Кеше Қара Ертіс өзеніндегі іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 21 маусымда тыйым салынған жерде шомылу кезінде 2007 жылғы жасөспірім суға батып кетті. Оны құтқармақ болған 1991 және 1992 жылғы екі ер адам күшті ағысқа төтеп бере алмай, өздері де суға батты. Қайғылы оқиға Боран ауылынан 5 шақырым жерде болды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары үш тәулік бойы жүргізілді. Оқиға орнында және ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штабтар құрылды. Іздеуге Шығыс Қазақстан мен Абай облысының құтқарушылары, полиция қызметкерлері, еріктілер, жергілікті атқарушы органдар мен шекара қызметінің өкілдері қатысты. 176 адам, 15 су көлігі, үш дрон, су астында жүретін дрон және эхолот тартылды.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, суға батқан барлық адамның денесі табылды.
Пікірлер