
Аймақты дамытудың айқын қадамы: ШҚО-да 730 млрд теңгеге 40-тан астам меморандум мен келісімге қол қойылды
26 қыркүйекте Өскеменде «Altay Invest – 2025» инвестициялық форумы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің бес елінен келген 106 қатысушыны біріктірген ауқымды жиын – аймақтың экономикалық әлеуетін паш етіп, болашақ даму жолдарын айқындайтын маңызды алаңға айналды. Форум аясында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика мен туризм бағыттарында жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар таныстырылып, пленарлық отырыстар, панельдік сессиялар мен меморандумдарға қол қою рәсімдері өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Форумның мақсаты не?
«Altay Invest» форумы аймақтың инвестициялық және экспорттық әлеуетін жан-жақты таныстырып, бірлескен жобалар мен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін пысықтау, экономиканың негізгі салаларында өсу нүктелерін қалыптастыру мақсатында қолға алынды.
Шараның салтанатты ашылуы Ұлы Отан соғысы батырларына тағзым ету рәсімінен басталды. ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация Жеңіс мемориалына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады.
Тағзым ету рәсімінен кейін Өскемендегі Теннис орталығында бірқатар шара өтті. Өңір басшысы меймандарды қарсы алып, көрмені аралады. Бұл көрме – аймақтың өндірістік, ауыл шаруашылық, энергетикалық және туристік әлеуетін айшықтаған көрініске айналды. Бұл жерде «Восток Молоко», «Эмиль» сүт өнімдері, «Bereke» наубайханасы, «Янтарь», «Забота» май өнімдері, «Miglior» минералды суы сынды отандық брендтер өз өнімдерін ұсынды. «Kazzinc», «Starlink» сынды алып компаниялар да көрмеге қатысып, инновациялық жобаларын таныстырды.
– Ашытқысыз нан өнімдері – біздің басты ерекшелігіміз. Асқазан-ішек жолдарына пайдалы. Қазіргі таңда қала дүкендерінде кеңінен таралған 8 түрлі өніміміз бар. Бағасы – 200-600 теңге аралығында, – дейді “Bereke” ЖК өкілі Мадина Болатбекова.
Форум аясында өткен пленарлық отырыста «Шығыс Қазақстан облысын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы» талқыланды. Жиынға Қазақстан, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан, Моңғолия және Ресейден келген инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.
Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтың даму бағыттарын айқындап, өнеркәсіп, инфрақұрылым, экология, адами капитал және инвестиция тарту мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Соңғы жылдары елімізде үлкен өзгерістер орын алып, ірі жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Біз форум аясында сарапшылар мен кәсіпкерлерді, инвесторларды ортақ диалог алаңына жинап, жаңа перспективаларға жол ашатын жобаларды бірге қарастырудамыз, – деді аймақ басшысы.
Анықталғандай, соңғы бес жылда облысқа шамамен 3 трлн теңге инвестиция тартылған болса, биылдың өзінде 1 трлн теңге көлемінде қосымша қаржы құю көзделуде. Бүгінде құны 100 млрд теңгеден асатын 11 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасын нығайтады деген сенім бар.
2030 жылға дейінгі басты стратегиялық межелер де айқын. Жалпы өңірлік өнімді 5 трлн теңгеден 9,6 трлн теңгеге дейін арттыру, негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемін ЖӨӨ-нің 24%-ына дейін жеткізу және облыс бюджетінің өзіндік кіріс көздерін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланды. Сонымен қатар, облыс халқының санын 1 миллионға дейін арттыру мақсаты қойылып отыр. Бұл үшін елдімекендерді газдандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, шекара маңындағы аймақтарды дамыту сияқты нақты қадамдар жоспарға енгізілген.
Ал іскерлік кеңес отырысында өңірдегі жетекші бизнес өкілдері – «Қазцинк», «AITAS», «Шығыс-Сүт», «Эмиль», «Бес Жұлдыз» сынды компаниялардың жетекшілері облыстың дамуына өз көзқарастарын білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті.
«Көршімен» келісім
Халықаралық форум аясында облыс әкімдігінде ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның кеңейтілген 24-ші отырысы өтті. Жиында туризм саласындағы әріптестік талқыланды. Қатысушылар екі ел азаматтарының шекарадан өтуін жеңілдету, туристік инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру, бірлескен туристік бағдарламаларды әзірлеу мәселелеріне ден қойды.
– Біздің тұрақты кездесулеріміз парламентаралық диалогтың ажырамас бөлігіне айналды. Бұл сенім мен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Былтыр қарашада Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат бірлескен маршруттарды дамытуға, туристік инфрақұрылымды жақсартуға, инвестиция тартуға және білікті мамандар даярлауға берік негіз қалайды, – деді Сенат төрағасының орынбасары, Комиссияның тең төрағасы Жақып Асанов.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері ортақ мәдениет, табиғат және дәстүрлермен байланысты. Сондықтан өзара байланыс көп жылдан бері тиімді дамып келеді.
– Бүгінгі басқосу бай тарихымен, бірегей географиясымен және қонақжайлылығымен танымал Өскеменде өтіп жатыр. Облыстың да, қаланың да өндірістік әлеуеті Қазақстаннан тыс жерлерге белгілі. Сондықтан кезекті отырыстың дәл осы жерде өтуі маңызды болып отыр, – деді РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары, комиссияның тең төрағасы Андрей Яцкин.
Оның айтуынша, Ресейге келетін туристер арасында қазақстандықтар көш бастап тұр. Ал қазақстандықтар үшін Ресей – ең танымал үш туристік бағыттың бірі.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туризм тек экономиканың маңызды саласы емес, халықтар арасындағы сенім мен достықты нығайту құралы екенін атап өтті.
– Шығыс Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері тарихи тұрғыда ортақ мәдениетпен, табиғатпен және қонақжайлық дәстүрлерімен байланысты. Бізді Алтай таулары, Ертіс өзені және ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Екі ел арасындағы туризм саласындағы келісімге сүйеніп, бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыра аламыз. Алтайды біртұтас туристік бағыт ретінде дамыту, трансшекаралық маршруттар ашу, автомобиль және су жолдарын, Ертіс арқылы кеме қатынасын дамыту – үлкен мүмкіндік. Бұл жобалар туристер ағынын арттырып қана қоймай, аймақтардың халықаралық аренадағы танымалдығын да көтереді, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ жиында Өскемен – Қазан және Өскемен – Санкт-Петербург бағыттары бойынша жаңа әуе рейстерін ашу мәселесі көтерілді. Туристік автобустарға шекарадан өту кезінде басымдық беру мүмкіндігі де талқыланды. Қос мемлекет үшін су көлігі қатынасын дамыту да маңызды міндеттердің бірі. Қатысушылар бұл мәселені бірлесе шешуге ниетті екендерін білдірді.
Күн тәртібінде 23-ші отырыстың хаттамасын орындау барысы қаралып, 25-ші отырыс тақырыптары сөз болды.
Миллиардтар бөлетін меморандумдар
«Altay Invest – 2025» инвестициялық форумы аясында Зайсан ауданында Қытай инвесторларының қолдауымен жаңа тоқыма фабрикасы ашылды. Салтанатты шараға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы қатысты. Жылына 5 млн тоқыма бұйымын өндіруге қауқарлы кәсіпорын 40-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, өңір экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпорындар мен инвесторлар марапатталды. Олардың қатарында “Силумин-Восток”, “Өскемен арматура зауыты” АҚ, “ГРК МЛД” ЖШС, “Алтын Шығыс” ЖШС, “Украинка” шаруашылығы, “Алтай форелі”, “Bearlog” демалыс орны және “ARNNA MINERALS” компаниясы бар.
Жиында энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым, туризм және әлеуметтік сала бойынша 730 млрд теңгеге 40-тан астам меморандумдар мен инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Маңызды келісімдердің бірі – Шемонаиха ауданында қуаты 200 МВт болатын екі бірдей гидроэлектр станциясының құрылысы. Жобаның жалпы құны – 200 млрд теңге. Бұдан бөлек, Алтай ауданында 45 МВт, тағы бір жобада 87 МВт болатын ГЭС салу көзделген. Бұл жобалар облыстың энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар бастамалар қолға алынды. Ұлан ауданында 5 млрд теңгеге ет комбинаты салынады. Сонымен қатар, «China MCC22» компаниясымен 107,9 млрд теңгенің жобасы жүзеге аспақ. Өскемен қаласында Ертіс өзенін жалғайтын жаңа көпір құрылысына 115 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл инфрақұрылымдық жобалар – аймақ тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Туризм бағытында да ілгерілеу бар. Катонқарағайда 8 млрд теңгеге қонақүй кешені, Күршім ауданында 7 млрд теңгеге демалыс базасы бой көтереді. Сонымен бірге, Күршімде 1 млрд теңгеге қалдықтарды қайта өңдеу зауыты салынбақ.
Сенім барда серпін байқалады
Нұрымбет Сақтағанов жиын барысында Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесіп, екіжақты экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту жайын талқылады.
– Өзбекстан – біздің тарихи және стратегиялық серіктесіміз. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп, туризм, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларында ынтымақтастықты тереңдете түсуге ниеттіміз, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімдігі өкілдерінің сөзінше, «Altay Invest – 2025» форумы – сенім мен ынтымақтастықтың бастауы. Форум арқылы Шығыс Қазақстан жаңа серпін алды.
– Форум – жай ғана сандар емес, ең бастысы – сенім. Ал сенімсіз ешқандай инвестиция жүзеге аспайды, – деп түйіндеді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер