
Қаржы тарту қиын жұмыс болса да, ШҚО әкімі өңірді дамыту тетігі осыған байланысты екенін мәлімдеді
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жуықта облыс әкімдігінде өткен жиналыста аймақта ілгерілеп келе жатқан бағыттар, қолдауды қажет ететін салаларға жан-жақты тоқталды. Алда біршама өзгеріс болары сөзсіз. Медицина, бизнес, жол жөндеу тағы басқасы. Дегенмен көп дүние түбі инвестиция тартуға келіп тірелетіні белгілі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Туристер көп келді ме?
Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан – республиканың ең көрікті аймақтарының бірі және оны экономикалық ресурсқа айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
– Өңіріміз үшін бұл жай ғана демалыс аймағы емес, сонымен қатар жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту және мүмкіндіктер аймағы ретінде облыстың оң имиджін қалыптастыру орталығы болмақ. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында салаға салынған инвестиция 13 миллиард теңгеге жетіп, туристік ағын 16%-ке, шетелдік келушілер тарапынан қызығушылық 5%-ке артты, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Туризмде біз төрт кластерді дамытудың стратегиялық әлеуетін көріп отырмыз: уэ́лнэс – Катонқарағайдағы сауықтыру туризмі, Марқакөлдегі экотуризм, Риддердегі шаңғы туризмі, Өскеменде және көршілес Ұлан және Глубокое аудандарындағы демалыс күндері туризмі.
Шығыс Қазақстанда қыс ерте келіп, қар мол түседі, бұл тау шаңғысы курортын дамытуға ерекше жағдай жасайды. Бұл ретте маусымдық инфрақұрылымды дамыту – табысты арттыруға ықпалын тигізеді.
– Қазір тау туризмі мен спортшыларды дайындау орталығына айналатын Риддер маңында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» кешенін салу жоспарлануда. Бeрлог шипажайы бүгінгі күні ашылған, ал Ridder Resort қонақүйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Салаға қызығушылықты әрине ең алдымен жергілікті бизнес өкілдері көрсетуде, бірақ шетелдік инвесторлармен де, атап айтсақ швейцариялық Бартолет компаниясымен келіссөздер жүргізілуде, – деді өңір әкімі.
Сонымен қатар, қазіргі заманғы инфрақұрылым, яғни көлік қолжетімділігі, сенімді энергиямен жабдықтау, су ресурстары және байланыс болмай табысты туризмді дамыту мүмкін емес. Осы аталған мәселелерге баса наза аударумен шешуді көздеп отыр.
Меморандумдар сыйлайтын мүмкіндіктер
Шағын және орта бизнес үнемі қолдауды қажет етеді. Кәсіпкерлердің кейде қысым көретіндері де рас. Осы себептен болар, өңір әкімі бұған бөлініп жатқан бюджеттің тоқтатылмайтынын баса айтты.
– Бизнесті қолдауға 92 миллиард теңге бағытталып, 240-қа жуық жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде осы жылдың 8 айында шағын және орта бизнестен түсетін кірістер 14%-ке өсіп, 116,8 млрд теңгені құрады (01.09.2024 ж. – 102,6 млрд. теңге). Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17%-ке артып, 317 млрд. теңгеге жетті. Бүгінде бизнесті қолдап қана қоймай, сонымен қатар экономикалық өсудің жаңа архитектурасын құру қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сосын Мемлекет басшысының ірі кәсіпорындар қатарында шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыру туралы тапсырмасы шеңберінде Құзыреттер орталығын құру жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Сөзінше, мұндай әдіс әсіресе, арнайы киім, шығын материалдары мен қызметтерді өндіру саласында шоғырландыруға, сондай-ақ жеткізудің тұрақты тізбегін құруға мүмкіндік береді.
Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша мақсатты жұмыстар жалғасып жатқан көрінеді. Консультативтік-кеңесші орган ретінде және бизнес пен облыстың атқарушы органдарын байланыстыратын, құрамы өңірдің ірі кәсіпкерлерінен тұратын Іскерлік кеңес құрылған.
Инвестиция тарту жағы әр жылы өсімді көрсетіп отырған сыңайлы. Ресми ақпараттарға сенсек, соңғы жылдардағы негізгі капиталға салынған инвестициялар тиімділігінің тұрақты оң серпінін көруге болады. Жыл басынан облыс экономикасына шамамен 542 млрд. теңге тартылды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 16%-ке артық екен. Оның негізгі бөлігі немесе 396 млрд теңге – жеке инвестициялар. Іс жүзінде әрбір мемлекеттік теңгеге бизнестің шамамен бес теңгесі тиесілі, бұл бизнестің сенімі мен оның өңірдің дамуға дайындығын көрсетеді.
Жобаларды сүйемелдеуден бастап диалог алаңдарын құруға дейін инвестициялық экожүйені дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақында өткен «Алтай Инвест» форумы өңірлік әлеуетті таныстыру және стратегиялық серіктестерді тарту алаңы ретінде өз мәртебесін растады. Іс-шарада өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, туризм және IT салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 740 млрд. теңгеден астам сомаға 41 меморандумға қол қойылды. Әкім осындай бастамалардың арқасында Шығыс Қазақстанның ашық та алға ұмтылатын, оң нәтижеге бағдарланған жаңа іскерлік мәдениеті қалыптасуда.
Жолдар тегістелсе, жұмыс тетігі де табылады
Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, Қытай мен Ресейге экономикалық дәліз дайындау арқылы біршама қаржы тартауға болады. Осыған байланысты шекара өткелдерін қайта жаңғырту және кеңейту, автокөлік және теміржол бағыттарын жандандыру, сондай-ақ жүк тасымалы үшін су жолдарын қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылуда. Осыны айтып болған соң азаматтық авиацияны дамытуға маңызына тоқталды,
– Биыл «Қазаэронавигация» РМК-мен бірлесіп Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл нысандар туризм, логистика, бизнес пен өңіраралық байланысты дамытуда қосымша серпін беретін болады, – деді әкім.
Дәл қазір «Майқапшағай» мен «Уба» шекара бекеттері жаңғыртылуда. Сонымен қатар Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянск қалаларындағы бес теміржол вокзалы қайта жөнделіп жатыр.
Жол-көлік инфрақұрылымы да кең ауқымда жаңартылып жатқан көрінеді: республикалық және жергілікті маңызы бар 700 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Ауқымды жобалар деп төмендегі жұмыс ауқымын ұсынды:
Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары бағыты бойынша автожолды жаңғырту;
Калбатау – Майқапшағай тасжолының жаңғыруы (Қытай шекарасына апаратын бағыт);
Талдықорған – Калбатау – Өскемен жолының қайта құрылуы, бұл өңірді елдің оңтүстігімен байланыстырады.
Шемонаиха қаласындағы 1962 жылы салынған,апатты күйдегі Үба өзені үстіндегі көпірдің орнына жаңа көпір салу мәселесі де қарастырылуда.
Қалалық жол желісін дамыту
Өңір орталығы – Өскеменде көлік жүктемесін азайтып, өткізу қабілетін арттыру үшін Ертіс көпірі маңында екі жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр.
Бұған қоса, Виноградов көшесі тұсындағы Ертіс өзені мен Кіші айналма жолдағы Үлбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірлердің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл – апатты жағдайдағы Шнайдер көпірін алмастырып, қаланың көлік байланысын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Сосын Өскемен маңында жергілікті кәсіпкерлік үшін арнайы көлік-логистикалық хаб салу мәселесі де қарастырылуда.
Үй мен жылу мәселесі үнемі бақылауда
Биыл облыста 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үй қоры үшін 539 пәтер сатып алынады. Бұл мақсатқа 12 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Сонымен қатар, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында алдағы уақытта да жеке тұрғын үйлер құрылысы жүзеге асады.
Нұрымбет Аманұлының сөзінше, өңірде жылу энергетикасы нысандарының тозу деңгейі төмендеп келеді Өткен жылы Үкімет резерві мен «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жөндеу науқаны нәтижесінде облыстағы жылу электр орталықтарының (ЖЭО) тозу деңгейі 62,1 пайыздан 58,4 пайызға дейін төмендеді. Анықталғандай, биыл жылу желілері мен энергия көздерін жаңғырту мен жөндеуге бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Ерекше назар Риддер жылу электр орталығына аударылып отыр. Соңғы екі жылда жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында станция «қызыл қауіп аймағынан» шығарылды. Биылғы жылы бұл бағытта қосымша 6 миллиард теңге көлемінде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде, станция жабдықтарының тозу деңгейі 46 пайыздан 43 пайызға, ал кәсіпорынның жылу желілерінің тозуы 67 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді, – делінген ресми деректе.
Қазіргі жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Бюджеттік ұйымдарға қажетті көмір көлемі толықтай қамтамасыз етілді. Барлық жылу көздерінде 20 тәулікке жететін көмір қоры қалыптастырылған.
Кадр тапшылы қалай шешіледі?
Анықталғандай, облыста ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасын жүзеге асыру нәтижесінде жоспарланған 36 нысанның 35-і бой көтерді. Қазір Шемонаиха ауданы, Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталады деп күтілуде.
– Ұлан ауданында күніне 150 адам қабылдауға арналған заманауи поликлиника ашылды. Риддер қаласында аурухана кешенінің құрылысы аяқталу үстінде. Өскемен қаласының Жібек-маталар комбинаты ауданында қазіргі заманғы медициналық кластер қалыптасуда. Ол балалар стационарын, Ана мен бала орталығындағы перинаталдық орталықты және биыл аяқталатын Гематология орталығын біріктіреді, – делінген әкім ұсынған ақпаратта.
Сонымен бірге, кластер құрамында 300 төсек-орынды жаңа көпсалалы аурухана болады. Бұл жоба қала мен облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің тиімділігін, сапасын және қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.
Бұдан өзге, мемлекеттік-жеке әріптестік механизмі арқылы нефрологиялық орталық құру жобасы пысықталуда, бұл мамандандырылған медициналық көмек спектрін кеңейтеді.
– Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жағдай оң динамика көрсетіп отыр. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы артып, қант диабеті бойынша сырқаттану көрсеткіші 30%-ға, қан айналымы аурулары – 13%-ға, туберкулез – 12%-ға төмендеді. Дегенмен, кадр тапшылығы, әсіресе тар мамандықтар бойынша өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында өңірде резиденттер дайындау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазір 46 маман білім алуда, алдағы екі жылда тағы 20 дәрігер даярланбақ, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, шетелде біліктілікті арттыру жүйесі де қарқынды дамуда. Түркия, Израиль, Германия, Қытай және басқа да елдердің жетекші медициналық орталықтарында 72 маман оқудан өткен.
Нұрбек АСҚАРОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер