A+ A A-

talgatzhan 30 22-05-2025, 13:00 0

Ерте жүктілік – ертеңімізге төнген қауіп: ШҚО-да ерте жүктіліктің алдын алу үшін не істеліп жатыр?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе / Басты

Қоғамды алаңдатып, әлемді дүр сілкіндіріп тұрған мәселелер аз емес. Соның бірі - ерте жүктілік. Жасөспірім қыздардың ерте жүкті болуы - жалғыз отбасының ғана емес, бүтін бір қауымның трагедиясы десек те болады. Сол үшін ерте жүктілік - бүгін назар аудармасақ, ертең орны толмас өкінішке айналатын күрделі мәселе. Ол түйткілдің түйіні қалай тарқатылмақ, статистика не дейді, мамандардың пікірі қандай? Осы және басқа да сауалдардың жауабын мына мақалада кеңінен тарқатуға тырыстық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жас қыздар ана болуға дайын емес

Ерте жүктілік - әлеуметтік, психологиялық және тәрбиелік дағдарыстың көрінісі. Мұндай жағдайлар жасөспірімдердің тағдырына ғана емес, тұтас ұрпақтың, ел болашағының келбетін қалыптастыруға кері әсерін тигізеді. Оның салдары ауыр. Мамандардың айтуынша, физиологиялық тұрғыдан жас қыздар ана болуға дайын емес – бұл олардың өз денсаулығына да, баланың денсаулығына да кері әсерін тигізуі мүмкін.

- Жасөспірім қыздар ағзасы физиологиялық тұрғыдан ана болуға толық дайын емес. 16-17 жас шамасындағы жүктілік кезінде преэклампсия, босану кезіндегі асқынулар, шала туу сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар бұл қыздар көбіне жүктілікті жасырып жүреді, дер кезінде дәрігерге қаралмайды – бұл өз денсаулығына қауіп төндіреді. Ерте жүктіліктің тағы бір ауыр салдары - психологиялық күйзеліс. Олар әлі балалық кезеңді өткермеген. Ал аналық жауапкершілік өте үлкен жүк. Сондықтан бұл мәселені алдын алу - медицинамен қатар, білім мен тәрбие саласының да ортақ міндеті, - дейді акушер-гинеколог Динара Ермекқызы.

Ал облыстағы жағдай қалай? 2023 жылмен салыстырғанда босанған жасөспірімдер саны өзгерген жоқ. Бірақ кәмелетке толмағандар арасындағы түсік түсіру саны 20-дан 14 жағдайға дейін азайған. Өткен жылы облыста 13 жастағы қыздың жүктілігі тіркелді. Өңір бойынша осындай келеңсіз жағдай Риддер, Шемонаиха және Алтайда байқалады. Соқыр сезімнің жетегіне еріп, ерте жыныстық қатынасқа түскендер үйленген соң ұзақ жыл бойы бала көтере алмауы да мүмкін.

- Жасым 19-да. Үйленгенімізге 1 жылдан асты. Қазір жолдасым екеуіміз емханаға қаралып, толық тексерістен өтіп жүрміз. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдай көбінесе ерте қатынасқа түскеннен болады екен. Келешекті ойламай әрекет еткенімізге өкінемін, - дейді Айдана Сүлеймен (өз сұрауы бойынша аты-жөні өзгертіліп берілді).

Ерте жыныстық белсенділіктің салдарынан жыныстық жолмен берілетін түрлі аурулар жұғуы мүмкін. Қазір республикада ШҚО АИВ ауруы бойынша 1-орында тұр. Бұл көңіліңді су сепкендей басып, еңсенді төмендетер көрсеткіш.

Ерте жүктілік – жасөспірім психикасына ауыр салмақ

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5%-ға өскен. Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Жасөспірімдердің жүктілігі үшін ең көп таралған кезең – 15-17 жас аралығы. Ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70%-ы жасанды түсік жасап, 15%-ы түсік тастайды. Қыздардың тек 15%-ы ғана сәбилерін аман-есен жеткізіп, босана алады. Қазақстанда соңғы 5 жылда 29 487 жасөспірім қыз жүкті болған. Бұл тек ресми тіркелген жағдайлар ғана. Ал қоғам білмейтіні қаншама?! Осы мәселе бойынша психологтың пікірін біліп көрген болатынбыз.

- Ерте жүктілік (әсіресе жасөспірімдер арасында) тек биологиялық емес, терең психологиялық, әлеуметтік және дамудың тежелуі сынды мәселелерді туғызады. Мұнда жағдайдың кері әсерлерін бірнеше деңгейде талдап, саралау қажет. Эмоционалдық әсерлер:
- Стресс және қобалжу: Жас ананың өмірлік тәжірибесінің шектеулігі, жауапкершілік қорқынышы, болашаққа белгісіздік үрейге әкеледі.
- Депрессия белгілері: Қоғамдық қысым, жалғыздық сезімі немесе гормондық өзгерістер депрессияға ықпал етуі мүмкін.
- Өзін-өзі бағалауға әсер: Жасөспірімдер дене бейнесіне сезімтал кезеңде жүктілік дене өзгерістерімен (салмақ арту, гормондық өзгерістер) өзін-өзі сынауға себеп болады. Әлеуметтік және мінез-құлықтық факторлар:
- Қоғамдық стигма: Ерте жүктілік көбінесе әлеуметтік құқықсызданумен, отбасы немесе қоршаған ортаның сынымен қатар жүреді. Бұл жас ананы әлеуметтік оқшаулануға итермелейді.
- Білім және мансаптың үзілуі: Мектепті тастау немесе болашақ жоспарларды өзгерту өмір бойы өзін-өзі жетілдіруге деген сенімді төмендетеді.
- Жауапкершілікке дайындықтың жетіспеушілігі: Жасөспірімдердің тапқырлық пен эмоционалды тұрақтылық деңгейі бала тәрбиелеу талаптарына сай келмеуі мүмкін. Даму кезеңдерінде:
- Сәбиге байланысты қатынас: Эмоционалды жетілмегендік сәбимен дұрыс байланыс құруды қиындатады, бұл нәтижесінде баланың психологиялық дамуына әсер етуі мүмкін.
- Жеке сәйкестік дағдарысы: Эрик Эриксон теориясы бойынша, жасөспірімдер "сәйкестік пен рөлдік шатасудың" кезеңінде болғандықтан, ерте ата-аналық рөлі олардың өзін-өзі тану процесін бұзады. Ұзақ мерзімді салдарлар:
- Психологиялық соққы: Егер жүктілік мәжбүрлеу, зорлық-зомбылықпен байланысты болса, ПТСР дамуы мүмкін.
- Буыннан-буынға циклдары: Жас аналардың қолдау жүйелерінің жетіспеушілігі олардың балаларының да осындай тәжірибелерге ұшырауы ықтималдығын арттырады.
Қорытындылай келе
Ерте жүктілік тек жеке тұлғаның емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Оның психологиялық салдарларын жеңу үшін көп факторлы тәсіл қажет: медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдау. Жас аналардың қабілеттілігін арттыру, олардың өзін-өзі бағалауын нығайту және болашаққа сенімділік сезімін қалыптастыру - психологтардың негізгі міндеті, - дейді психолог Әсем Рахым.

 

Тастанды балалар көбейеді

Қоғамда жыл сайын көмекке мұқтаж нәрестелер саны артып келеді. Бұл жағдайдың астарында көбіне - ерте жүктілік жатыр. Жасөспірім қыздар күтпеген жүктілікпен бетпе-бет келгенде, аналық жауапкершілікке дайын болмағандықтан жаңа туған сәбиден бас тарту жағдайлары жиі кездеседі.

Мұндай сәттерде нәресте көбіне перзентханадан бірден сәбилер үйіне жіберіледі. Ал кейбірі тіпті тіркеуге алынбай, бейресми жолмен тастанды бала ретінде қоғамның көлеңкесінде қалып жатады.

Мамандардың айтуынша, тастанды балалардың көбеюі – әлеуметтік бақылаудың әлсіздігінен және жыныстық сауаттылықтың төмендігінен туындайды. Ал бұл туралы Қазақстан Республикасының заңы не дейді?

ҚР Қылмыстық Кодексінде 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Бұл әрекеттер үшін ең ауыр жаза – 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 121-бабы ("Жас балаға жыныстық қатынас жасау") және 122-бабы ("Жас балаға жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасау") ерте жүктіліктің құқықтық қақтығыстарға байланысты жағы. Себебі олар кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін.

 

Мәселенің шешімі бар ма?

Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында облыс көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнының студенттері үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында кездесулер өтеді. Оған көбінесе гинеколог және психолог мамандар қатысады. Одан бөлек, республика бойынша жыл сайын «Репродуктивті денсаулық» аптасы өткізіледі.

Апталықта Ашық есік күндері, тегін медициналық тексерулер мен кеңестер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және жастарға арналған арнайы бағдарламалар болады. Соңғы жылда аймақта 1 256 ақпараттық-ағартушылық іс-шара өткізілген.  Айта кетейік, қазір республика өңірлерінде Жастар денсаулығы орталығы да жұмыс істейді. Соның ішінде облыстағы орталыққа 15 295 өтініш тіркелген.

– Қыздардың ерте бала көтеруі қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Соның кесірінен көптеген жас отбасы бала сүйе алмай жылдар бойы емханалардың есігін тоздырады. Аналарға айтарым, қыз бала гинекологтың тексеруіне бірінші рет 8-9 жаста баруы керек. Өйткені, сол жаста оның ағзасы дами бастайды. Кейін жыл сайын дәрігерге қаралып отыруы тиіс, – дейді облыстың бас репродуктологы Надира Слямханова.

Педагог маман Нұршат Советкәрімқызының айтуынша, мектепте ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ұлағатты ұстаздың өз тәжірибесінде ерте жүктілікке қатысты біраз жағдайлар кездескен екен.

- Менің ағартушылық қызметке кіріскеніме 20 жылдай болып қалды. Осы жылдар арасында көптеген жағдайларды көзбен көрдім десем де болады. Сыныбымда оқушы болып жүріп, аяғы ауыр болып қалғандар да кездесті. Сондықтан ең алдымен қыз балаға дұрыс тәрбие беріп, 40 үйден тыю керек деп ойлаймын. 40 үйден тыю деген шектеу қойып, үйге қамап кою емес, ақылыңды айтып, сыртқы жаман әсерден қорғау. Қыз балаға мейіріміңді төгіп, аялау, қамқорлық көрсету. Біз ұстаз болсақ та әр баланың жанына үңіліп, сағын сындырмауға тырысамыз. Жылылықты үйде көрмеген қыз әркімнің етегінен ұстап кете беруі де мүмкін. Барша аналарға айтарым, қыздарыңызға уақыт бөліп, құрбыдай сырлас болыңыздар. Әкелерге айтарым, ханшайымдай көріп, еркелетіп, қорғаны болып жүріңіздер. Сонда қоғамда осындай жаға ұстатар жағдайлар азайып, қыздарымыз инабатты, ибалы, ұлдарымыз ақылды, батыл болып өседі, - дейді педагог.


P.S: Қыз бала – аманат. Аманатқа қиянат жасамау – қоғамның жауапкершілігінде. Халқымыз «Бағалай білгенге – бақ қонар» дейді.  Сондықтан аяулы да нәзік гүлдерімізді бағалайық! Ерте жүктіліктің алдын алу үшін қоғам болып бірлесе атсалысайық.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив