A+ A A-

talgatzhan 8 Кеше, 11:30 0

Хайп қуғандарға ескерту һәм атойлаған Амантаев: Өскеменде бокс кеші өтті

Бүгін / Басты / Спорт

Қаладағы Жекпе-жек сарайында өткен STEPPE BOXING 1 халықаралық кәсіби бокс кеші қазақстандық бокстың аймақтық деңгейден халықаралық аренаға бет алғанын айқын аңғартты. Сарапшылар пікірінше, бұл турнир бір реттік шара емес, кәсіби бокстың жаңа экожүйесін қалыптастыруға бағытталған жобаның бастауы болуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Амангелді Мұхамбедьяров: ТМД аренасына дайын боксшы

Жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен Амангелді Мұхамбедьяровтың жеңісі тек жеке жетістік емес, оның болашақ әлеуетін де көрсетті. Сарапшылар бауырға бағытталған шешуші соққыны айқас бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалап отыр. Боксшы қарсыласын шаршатып, қорғанысын әлсіреткен соң ғана жоспарлы шабуылға барған.

Болжам бойынша, Мұхамбедьяров алдағы 1-2 жылда ТМД елдеріндегі беделді рейтингтік жекпе-жектерге қатысып, халықаралық рейтингке енуі мүмкін. Оның физикалық қуаты мен тәртіпке негізделген стилі шетелдік қарсыластарға да қауіп төндіре алатыны байқалды. Әсіресе, қарсыласы түркіменстандық спортшыны бүйірден ұру арқылы бірден тізерлетті. Рингтегі төреші есеп ашып, жағдайын сұрады. Әуелде еңсе тіктегенмен, ұзатпай тағы бір нокдаун тіркелді. Тағы есеп ашылған еді, көршілес елден келген боксшы ары қарай жұдырықтасуға құлықсыз екенін білдірді.

Аңдаусызов пен Оразхан: реванш бола ма?

Бек Аңдаусызов пен Ілияс Оразхан арасындағы тең нәтиже екеуара текетірестің әлі де аяқталмағанын аңғартады. Сарапшылар бұл дуэльдің үшінші жекпе-жегі міндетті түрде өтуі тиіс деген пікірде. Себебі екі боксшы да тактикалық тұрғыдан бір-біріне толық бейімделген, ал тең нәтиже нақты фаворитті анықтауға мүмкіндік бермеді. Оған қоса, Аңдаусызов мұның алдыңда Ілияс Оразханға есе жіберген болатын. Екеуі де Шығыс Қазақстанның тумалары.

Болжам бойынша, келесі кездесуде жеңіс боксшылардың физикалық дайындығынан гөрі психологиялық тұрақтылығына байланысты болмақ.

Сапарбайдың сәтті жекпе-жегі

Co-main event айқасында сенімді жеңіске жеткен Сапарбай Айдаров бокс білгірлері тарапынан ерекше жоғары баға алды. Оның шабуылдағы агрессиясы, рингті тиімді пайдалана білуі және соққылар дәлдігі – титулдық айқастарға апарар негізгі факторлар ретінде аталып отыр.

Әр қаладан келген мамандар болжамынша, Айдаров жақын арада аймақтық белбеу үшін жекпе-жекке шығуы мүмкін. Егер ол дәл осы қарқынын сақтаса, халықаралық деңгейдегі промоутерлер назарына ілігуі әбден ықтимал.

Атойлаған Амантаев

Кештің басты жекпе-жегінде Мұхит Амантаев өзінің мол тәжірибесін толық пайдаланды. Сарапшылар айтуынша, бұл айқас жас боксшылар үшін нағыз сабақ болды. Амантаев қарсыласын жылдамдықпен емес, тактикалық сауаттылықпен жеңді. Бірақ кей жанкүйер оның өзінен деңгейі төмен боксшымен шеберлік байқасып, күш пен тәжірибе үйлеспегендігін де айтты.

Болжамға сәйкес, Амантаев үшін келесі кезең – рейтингте жоғары тұрған қарсыластармен кездесу. Оның шаршы алаңды сезіне білуі мен соққылар сериясын лезде өзгерте алу қабілеті әлі де бірнеше жыл бойы жоғары деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.

STEPPE BOXING: болашағы бар жоба

Сарапшылар STEPPE BOXING жобасының келешегіне де оң баға беріп отыр. Егер турнирлер тұрақты түрде өткізілсе, Өскемен Орталық Азиядағы кәсіби бокстың маңызды орталықтарының бірі болмақ деген де айтылды.

Мұндай жобалар жергілікті боксшылардың шетелге шықпай-ақ халықаралық тәжірибе жинауына жол ашып, жас спортшылар үшін нақты мотивациялық алаң қалыптастырады. Сарапшылардың ортақ болжамы сол, STEPPE BOXING алдағы бірнеше жылда Қазақстандағы кәсіби бокс картасында маңызды брендке айналады.

Хайп па, айып па?

Әсіресе, ережесіз жекпе-жек пен бокс баспасөз конференцияларында спортшылар бір-бірлерінің шымбайына батар сөз айтып, психологиялық қысып жасауға тырысады. Спорт шеңберінде мұны хайп дейді. Яғни, сөзбен «шағып», жұдырықтасу алдында меселін қайтарудың бір әдісі. Амангелді Мұхамбедьяров өз жеңісінен кейін барша спортшыға қарата кеңес айтты. 
– Хайп деген нәрсе бар. Соның әсерімен көптеген спортшы баспасөз-конференция өткізеді де, сол жерде қырылады. Боқтап, балағаттайды, одан қалса бір-біріне микрофонмен жүгіреді. Егер салмақты, орнықты ойлайтын азаматтар сырттай бақылап отырғанда көзге оғаш көрінеді. Себебі, 30-40 жастағылар бар, олардың соңынан еріп келе жатқан жастар бар. Оларға ондай үлгі көрсетпей-ақ қояйық. Хайпты біреудің шамына тимейтіндей етіп те жинауға болады. Дайындалдың, шықтың, төбелестің, құлаттың, екі ауыз әдемі сөзіңді айттың – міне, осы қадам әлдеқайда дұрыс. Осы үшін де сіздерді сыйлайды. Қысқасы, сенің айтқаныңмен келіспеймін, өз дегенімізден қайтпаймыз десеңіздер, онда рингте кездесеміз. Осында келіңіздер. Мен сіздерге дұрыс хайп жинауды үйретемін, – деп қорытты сөзін.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив