Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей сатып алуға арналған жаңа "ALTAI" көтерме және бөлшек сауда орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа сауда нысаны тұтынушыларға азық-түлікті делдалсыз, тікелей өндірушіден тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл – қала мен облыс тұрғындары үшін үлкен жеңілдік.
Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, бұл жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Құрметті шығысқазақстандықтар мен қала қонақтары! Сіздерді бүгінгі Білім күнімен қатар келген жаңа сауда орталығының ашылуымен құттықтаймын. Бұл – өңір тұрғындары үшін аса маңызды жоба. Енді азық-түлік бау-бақшадан сөреге дейін ешқандай делдалсыз жетіп, халыққа тиімді бағамен ұсынылады. Бұл орталық шекаралас өңірлермен, соның ішінде Ресей және Қытаймен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан кәсіпкерлерге шын жүректен алғыс айтамын, – деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда сауда орталығында 116 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ғимарат кең, заманауи талаптарға сай салынған. Келушілерге арналған автотұрақ та бар.
Ашылу салтанатында қызыл лента қиылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Келушілер жаңа сауда орнының жайлылығы мен қолжетімді баға саясатын оң бағалауда.
- Бізде тауарларды тиімді бағада сататын дүкендер өте аз. Сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді деп естідік. Енді және әрі балғын өнімдерді алуға өте ыңғайлы болды. Азық-түлік үшін алысқа барудың қажеті жоқ, бәрін осы жерден табамыз, - деді қала тұрғыны Айнаш Қымбатова.
Жаңа сауда орталығы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де өз үлесін қоспақ. Сонымен қатар бұл жер жергілікті тауар өндірушілер үшін де өнімдерін тікелей нарыққа шығаруға тиімді алаңға айналғалы отыр.
Пікірлер