
Ем іздеген ел аман ба, дәрігер тапшы заман ба: Шығыс Қазақстанға 160 дәрігер жетіспейді
Облыстағы дәрігер тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын өзектілігін жоймай келеді. Әсіресе шалғай ауылдар мен шағын қалаларда білікті медицина мамандарын майшам алып іздесең де таппайсың. Тұрғындар өзіне қажетті дәрігерге жазылу үшін апталап, тіпті айлап кезек күтсе, кейбірі ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Әсіресе лор, кардиолог, хирург, ортопед секілді мамандар қасқалдақтың қанындай қат, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кезек көп, дәрігер жоқ
Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі бірқатар маңызды мәселелермен бетпе бет келді. Солардың ішіндегі ең өзектілерінің бірі - дәрігер жетіспеушілігі. Әсіресе ауылдарда ақ халаттылардың тапшылығы айқын сезіледі. Бұл мәселе тек медициналық қызметтің сапасына ғана емес, жалпы халықтың өмір сүру деңгейіне, денсаулық көрсеткіштеріне, елдің әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Аурухана мен емханаларда маман тапшы болған сайын, қараша халықтың сапалы әрі уақтылы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі шектеледі. Ауылдардағы ауруы асқынған кей науқастардың емделу үшін ірі қалаларға сабылып, жедел көмекке уақытылы қол жеткізе алмауы – осы жағдай салдарының бір бөлігі ғана.
Осы ретте, Өскемендегі көпбалалы аналардың бірінің пікірін тыңдадық.
- Өзім тұратын жерде дәрігер тапшылығы қатты сезіледі. Әсіресе, офтальмолог пен ортопед секілді мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Көздің көру қабілеті төмендеп, сүйек пен бұлшық ет сырқырағанда бірден көмек сұрай қоятын маман табу оңай шаруа емес. Жергілікті емханаларға хабарлассақ, көбіне: «Ана мен бала орталығында ғана қабылдайды» деген жауап аламыз. Алайда ол орталықта да жағдай мәз емес: дәрігердің қабылдауына жазылу үшін бір ай бұрын кезекке тұру қажет. Бір ай бойы сырқатпен алысып, үміт пен шыдамның жетегінде жүруге тура келеді. Осындай кезде дәрігердің қадірін де, дер кезінде көрсетілген көмектің қаншалықты маңызды екенін де жан-тәніңмен сезінесің, - дейді Индира Төлегенова (аты-жөндері өзгертілген).
Мемлекеттік емханадан қажетті маманды таба алмай, әбден сабылған кей тұрғындар амалсыздан ақылы қызметке жүгініп, денсаулық пен қаржының арасында таңдау жасауға мәжбүр.
- Дәрігерлер жетіспеушілігі көбінесе қабылдауға жазылар сәтте анық сезіледі. Қажетті маманды таппай, әуре-сарсаңға түскенде, бұл мәселе ерекше білінеді. Көп жағдайда дәрігердің кестесі бірнеше апта, тіпті ай бұрын толық толтырылып қояды. Осындайда науқастар амалсыздан басқа медициналық мекемелерге жүгініп, қосымша уақыт пен қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Біздің отбасымыз тіркелген емханада ортопед маманы мүлде жоқ. Сондықтан шұғыл қажеттілік туған сәтте Ана мен бала орталығына жазылып, бір-екі ай бойы кезек күтуге тура келеді. Ал кейде аурудың беті бері қарамағанда, денсаулыққа алаңдағаннан кейін ақылы түрде тексерілетін сәттеріміз де кездеседі, - дейді Абзал есімді өскемендік.
Ауыл дәрігерсіз, халық дәрменсіз
Ауылдардағы медицина мәселесі күн сайын күрделене түсуде. Елді мекендерде тәжірибелі және жоғары білікті дәрігерлердің болмауы, әсіресе төтенше жағдайларда науқастардың сапалы көмек алуын қиындатып отыр.
- Әсіресе балалар мен ересектерге арналған лор, кардиолог, хирург, травматолог сынды мамандар тапшы. Өкінішке қарай, дәрігерлердің көбі сол өңірлерге баруға құлық танытпайды. Оның себебі - бір жағынан ауылдағы тұрмыстың нашарлығы, екінші жағынан кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндіктің аз болуы. Соның салдарынан ауыл халқына қажетті медициналық көмек көрсету, білікті дәрігерлердің тапшылығынан қиын соғуда, - дейді Глубокое ауданында медбике болып жұмыс істейтін Әсем Асылханова.
Басқармадағылар не дейді?
Осы мәселеге қатысты биліктің жауабын білу үшін ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаевқа сауалхат жолдадық.
- Қазірде облыста дәрігер мамандарының тапшылығы анық байқалып тұр. 2025 жылдың сәуір айының ортасындағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстанға 160 дәрігер қажет. Бұл көрсеткіш дәрігерлердің тапшылығы ерекше байқалатын саладағы жағдайды айқын көрсетеді. Жалпы тәжірбиелік дәрігерлер, хирургиялық, акушерлік және гинекологиялық, офтальмологиялық, оториноларингология және басқа да мамандар бойынша айтарлықтай тапшылық бар. Осы мамандықтар әсіресе ауылдарда аса қажет. Өкінішке қарай дәрігерлер ауылға баруға құлықсыз. Ауылда өмір сүру жағдайларының қиындығы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі мен жалақының төмендігі дәрігерлердің ол жаққа баруын тежейтін негізгі себептер болып отыр, - дейді ол.
Өңір бойынша дәрігер тапшылығы әсіресе Өскемен, Алтай, Риддер қалаларында байқалады. Мысалы, Өскеменде 62 дәрігер, Алтай ауданында 32 дәрігер, Риддер қаласында 12 дәрігер тапшы.
- Дәрігер жетіспеушілігін шешу үшін облыс әкімдігі бірқатар шараны қолға алған. Электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындары жариялануда, жастарды жұмысқа тарту мақсатында медициналық университеттер ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкелері өткізілуде. Жергілікті бюджет есебінен тапшы мамандықтар бойынша резидентурада оқыту үшін қаржы бөлініп, қазіргі кезде 46 маман оқып жатыр. Сондай-ақ ауылдарға жас мамандарды тарту үшін әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы, елді мекендерге келген мамандарға көтермеақы мен қызметтік тұрғын үй ұсынылады. 2024 жылы ауылдарға көшіп барған аса тапшы медициналық мамандарға 8,5 млн теңге біржолғы ақшалай төлем берілді. Осы шаралар өз кезегінде дәрігер тапшылығын біршама жеңілдетуі мүмкін. Десе де мәселе түпкілікті шешімін табуы үшін ауылдарда медициналық инфрақұрылымды дамыту, дәрігерлерге ұсынылатын әлеуметтік қолдауды күшейту және олардың кәсіби дамуы үшін жағдай жасау қажет, - дейді Төлеген Жігітаев.
Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында өңірде біліктілікті арттыру шаралары да қолға алынған. Өткен жылы 44 маман шетелде біліктілік арттыру курстарынан өтті. Ал 2025 жылы тағы 72 маманға шетелде білімін жетілдіре түсуге мүмкіндік берілмек. Бұл шаралар дәрігерлердің деңгейін көтеріп, медициналық көмек көрсету сапасын жақсарта түседі.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет kaznovosti.kz сайтынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер