Жиынның тақырыбы - «Мемлекеттік тіл – қоғамдық қатынас тілі: көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірі мәселесі», деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, көрнекі ақпарат құралдары мен жарнама мәтіндерінің сауатты, бірізді ресімделуін қамтамасыз ету, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің мемлекеттік тілде дұрыс әрі толық ұсынылуын бақылау.
Семинар-кеңеске облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, қала және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері мен тіл мамандары қатысты.
- Бүгін тамақтану орындарында мәзір мен атаулар мемлекеттік тілде берілу мәселесі жайлы сөз қозғау үшін жиналып отырмыз. Қазір ШҚО Мәдениет басқармасында ономастика, тіл мәселесі жайлы бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Әлеуметтік желілерде көрнекілік ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылмауы, қоғамдық тамақтану орындарында мәзірдің тек орыс тілінде берілуі - қазіргі басты мәселе. Соның әсерінен тұтынушы мен кәсіпкер арасында кикілжіңдер болып жатыр. Бұл бізге e-Otinish арқылы түседі. Сондықтан осы мәселені жан-жақты талқылап, бір шешімге келу керек, - деді ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Шара барысында кәсіпкерлер палатасының, құқық қорғау органдарының өкілдері мен тіл мамандары баяндама жасады. Сондай-ақ ас мәзірлерінің мемлекеттік тілде берілу деңгейі талқыланды.
- ҚР ӘҚБтК-нің 75-бабына сәйкес, дәйектемелер және көрнекі ақпараттарын орналастыру талаптарын бұзғаны үшін ескерту беріледі. Егер жағдай қайталанса, кәсіпкерлерге – 5АЕК, ірі кәсіпкерлер мен субъектілерге – 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - деді облыс прокуроры Рауан Сайранбекұлы.
Айта кету керек, биыл өңірде қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірі мәселесі бойынша 30 заңбұзушылық анықталған. Жиын соңында нақты ұсыныстар қабылданып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған бірқатар шара белгіленді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер