Өскеменде «Жасанды интеллект – мәдениет және өнер мекемелерінің қызметінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Аталған іс-шара Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада ұйымдастырылды. Цифрлық технологияларға арналған бұл халықаралық практикумды ШҚО Мәдениет басқармасы, Өскемен қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ШҚО кітапханашылар қауымдастығы бірлесіп өткізді. Конференцияға Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің жетекші сарапшылары қатысты.Шара барысында кітапхана, музей, мәдениет орталықтары мен креативті алаңдардың қызметкерлері жасанды интеллектті күнделікті жұмысында қолдану бойынша қажетті білім мен практикалық дағдыларға ие болады.
Басты спикер ретінде келген Ресей Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар ғылыми-ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Вадим Степановтың айтуынша, жасанды интеллекттің мәдениет мекемелеріндегі қолдану жолдары талқыға салынды.
— Бұл — Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың бастамасы, яғни мәдениет қызметкерлерін осы қуатты құралды пайдалануға үйрету. Өскемен жаңашылдықты игеруде көш бастап келеді. Жақсы бір сөз бар: «Жасанды интеллект адамдарды алмастырмайды, бірақ оны қолдана алмаған адамдарды алмастырады». Бұл — біздің конференциямыздың негізгі ұраны, — деді ол.
Конференцияның теориялық бөлігінде сарапшылар келесі өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасайды:
•Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект платформасы және IrbisGPT жобасы;
•Жасанды интеллекттің эволюциясы: идеядан «ойлайтын» модельдерге дейін;
•Жасанды интеллектті мәдени-ағартушылық жұмыстар мен SEO жүйелеріне біріктіру;
•Нейрожелілердің ғылым, мәдениет және білім салаларындағы рөлі;
•Жасанды нейрондық желілердің жұмыс істеу принциптері.
Ал конференцияның басты қызығы – оның практикалық бөлігі болмақ. Атап айтқанда:
•Кітаптарды компьютерлік көру арқылы каталогтау;
•Мәдени мұра нысандарын 3D сканерлеу;
•Музыка, костюм және визуалды эффектілерді нейрожелілер көмегімен генерациялау;
•Интеллектуалды чат-боттарды баптау;
•Иллюстрациялық, аудио және видеоматериалдарды жасау мен сапасын арттыру.
Айта кетейік, қатысушылар ЖИ көмегімен медиа-контент жасауды үйренетін тренингтерде білімдерін жетілдіреді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл конференция аймақ мәдениетінің дамуында жаңа кезеңнің бастау нүктесі болмақ. Себебі жасанды интеллект енді болашақтың емес, бүгінгі күннің нақты құралына айналуда.
Пікірлер