Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Шолпан Нұрғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бас және мойын қатерлі ісігі - ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмей, мұрын, параназалді синус, қалқанша без, бас және мойын терісінде дамитын дерт.
- 2025 жылдың алғашқы 5 айында облыста бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 76-ға жетті. Ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 73 жағдай тіркелген. Яғни, сырқаттанушылық деңгейі 6,1%-ға өсті. Қатерлі ісіктің ерте анықталу көрсеткіші 28,9%-ды құрады, - дейді Шолпан Нұрғалиева.
Белгілі болғандай, ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында нақты диагноз қою үшін барлық заманауи диагностикалық әдіс қолданылады. Атап айтқанда, ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, фиброларингоскопия, қалқанша безі мен лимфа түйіндеріне УДЗ-мен жасалатын жіңішке инелі биопсия. Сондай-ақ орталық мамандары обырдың таралу деңгейіне байланысты хирургиялық ота, химиотерапия және сәулелік терапиямен емдейді.
Айта кету керек, қалқанша безге эндоскопиялық тиреоидэктомия сынды ерекше ота жасалады. Бұл әдіс әзірге тек Өскемен мен Астанада енгізілген.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер