Самар ауданында 40 жылдан кейін салынып жатқан жаңа бастауыш мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде жұмыстың 60 пайызы аяқтаған. Мердігер нысанды қараша айында толық бітіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мердігер аталған аумақта құрылыс жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Айтуларынша, құрылыс материалдары, техника және жұмысшылары толықтай жеткілікті.
– Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Қазан айының соңына дейін нысанды аяқтаймыз деп отырмыз. Нысан ішінде шағын орталығы, спорт залы бар. Барлық жағдай жасалған мектеп болады. Қазір екінші қабаттың төбесін жауып жатырмыз. Ал бірінші қабаттың ішін әрлеу жұмыстары басталып кетті. Мұнда жертөлесы де бар. Оны да жылылап істедік. Мектеп толықтай электр қуатымен жылытылады, – дейді мердігер компанияның өкілі Архат Оралбекұлы.
Айта кетейік, салынып жатқан білім ошағын аудан халқы көптен күткен болатын.
– Мектеп 150 балаға арналған, оның ішінде 30-ы шағын орталықта білім алады. Құрылыс жұмыстары облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. Бұл құрылыс Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы бойынша басталды. Мектеп ауданның дамуына жаңа серпін береді. Біз үшін балалардың заманауи әрі қолайлы жағдайда білім алуы өте маңызды. Жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, барлық істі уақытында аяқтаймыз деп күтеміз, – деп атап өтті Самар ауданының әкімі Серік Жеңісұлы.
Аудан әкімі аталған нысанның құрылыс жұмысын уақтылы және сапалы аяқталуын басты назарда ұстап отыр.
Пікірлер