 жылы басталып, оны Социалистік Еңбек Ері Михаил Инюшин басқарған «Иртышгэсстрой» тресі жүргізеді. Бұқтырма СЭС-ін салуда Кеңес Одағында алғаш рет «қатты бетон» технологиясы қолданылды.

СЭС құрылысы тіпті қаһарлы қыстың қатты аязды күндерінде де жұмысын тоқтатпай, жедел қарқынмен жүргізіледі. Бұл туралы құрылысшылардың мына естелігінен білуге болады: «1959 жылдың қаңтарындағы қақаған аязда судың шашыраған тамшылары жерге мұз болып түсетін. Бұл ең қиын, ең ауыр қыс болды. Оңай болмады. Ертіс өзенінің түбіндегі жартастарды қопарып, кесуге тура келді. Бақытымызға қарай оны жаз айларында атқардық».

Бүгінде Бұқтырма су қоймасы елдегі ең қуатты гидроэлектростанцияға айналды.

2002 жылы СЭС-тің алпыс жерінен бетон сынамалары алынып, тәуелсіз зертханаларға сараптамаға жіберілді. Осылайша, бетонның беріктігі құрылыс кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда артқандығы анықталып, Бұқтырма бөгеті әлемдегі ең мықты деп танылды.

1960 жылдың 19 сәуірі Бұқтырма су қоймасының туған күні саналады. Дәл осы күні Ертіс өзен сулары бекітілген тау аңғарларына құйыла бастады.

 

Батыс-Алтай мемлекеттік табиғаттық қорығы

Қорық облыстың солтүстік-шығысында орналасып, Ресей Федерациясымен шекаралас жатыр. Оның тарихы 1992 жылдан бастау алады. Сол уақытта Алтай тау жүйесінің биогеоценоздарын кешенді қорғау мақсатында құрылған еді. Жалпы аумағы 86 122 гектарды құрайды.

Қорықта өсімдіктердің 804 түрі бар. Оның 30-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Атап айтқанда, көктем жанаргүлі, қауырсын қау, дала таушымылдығы, ұсақ торлы жуа, Алтай рауғашы.

Ал сүтқоректілердің 52 түрі кездеседі. Қорық аумағында түлкі, аю мен сілеусінді жиі көруге болады. Орманды жерлерде күзен мен бұлғын секілді бағалы андар бар. Құстардың балқарағай, әуезшіл сайрақ, сарықас, алабұлбұл, қызылқұнақ сынды 130-ға жуық түрі кездеседі.

Батырларға арналған ескерткіш

Алтай ауданында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан аудан азаматтарына арналған Даңқ мемориалы бой көтерген. Аталған жобаның авторы – Виктор Переверзев. Жеңістің нышанына айналған ескерткіштің биіктігі 14 метрді құрайды. Ол трапеция тәрізді 3 ұштықтан тұрады. Ұштықтың айналасында 3,5 метр биіктікте тат баспайтын болаттан тәжге ұқсас фигура қойылған. Оның диаметрі – 6 метр. Ескерткіште «Ешкім де, ещнәрсе де ұмытылмайды» деген жазу бар.


Алдағы жоспар қандай?

Алтай ауданының туристік әлеуеті зор. Аудан әкімдігі ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр Бұқтырма және Никольск рекреациялық аймақтарына 300 мыңнан астам демалушы келген.

Қазіргі таңда Жаңа Бұқтырма кентінде және Бұқтырма су қоймасының жағалауында туризмді дамыту үшін бірқатар іс-шара қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, ауылдық туризмді дамыту, қонақүй кешенін салу, жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, балаларға арналған спорттық-сауықтыру кешендерін салу жоспарланып отыр.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив