A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:20 0

Саятшылық салтанат құрған төрт күн: Ұлан даласындағы халықаралық фестиваль ұлттық рухты асқақтатып, құсбегілердің басын қосты

Бүгін / ШҚО / Ұлан / Спорт

Бозанбай ауылы іргесіндегі "Бүркіт төбе" алаңында кезекті "Шығыс Салбурыны – 2025" халықаралық фестивалі өтті. Шараның өтуіне облыс әкімдігі мен республикалық Құсбегілік федерациясы мұрындық болған. Ұлан ауданы әкімдігі бұны қолдап, фестивальдің өз деңгейінде өтуіне сүбелі үлес қосты. Ата дәстүр мен ұлттық құндылықты ұлықтаған сайыс биыл бесінші мәрте ұйымдастырылды. Төрт күнге созылған дүбірлі дода несімен ерекшеленді? Осы мақаламызда кеңінен тарқатамыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сегіз жасар құсбегі

Ұлттық спорттың қай түрін алсақ та, өрлеп тұрған Ұлан ауданында өткен фестиваль қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін айрықша насихаттаған айтулы шара айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген құсбегілер баптап әкелген қырандарымен бар өнерлерін ортаға салды. Биылғы сайыста республиканың 11 өңірінен және әлемнің 6 мемлекетінен 100-ден астам қатысушы бас қосты.

Фестиваль 9 қазанда салтанатты түрде ашылды. Бұл күні бүркітшілер алғашқы кезеңнен өтіп, өзара бақ сынады.

– Мен Моңғолиядан арнайы шақыртумен келдім. Бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Құсбегілік – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Оны насихаттау – біздің басты парызымыз деп білемін. Бүркітімнің аты – Сарыкөз. Қазір екі жаста. Өзімнің құсбегілікпен айналысқаныма жиырма жылдан асты. Осындай шараны ұйымдастырғандарға алғыс айтамыз, – деді Моңғолия елінен келген құсбегі Кенжебек Байтолдаұлы.

Қатысушылар құсты қолға шақырып, небір дауыстар салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осы кезеңде құсбегінің киімі, құсбегілік жабдықтары мен құстың қолға қонуы бойынша баға берілді.

Нағыз тартысты жарыс 11 қазанда өтті. Бұл күні финалға жолдама алған бүркітшілер шешуші сында бақ сынады. Халықаралық деңгейдегі сайыс төрелігін ҚР Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы атқарды.

– Жарыс болған соң нәтиже де күтіледі. Биыл 81 бүркіт бақ сынауда. Жалпы 7 команда бар. Жеңімпаз құс аңға салғанда белгілі болады. Қай қыран бабында, соған қарай бағаланады. Қазір Қазақстан алда келеді, ал аймақтар бойынша Жамбыл және Алматы облыстары үздік көрсеткіш көрсетуде. Жыл сайын тәжірибе жинақталып жатыр. Бұрынғыға қарағанда ұйымдастыру деңгейі де жоғарылаған. Құсбегілердің дайындығына көңілім толады. Нағыз мықтылар келіп жатыр, – деді ол.

Жарысқа кішкентай құсбегілер де қатысты. Солардың бірі – 8 жасар Абдурашид Мамырхан.

– Мен Қасым Қайсенов кентінен келіп отырмын. Құсымның аты – Қыран. Құсбегілікпен үш жылдан бері айналысып келемін. Бұл өнерді маған Бақытбек ағам мен әкем үйретті. Құсты аңға салған өте ұнайды, – деді жас құсбегі.

Құсбегілік тек ерлерге тән өнер емес. Қазір бұл салада қыздардың да белсенділігі артып келеді. Олар ерлермен иық тіресе, тең дәрежеде өнер көрсетуде. Осындай қайсар арулардың бірі – Алматы облысынан келген Аяжан Даниярқызы.

– "Шығыс Салбурынына" үшінші рет қатысып отырмын. Жыл сайын дамып, көркейіп келе жатқаны қуантады. 18 жасымнан бері осы өнермен айналысамын. Қазір өз шәкірттерім де бар. Бастапқыда жат көрінгенімен, кейін бұл өнер жаныма жақын болып кетті. Жарыс тартысты әрі қызықты өтуде. Қыран құстар бірнеше кезеңнен өтіп, финалға шықты. Қарсақ пен қоянға салу арқылы құстың қырағылығы сыналды. Бүркіт жарысында жүлде ала алмадым, себебі құсым әлі жас, тәжірибесі аз. Дегенмен қаршыға жарысында 3-ші орын алдым. Құсымның аты – Ақжал, – деді ол.


«Құсымды кеденнен өткізбеді»

Жалпы Алматы облысынан келген бес құсбегі жарысқа қатысып, жоғары дайындықтарымен көзге түсті. Өңірлерден келген құсбегілерден бөлек шетелдіктерді де сөзге тартып көрген болатынбыз.

– Құсбегілік өнермен айналысқаныма 20 жылдай болды. Құсымды кеденнен жібермегендіктен, оны әкеле алмадым. Осы жақтағы бір құспен қатысамын. Негізі табиғаттарыңыз өте әдемі, келген сайын ғашық боламын. Биыл 2-ші рет келдім. Өте қуаныштымын, – деді Испаниядан келген құсбегі Луис Панадеро.

Арасында құсбегілерді сұхбатқа тартып, көкейде жүрген сауалдарды қойған едік. Мәселен, «Бүркіт қасқыр ала ма?» деген сұраққа Зайсандық ақын әрі құсбегі Боранбай Төлепбергенұлы жауап берді:

– Бүркітті қасқырға салып көрмеппін. Қазіргі таңда алып жүргеніміз – қарсақ, түлкі, қоян сынды ұсақ аңдар. Ал қасқыр алу оңай шаруа емес, оған арнайы 15–20 күндік Салбурын ұйымдастыру қажет шығар. Негізі әр құсбегінің арманы – бүркітінің қасқыр алғанын көру. Бірақ бұл екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейді. Көп жағдайда бүркіт шибөріге ғана түседі. Дегенмен қасқыр алатын қырандар да бар. Ол – шын шеберлік пен төзімділіктің шыңы. Бұйырса, ол деңгейге де жетерміз, – деді Боранбай Төлепбергенұлы.

Сайыс бірнеше кезең бойынша жалғасты. Нақтысында: құсты қолға қондыру, аңға салу және жылдамдығын тексеру. Құсбегілікпен қатар, ұлттық спорт түрлері де көптің көңілінен шықты. Оның ішінде тазы жүгірту, жамбы ату, садақ ату, асау үйретуді атауға болады. Шырға тартуда Тарбағатайдың Құйған ауылынан әкелінген «Лашын» атты тазы екінші орынға ие болды. Иесі Мейір Жетпісовтың айтуынша, Лашын биыл 2023 жылғы жетістігін қайталапты.

– Лашынның жасы 3-те. Былтыр жарақаты болғандықтан қатыса алмадық. Биыл жарақаты жазылып, жоғары дайындықпен келіп отырмыз. Мәреде тұрып айқайлауға болмайды. Бұл өте қате. Кедергі. Көптеген иттің бағын байлайтын да осы. Бір шақырымды жоғары жылдамдықпен еңсеріп келе жатып, мәреге санаулы метр қалғанда адамдардың шуынан тоқтап қалып жатты. Соны келесі жарыста ескерсе екен, - деді ол.

Фестиваль аясында этномәдени бағдарламаға да ерекше көңіл бөлінді. Әр аудан өзіне тән салт-дәстүрді көрсетті. Мәселен, Тарбағатай ауданы – қырқынан шығару, Күршім – отқа май құю, Катонқарағай – бастаңғы, Алтай – асату, Үлкен Нарын – беташар, Марқакөл – құйрық-бауыр асату, Глубокое – бесікке бөлеу, Зайсан – тұсау кесу, Шемонаиха – ұйқыашар, Самар – сырға салу, Ұлан – балаға ат қою, ал Өскемен қаласы – ашамайға мінгізу дәстүрін сахналады.

Фестиваль өткен Бүркіт төбе басында құсбегілер мен көрермендер үшін 40 киіз үй тігілді. Киіз үйлерде ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Шараның жалғасы айтысқа ұласты. Сөз маржанын терген ақындар көрермен қошеметіне бөленді.

– Бұл шара – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қандастарымыздың басын қосқан, ұлттық құндылықтарды дәріптеген ұлан-асыр той. Айтысқа елімізге белгілі төрт ақын шақырылды. Бұл додада айтыс өнеріміздің биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдедік, – деді Ақмола облысының айтыскері Ерлан Дәулетұлы.


Жеңімпаз кім, жүлде қандай?

Фестивальға айтыскерлерден бөлек, эстрада жұлдыздары да шақырылды. Кеште Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Таңатаров, «Алатау серілері» тобы және өзге де өңірге танымал әншілер өнер көрсетті.

– Шығыстың табиғаты сөзбен айтып жеткізгісіз. Шетелден келгендер көбіне табиғатымызға тамсанып жатады. Сол кезде қазақ халқының бай мәдениеті мен қонақжайлығына тағы бір мәрте көзіміз жетеді. Мен Шығыс Қазақстанның барлық дерлік ауданында болдым. Әсіресе Катонқарағайдың табиғатын ерекше атап өткім келеді. Осы жердің баласындай болып кеттім ғой. Ең бастысы – қазақтың дәстүрі бұзылмай, ұрпаққа ұлықтала берсін, – деді әнші Кенжебек Жанәбілов.

Фестивальдің ресми жабылу салтанатына ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, республикалық "Құсбегілік" федерациясының вице-президенттері Бағдат Мүптекеқызы мен Жанжігіт Омархан қатысты. Марапаттау барысында Жанжігіт Омархан "Құсбегілік" федерациясының президенті Берік Уәлидің құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтау хатта құсбегілік дәстүрдің ұлт үшін маңыздылығы аталып, "Шығыс Салбурыны" фестивалін бес жылдық мерейтойымен құттықтау мәтіні оқылды.

– Бұл тек облыс емес, бүкіл ел үшін маңызды шара. Үш күн бойы "Бүркіт төбе" алаңында өткен спорттық бәсекелер достық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Алтай мен Тарбағатайдың асқақ шыңдары мен кең даласында қыран құс салу – ата-бабамыздан қалған көне дәстүр. Саятшылық өнерінің әлемдік деңгейде мойындалып, ұлттық брендке айнала бастауы – халқымыздың баға жетпес мұрасының мәңгілік құндылық екенін көрсетеді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Сайыс соңында фестивальдің өтуіне үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.

Тартысты жарыс нәтижесінде ителгі сайысы бойынша Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев, қаршыға және бүркіт сайыстары бойынша Алматы облысынан келген Өмірхан Баетбай жеңімпаз атанды. Әрбір жүлдегерге ақшалай сыйлық табысталды.

Марапаттау рәсімі кезінде "Шығыс Салбурынына" арналған арнайы кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жинаққа өңірдің маңдайалды ақындарының жырлары енген. Кітаптың тұсаукесер рәсімін ақын, журналист Әлібек Қаңтарбаев жүргізді.

– Шығыстың сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді ақындарын жинап, солардың жырларын кітапша етіп шығардық. Болашақта бұл үлкен жинақ болып жарық көреді деген сенімдеміз, – деді ол.

«Шығыс Салбурыны – 2025» халықаралық фестивалі тек ұлттық спортты ғана емес, халқымыздың терең тамырлы мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани мұрасын кең көлемде танытқан айтулы шара болды. Қыран құстың қырағылығындай сергек сананы, текті өнерді, бірлік пен бауырмалдықты дәріптеген бұл басқосу тек спорттық сайыс қана емес, елдік пен ерліктің, өнер мен өнегенің ордасы екенін тағы бір дәлелдеді. Осындай игі бастамалар арқылы қазақтың ұмыт бола бастаған құндылықтары қайта жаңғырып, әлемге танылуы – рухани жаңғырудың нақты көрінісі.


Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив