A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 11:00 0

Хат бармайтын ауыл: Самар ауданындағы Көкжыра ауылында бұрынғы мәселелер әлі шешілмеген

Бүгін / Самар / Өзекті мәселе

«Екі жақта екі әкім отырса да, ортаға жарықтары түспейді» деді ауыл тұрғындары қазір көзге ұшырасқан мәселені рет-ретімен тізбелеп. Қазір мұндағы тұрғындар саны едәуір азайған. Елдімекен ішінде қарбалас тірлік қамы мен шаруасын улап-шулап тындырғандар қатары да кеміп барады. Газет-журнал уақтылы бармайды, жаздың аптабында зейнетақы алу үшін күн астында қақталып тұруға мәжбүр болды. Себебі, бас қосатын жер жоқ. Мақалада тұрғындар не нәрсеге налып, қандай түйткілге наразы болып жүргендеріне толығырақ тоқталамыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қауіпті көпір, наразы нөпір

Қазір ауыл халқының саны – 523 адам. Самар ауданы әкімдігі редакция тілшісі жіберген сауалхатқа осылай деп жауап берді. Әрине, көңіл қуантпайтын статистика. Себебі, осы ауылға кіреберіс үш шақырым жолдың әбден тозғанын жазған алғашқы мақаламызда, яғни, 2019 жылдың тамыз айында жарық көрген материалда мұндағы қара саны 736 адам еді. Алты жылдан астам уақытта 220-ға тарта адам ауылдан көшіп кеткен. Бірақ бұған тікелей әкімдікті кінәлау қисынсыз болар. Себебі, талай ауылда қарашаңырақта қалғандар дені – егде жастағы адамдар мен баласы оқуға түсіп, күйбең тірлікке байланған ерлі-зайыптылар. Жастар легі аз, белгілі бір деңгейде тұрақты жұмыстың болмауы көп нәрсеге тұсау.

2019-шы жылдан бері алсақ, ілкімді істер ішінде кіреберіс үш шақырым жолдың асфальтталауын айта кетуге болады. Ол да бертін қолға алынды. Сол аралықта ауылдастар ортақ қорға бар-жоқ ақшасын аударып, шұрқ тесік бөлікті уақытша болса да жамап, амалдады. Соңғы жылдары көшелерге жарық тартылды, футбол қорабы орнатылды. Мектеп жанында биыл балалар ойын алаңы қолданысқа берілді. Атқарылған шаруаны жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ әкімдік араласуы тиіс жұмыс әлі де баршылық. Ауыл тұрғыны, жасы 80-ге келген Қасым Токов көкжыралықтар кітап оқудан қалғанын айтты.

– 4500 мың кітап ысырап болып жатыр. Сосын нысан төбесінен су сорғалап, кейін әкімдік өкілдерінің қатысуымен айқай болған соң, бәрін бұрынғы «Қазпошта» ғимаратына әкелді. Стеллаж қойып, жаңа кітаптарды ұсынғандай болды. Мында жеткізілгені сол еді, ескі үйдің төбесі құлады. Танысып, қолға алып көрдік, бірақ картотека жоқ. Әйтпесе, бертіндері шыққан жаңа кітаптар аз емес еді, – деді ол.

Ауылдың қарт тұрғыны төбесі құлаған ескі ғимараттың бір шеті фельдшерлік-акушерлік пункт екенін, оның іші ем алуға мүлде қолайсыз екенін айтты.

– Таңертең келесің, «системаға жатасың» – қатып шығасың. Бұл шамамен 1980-ші жылы салынған. Әуелде үй болды. Кезінде әйелдерге арналған, массажға арналған және емдеуге арналған үш бөлме жұмыс істеп тұрды. Қазір екі бөлмесі жабық, қалт-құлт еткен ғимарат, – деді қария.

Бұл ақпараттан аудан әкімдігі де хабардар болуы тиіс. Әзірге көкжыралықтар дабыл қаққан екінші мәселені қаузайық. Мәлім болғандай, қазір ауыл шетін су шайып жатыр. Көктем туып, өзен арнасы көтерілгенде жағалау бойында тұратындар қипықтап қарады. Егер ауылдың шыға берісіндегі ескі көпір жағынан қараса, ирек жолмен ағатын Лайлы өзені көрінеді. Ауылдастар тілегі сол, жағалаудан сәл әрірек жерден бульдозер көмегімен түзу арна тартса, өзен үйлердің шетін су шаймас еді.

– Ешқандай да инженерлік жұмыс емес қой бұл?! Ауылдың басынан аяғына дейінгі үйлердің барлығының дерлік қора жағын бірнеше жылда су шаятыны белгілі. Ауыр техника тізгіндеген кез келген адам осыған қарап тұрып, «ә, мұны былай істеу керек екен» деп арна тартатын еді, – десті көкжыралықтар.

 

Шу шығарған су

Бұрын ескі шамдардың әсерінен кешкұрым ауыл іші буалдыр тартатындай еді. Екі жыл бұрын көшелер едәуір жарықтандырылды. Бірақ ауылдастар атқарылған жұмыс сапасы көңіл қуантпайтынын айтты.

– Алыстан қарағанда ауыл көшелері жарқырап тұр. Бірақ жоғары жағы ғана. Көп жерде жарық жерге дейін жетпейді. Жобаға сәйкес, шам орнатылған бағандардың тереңдігі 170 см болуы тиіс, бұлардікі бар-жоғы 70 см. Кейбірі бір метр. Ол ол ма, түбіне не цемент құйылмаған. Баған түбіне шелекпен құм төге салыпты. Осыны істеп жатқан жігіттерге барып айтып едім, «бізге округ әкімі түнделетіп болсын орнатыңдар деді» деп жауап берді. Ал таза ауызсу мәселесінің жөні мүлде бөлек, – деді Қасым Токов.

2019-шы жылы Көкжыра тұрғындарын таза ауызсумен қамту үшін құбыр тартылғанда, су өтетін шланг әр үйден едәуір алыс орнатылды. Сол кезде әкімдік тарапынан ұсынылған жоба сондай болған сыңайлы. Енді оны реттеу үшін техника келсе, тұрғындар біршама шығындалғалы тұр, кейбірінің қалтасы көтермейді. Бұл алғашқы сәтсіздік. Бес жылдан асты, ауыл жұрты 500 млн теңге жұмсалған жоба игілігін көре алмай отыр, таза суға әлі қосылмады. «CK-Kaz-Alem» мердігер мекеме кезіндегі жүйесіз тірлігіне жауап берместен келген жағына кеткеніне біраз жыл өткен.

Аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дидар Құсайыновтың сөзінше, су алу құрылысына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

– Қажетті техникалық жабдықтар тексеріліп, ескілері жаңасына ауыстырылды. Бүгінде жұмыс толықтай аяқталып, нысан пайдалануға дайын күйге келтірілді. Қазір әкімдік тарапынан ауылды орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Бұл жұмыс жыл біткенше аяқталып, Көкжыра ауылы таза әрі тұрақты ауызсумен қамтылады деп отырмыз, – деді Дидар Қайратұлы.

Ауыл тұрғыны Азамат Мәжібаевтың сөзінше, бақылау жоқта тоқырау байқалады. Енді мұның біркелкі, тұтас ауылды қамтыған күйі оң шешімі табылуы екіталай. Себебі, жуықта ғана бірқатар үйдің жертөлесін су алып кеткен. Жұмысшылардың айтқаны мен әкімдік арасындағы әрекетте үйлесім жоқ. Әрине, ертелі-кеш реттелсе, елдімекен үшін зор қуаныш.

Су тақырыбынан басқасына ойыспай тұрып, ауылдың шығаберісіндегі көпірге тоқтала кетейік. Жылда су алып кете жаздайды. Осының құрылымына назар аударып, қатты ағынға шыдас беретіндей тиянақты жұмыс бұрын-соңды атқарылмаған. Іргеде Ертіс өзені ағып жатқанын ескерсек, жаз шыға туристер Көкжыра арқылы жетеді оған. Мұның алдында аудан әкімдігіндегілер Бұқтырма жағалауын абаттандырып, Алакөлден кем түспейтін демалыс аумағына айналдыруға бар күшін салып жатқандарын мәлімдеген еді. Алысқа бармай-ақ, мол табысқа жол ашатын осындай елдімекендердегі инфрақұрылымды реттеп алған орынды сияқты. Қазір жеңіл көлік өтпесе, трактор, Ка-700 сияқты техникалар сыймайды да. Аудан әкімдігі ақпаратынша, Қызылжар көпірі бойынша жақында техникалық тексеріс жүргізіледі.

– Егер тексеру нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталса, 2026 жылы аудандық бюджеттен қаражат сұрату жоспарланып отыр, – деді Дидар Қайратұлы.

 

Әкім мен жұрт жүздессін

Ендігісі клуб үйі. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Көкжырадағы клуб үйін жөндеу үшін 2023 жылы 5 млн теңге бөлінді. 2024 жылы тағы 28 млн теңге бөлініп, толық күрделі жөндеу жүргізілді.

– Жөндеуді «БИТ» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырды. Ғимаратқа жылу жүйесі тартылған. Жөндеу аяқталған соң 2025 жылдың 15-ші тамызында клуб ғимараты толық тазаланып, жуылып-шайылып, халық игіліне қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта ғимараттың су ағатын бөлігіне жөндеу жүргізу қажеттілігі туындады. Бұған аудандық бюджеттен қаржы бөлу жоспарланған, – деді Дидар Құсайынов.

Қысқасы, «салтанатты түрде әне-міне ашылады» делінген нысанды қуанышпен хабарлау үшін нақты кедергінің бары расталды. Дидар Қайратұлының мәліметінше, бұл жағы ауылдық округ әкімі аппаратының бақылауында. Егер кемшілік реттеліп, олқылық орнықты шешілсе, көпшілік үшін, оның ішінде қарттар үшін біршама қолайлы болар еді дейді. Бірақ бұл жауапқа қатысты ауыл жұртында сенім жоқ. Бір жағы сырланып, әктелген ғимараттың жартысы қаңырап тұрған қараңғы нысан. Бұрын ыстықта қараусыз жылқы келіп шыбындап тұратын. Оған көз жұма қарағанның өзінде, атқарылған жұмыстың ауыз толтырып айтарлықтай екені күмәнді. Ең әуелі кіреберіс есіктің төбесі қираған. Қапталдағы кіреберіс жақта шашылған құрылыс материалдарының қалдығы жатыр. Көкжыралықтар сөзінше, былтыр 10 млн теңгеге жөнделген клуб үйінің шатыры тесік. Сонда дейді, істелген жұмыс түкке тұрғысыз. Шатыр бүтін болса, тоқ жинақы етіп тартылса, кіреберіс қалқасы жөнделіп, қоқысы жиналса – бас қосуға болады. Қазір ауыл тұрғындары осыған зар болып отыр. Себебі, жаздың аптабында, жел мен бұлтты күні зейнетақы мен жәрдемақы алатындар жиналатын жер таппай сабылды. Амал қалмаған соң көпшілік 1-2 мәрте Қасым Токовтың үйінде жиналды. Бұл да өз алдына жеке тақырып. Себебі, биыл жазда зейнетке шыққан пошташы да көп жыл бойы ай сайынғы зейнетақы мен жәрдемақыны халықты үйіне шақырып таратып жүрді. Сол отбасы мүддесінен қарасақ, әрине тиімсіз, әрі қолайсыз. Егер клуб үйі уақтылы қолданысқа беріліп, барлығы сапалы істелгенде, пошташыға да ғимараттың бір бөлігінен орын табылар еді. Бірі-бірімен қабысқан мәселе.

Бұған ауылдастар жазылған газет-журналдарын уақтылы алмайтынын қосыңыз. Екі-үш аптада бір жетеді. Бұрынғыдай үйді-үйге таратылмайды. Әр аптаның жұмасында қашаға қыстырып кететін тірлік бүгінде тоқтаған. Көкжырада пошташы қызметінің механизмі неге тұралады? Мұны редакция тілшісі «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы өкілдерінен сұрап білді. Олардың ақпаратынша, пошта жөнелтілімдері, сәлемдемелер мен газеттер сейсенбі, бейсенбі күндері, яғни Көкжыраға аптасына екі рет жіберіледі. Филиал директоры Сымбат Құдайбергеновтің сөзінше, бұрынғы пошташы шілде айында зейнетке шығуына байланысты газет-журналдар дүкенде қалдырылып жүрді. Айта кетейік, бұл тамыз айының ортасында берілген жауап. Мәлім болғандай, қазір кемшілігі толық реттелмесе де, есігін ашқан клуб үйіне әкелінеді.

– Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен халыққа төлемдер беру кезінде үй-жай беру туралы келіссөз жүргізіліп жатыр. Қазір Самар ауданы бойынша үш пошташының орны бос: екеуі Самар ауылында, біреуі Көкжыра ауылында. Олардың жалақысы алып отырған бірлігіне байланысты. Толық бірліктегі пошташының бірлік мөлшері – 113 мың 204 теңге, – делінген облыстық филиал ұсынған мәліметте.

Жалпы, аудан көлемінде 14 пошташы бар. Сұраухат жауабының соңына қарай «Қазпошта» АҚ ШҚО филиалы халыққа қызмет көрсетуді қалпына келтіру үшін бәрін жасайтындарын жазды. Әзірге онысы байқалмайды.

Енді әу баста айтылған кітаптар тақырыбына оралайық. Самар ауданы әкімдігіндегілер ескі кітаптар есептен шығарылып, жаңасы қанағаттанарлық жағдайда сақталғанын айтты. Басқа ақпарат ұсынбады. Сөз арасында Қасым Токовтың «екі жағымызда екі әкім отыр, бірақ ортаға жарық түспейді» дегені әзіл-қалжың үшін айтылмаған. Астарлы сөз. Осыдан бірнеше жыл бұрын футбол қорабы орнатылып жастар қуанған еді. Бірақ шамдарға жалғанған сым төменде бос жатыр. Бұл да көп мәселенің көлеңкесінде қалмауы керек.

Биыл ауылда Абай, Алтынсарин және Амангелді көшелеріне асфальт төселді. Жарығы үнемі жанбайтын Рахметов, одан бөлек, Жуандық және Әуезов көшелері 2026-27 жылдары қамтылмақ. Өзгерістер бар. Дей тұрғанмен, мақала барысында тізбеленген түйткілдерді рет-ретімен шешілуіне көз жеткізу үшін аудан әкімі Серік Жеңісұлына көкжыралықтармен еркін форматта кездесу өткізгені жөн сияқты.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив