Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті отырысында бірқатар мәселе қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратов қала және аудандардың экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың сәуір айында Нұрымбет Сақтағанов пен қала және аудан әкімдері қызметті бағалау рейтингісі нәтижелері бойынша меморандумға қол қойған болатын. Сонда KPI көрсеткіштерінің орындалуына басты назар аударылады.
KPI құрамына қалалар мен аудандардың ірі жобалары енгізілді. Әр әкімге 2025 жылға арналған салық түсімдерінің өсуін қамтамасыз ету және нақты жобаларды жүзеге асыру бойынша көрсеткіштер белгіленген. Соған сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік және төмен нәтиже көрсеткен аудандар анықталды.
– KPI көрсеткіштері бойынша Алтай, Үлкен Нарын, Зайсан және Ұлан аудандары көш бастап тұр. Бұл аудандарда көрсеткіш 100%-ға жетті. Одан кейінгі орындарда Тарбағатай (98,7%), Катонқарағай (98%), Риддер (94,9%), Күршім (91,2%), Глубокое (89,4%), Шемонаиха (83,9%), Марқакөл (73,9%) аудандары және Өскемен (73,6%) тұр. Ал ең төменгі көрсеткіш Самар ауданында тіркелді - 58,7%, – деді ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратов.
Өз кезегінде облыс әкімі KPI көрсеткіштерінің барлығын кесте түрінде нақты көрсетуді тапсырды.
– Әр қала мен ауданның нақты қорытындысын шығарып, тиісінше бірін ынталандырып, енді бірін жазалау керек. Әр сала бойынша нақты көрсеткіштерді көрсету қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер