A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 19:00 0

Өскеменде «Барқытбел» этно ансамблі концерт кешін өткізді

Бүгін / Өскемен

Тарбағатай ауданындағы Ақжар Мәдениет үйі жанынан құрылған «Барқытбел» этно ансамблі облыс көрермендеріне арналған ауқымды концерт өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараның негізгі мақсаты – қазақтың көне музыкалық аспаптарын кеңінен таныстырып, ұлттық музыка арқылы халықтың бай мәдени мұрасын насихаттау.

Концерт барысында көрерменге қазақтың қара домбырасы, қыл қобыз, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптар ұсынылып, олардың тарихы мен маңызы жан-жақты таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің басты идеясы – Алтай–Тарбағатай өңіріне тән музыкалық мектептің дамытушылық сипатын көрсетіп, көне өнерді заманауи сахна тілімен жеткізу.

Шара ерекшелігі – қазақ және түркі әлеміне кеңінен танылған TURAN этно-фольклорлық ансамблінің «Барқытбел» ұжымымен бір сахнада өнер көрсетуі. Бұл кеш тек концерт емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, шеберлік мектебі іспеттес тағылымды кездесу ретінде өтті.

Ақжар Мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаеваның айтуынша, ұлттық аспаптар – халық тарихының айнасы.

– Қазақтың қара домбырасы, қыл қобызы, сазсырнайы мен басқа да көне аспаптарымыз халқымыздың мәдениетінен, тарихынан сыр шертеді. Осы аспаптар арқылы қазақ елінің өткені мен рухани әлеміне үңіле аламыз. Бүгінгі кештің басты мақсаты да – сол асыл мұраны облыс жұртына паш ету, – деді ол.

Ал «Барқытбел» этно ансамблінің жетекшісі Аян Садуақасов концерт мазмұны мен бағытына тоқталды.

– Бүгін біз «Дала сарыны» атты этно стильдегі концертімізді ұсынып отырмыз. Бағдарламада сақ, ғұн, көне түркі дәуірлерінен сақталған музыкалық мұралар қамтылды. Көне қазақ аспаптарында орындалған бұл туындыларды облыс жұртшылығына тарту етуді мақсат еттік. Сондай-ақ кешіміздің арнайы қонақтары – түркі дүниесінің мақтанышына айналған TURAN этно ансамблінің мүшелері Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбет, Жанту Дадабаев өнер көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті, – деді ансамбль жетекшісі.

TURAN этно ансамблінің мүшесі Мақсат Медеубек те кеш мазмұнына жоғары баға берді.

– Бүгін Тарбағатай ауданындағы белді ұжымдардың бірі – «Барқытбел» этно ансамблінің концертіне арнайы келдік. Аз уақыттың ішінде мол жетістікке жетіп, еліміздің атын шет елдерде танытып жүрген ұжым. TURAN ансамблінің басты мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау. Сондықтан осындай бағыттағы ансамбльдерді қолдауды өзіміздің парызымыз деп санаймыз. Өкінішке қарай, құрам толық келе алмады. Дегенмен бүгінгі кеште театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, ансамбльдің өзіндік бояуы мен нақышы айқын байқалды. Бұл көрермен үшін үлкен танымдық әрі тағылымды кеш болды, – деді ол.

Айта кетейік, концерт көрермен тарапынан жоғары бағаланып, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырған мазмұнды мәдени шара ретінде есте қалды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив