A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 09:30 0

ШҚО-да адам таңдамайтын алаяқтар жыл сайын артып келеді

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе

Ел аумағында алаяқтарға сеніп, сан соғып қалғандар жыл сайын көбеюде. «Аңқау елге – арамза молда» демекші, аңғал халықты алдап, қарнын тойдырып жүргендер қаншама. Күн сайын әлеуметтік желілердің көз ілеспес жылдамдықпен дамып, ғаламтор кеңістігінің қолжетімді болуы да алаяқтар жұмысын жеңілдетіп отыр. Олар енді тек көшеде емес, интернет арқылы да адамдарды алдап, қалтасын қағып, бармақ тістетіп жүр. Оң-солын танып үлгермеген жастар да, ғаламторды енді ғана меңгеріп жүрген үлкендер де қас пен көздің арасында қалай алданып қалғанын білмей қалып жатады. Бұл мақалада біз алаяқтықтың қазіргі жағдайы мен оның алдын алу жолдарын кеңінен талдаймыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Республиканың қай облысын алсаңыз да, алаяқтық дерегі жойылар емес. Олар еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін алдауға қауқарлы. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылы интернет-алаяқтықтың 22 870 жағдайы тіркелген, ал 2025 жылдың алғашқы бес айында – 10 145 жағдай анықталған. 2024 жылы интернет-алаяқтар 11 765 адамды алдап, 18,2 миллиард теңгені иемденіп кеткен.

Қай өңірде мұндай қылмыс жиі тіркеледі? Криминалдық статистика бойынша, алаяқтықтың басым бөлігі Алматы қаласында (7 мың оқиға) тіркелген. Екінші орында Астана қаласы (4,4 мың құқықбұзушылық), ал үшінші орында Шымкент қаласы (2,7 мың оқиға) тұр. Ал ең азы Ұлытау облысында – бар болғаны 79 жағдай тіркелген.

 

Аймақтағы ахуал

ШҚО Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбектің айтуынша, биыл өңірде интернет-алаяқтық фактілері айтарлықтай артқан.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 1000-нан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш едәуір жоғары. 2024 жылдың тоғыз айында 700-ден аса дерек тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1000-нан асты, – деді ол.

Жалпы облыс аумағында жыл басынан бері 70-тен астам интернет-алаяқ ұсталған.
– Қазір профилактикалық шаралар интернет-алаяқтыққа қарсы ең тиімді құралдардың бірі болып отыр. Сол себепті оларға баса назар аударудамыз. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып, медиа-жоспар аясында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық деңгейде үш жедел профилактикалық іс-шара және облыс деңгейінде бір ірі іс-шара өткізілді. Бұдан бөлек, ай сайын түсіндіру акциялары мен ақпараттық науқандар ұйымдастырылып келеді, – деді Нұрай Арыстанбек.


Алаяқтар қалай арбайды?

Өңірде алданып, полицияның табалдырығын тоздырғандар аз емес. Солардың бірі – Айзат Сымбатова. Ол жылдар бойы жинаған бар қаражатын алаяққа ұстатып жіберген.
– Өмірімде алаяққа алданып қаламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. 2024 жылы бір құрбым «ақшаңды салып, еселеп қайтарасың» деген ұраны бар компания жайлы айтты. Өзім жинап жүрген 5 миллион теңге қаражатымды ойланбастан беріп жібердім. Басты ойым жеңіл жолмен пайда табу еді. «Әне береміз, міне береміз» деген уәделерді тыңдап жүргенде бір жыл өтті. Сол кезде ғана алаяққа алданғанымды түсіндім. Құрбымнан сұрасам, өзі де танымайтын болып шықты. Сөйтсек, бұл қаржы пирамидасының бір түрі екен. Полицияға арыз жазғанмен, кінәлілер табылған жоқ. Шамасы, олар шетел азаматтары болса керек, – дейді Айзат.

Айзат секілді жиған-тергенінен айырылғандар көп. Бірі көлік сатып аламын деп алданса, енді бірі интернет-дүкен арқылы, тағы бірі несие рәсімдеп қақпанға түсті. Жалпы облыс бойынша жыл сайын 1000-ға жуық адам алаяқтардың құрбанына айналады. Ал психологтардың айтуынша, ең көп алданатын топтар — эмоциялық тұрғыда шаршаған, жалғыз, не уайымшыл адамдар. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен “пирамидалар” адамдардың сенгіштігін арттырып отырғаны да белгілі.

– Әлеуметтік желіде “табысқа жеткендердің” әдемі өмірін көріп, адамдар да солай болғысы келеді. Осы кезде “инвестиция салсаң, осылай байисың” деген уәделер еліктіріп жібереді. Бұл – психологиялық тұрғыда “салыстыру және ұмтылу синдромы” деп аталады. Адам өз өмірін басқалармен салыстырып, тез өзгеріс іздейді, – дейді психолог Арайлым Қуатқызы.

Белгілі болғандай, бүгінде алаяқтықтың ең кең таралған түрлері – интернет арқылы, телефон қоңырауы арқылы және криптовалюта инвестициясына қатысты қылмыстар. Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде “оңай табыс”, “жоғары пайызбен пайда табу” деген желеумен халықты арбаған инвестициялық алаяқтар көбейген. Сонымен қатар, “банк қызметкеріміз”, “шотыңызда күдікті операция тіркелді” деп қоңырау шалатын телефон алаяқтары да белең алуда. Ал онлайн-дүкендер мен жалған сайттар арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтар қарапайым азаматтардың қаржысын тонап, сенімін жоғалтуда.


Заңгер кеңесі

Заңгер Гүлбақыт Арманқызының айтуынша, көп адам өз құқығын білмегендіктен алаяқтардың ығына оңай жығылады.

– Көп жағдайда адамдар арыз жазуға қорқады немесе «бос әурешілік» деп ойлап, шағымданбайды. Ал кейбіреулер арызды дұрыс толтырмауы салдарынан іс қараусыз қалады. Мысалы, «қарызға бердім», «қарызға алды» деген тіркестер жазылса, полиция мұны азаматтық-құқықтық қатынас деп қабылдайды. Сондықтан арызды нақты дәлелдермен, фактілермен толықтыру қажет. Егер банк не қаржы пирамидасына қатысты жағдай болса, жазбаша келісім, скриншот, аудио-хабарлама сияқты дәлелдемелерді жинап бару керек, – дейді заңгер.

Алаяқтар адам таңдамайды. Сен зейнеткер болсаңыз да, тілекші болатын бірін таппайсыз. Алаяққа алданып қалған тағы бір кейіпкеріміз – Кәдірхан Магазова. Ол үй алу мақсатымен танысқан әйелдің сөзіне сеніп, несие рәсімдеп беріп, ақыры үйсіз қалған.
– Өзім зейнеткермін, көпбалалы анамын әрі «Күміс алқа» иегерімін. Үй алу мақсатымен Ирина Нұрахметова деген әйелмен таныстым. Ол мені арбап, «үй алып беремін» деді. Содан Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, бірқатар құжатқа қол қойдырды. Кейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне апарды. Өзім неге қол қойғанымды да түсінбедім. Біраз уақыттан соң үйдің құжаттарын алып келді, мекенжайы – Виноградова көшесі, 29. Қуанып, алғысымды айтып жүргенмін, – дейді Кәдірхан апай.

Алайда қуанышы ұзаққа созылмапты.

– Кейін сол әйел менің атымнан екі несие алдырды. Жаңа үйге керек жарақтарды, жиһаздарды алу керек деді. Алғашқы айларда өзі төлеп жүрді, кейін тоқтатты. Қазан айының басында үйіме полиция қызметкерлері мен бір әйел келді. Сөйтсем, үйдің нағыз иесі басқа адам болып шықты. Құжаттар қолдан жасалған екен. Сөйтіп, далада қалдым. Не үй жоқ, не ақша жоқ. Арыз жаздым. Оны қамалды дейді, бірақ рас-өтірігін білмеймін, – дейді ол.

Полиция өкілі не дейді?

Осы мәселе төңірегінде Өскемен қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Шотпановпен сөйлестік.

– Жыл басынан бері Өскемен қаласында 900-ге жуық алаяқтық фактісі тіркелген. Көбіне 45 жастан асқан тұрғындар алданады. Үлкен кісілер бұрынғы әдетпен бәріне сенгіш келеді. Дегенмен профилактикалық жұмыстар нәтижесінде мұндай жағдайлар біршама азайып келеді. Ал жастар көбіне онлайн сатып алу немесе инвестициялық жобалар арқылы алданады. Әсіресе, «банк қызметкерімін» немесе «сіздің атыңызға сәлемдеме келді» деген хабарламаларға сеніп қалатындар көп, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазір алаяқтардың алдау тәсілі өзгерген. Ең кең тараған түрі — телефон арқылы хабарласу.

– Телефон арқылы «сіздің шотыңызда күдікті операция тіркелді» деп хабарласып, «ақшаңызды қорғау үшін сізге код жіберіледі, соны айтыңыз» дейді. Бұл – бірінші қадам. Кейін қайта хабарласып, өздерін полиция не банк өкілі ретінде таныстырып, «сізге алаяқ хабарласты ма?» деп сенімге кіреді де, тағы бір код сұратады. Бірінші код – банктегі өтінімді растау, екіншісі – операцияны бекіту үшін қажет код. Осылайша азаматтың шотынан несие рәсімдеп, депозиттегі ақшасын шешіп алады. Көп жағдайда бұл әрекеттер шет елден жасалады, сондықтан қылмыскерлерді анықтау қиын, – дейді полицей.

Биыл Өскеменде алаяқтық фактісі азайған жоқ.

– Бұл мәселе бойынша «көбейді» немесе «азайды» деп нақты айту қиын. Алаяқтар үнемі жаңа тәсіл ойлап табады. Бұрын «карта нөміріңіз өзгерді» десе сенетіндер көп еді, қазір олай емес. Бірақ олар күнделікті өмірге бейімделіп, басқа айла-шарғыларға көшкен. Ең бастысы – жеке мәліметтеріңізді ешкімге жария етпеңіз. Банк қызметкерлері, полиция не байланыс операторлары ешқашан телефон арқылы жеке ақпарат сұрамайды. Күдікті қоңырау түссе, сөйлеспей, дереу полицияға хабарласыңыз. Эмоцияға берілмей, сабыр сақтаңыз. Егер алданып қалғаныңызды түсінсеңіз, уақыт оздырмай, құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Көп жағдайда алаяқтар шетелдік нөмірлерден хабарласады, бұл да есте болуы тиіс, – дейді Азамат Шотпанов.

Расымен, алаяқтарға алданбау үшін адамның барынша сақ болғаны жөн-ақ. Сарапшылар араны ашылған алаяқтарды ауыздықтайтын заңды күшейтіп, құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыру қажет деп жатыр. Сонда ғана қоғамдағы сенім мен қауіпсіздік нығая түсетін көрінеді. Қысқасы, телефоныңызға күдікті нөмірден қоңырау түссе, тұтқаны көтермеген жөн сияқты.


Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосуреттер ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив