
Оңтүстіктен ойысқан отбасылар: Шекара шебіндегі Марқакөл ауданына қоныс аударушылар жыл санап артуда
Газеттің өткен нөмірінде осы мақаланың алғашқы бөлігін ұсынған едік. Катонқарағай ауданындағы жағдай туралы ақпарат ұсынылды. Ендігісі Марқакөл ауданы. Бұл аудан ҚР Президенті Жарлығымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші рет қайта құрылып, Күршім ауданынан бөлініп шыққан еді. Бұл жаңалық аудан халқы үшін үлкен қуаныш болды. Соған орай, шекараға жақын орналасқан өңірдегі тұрғын санын арттыру мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарлама мен жергілікті бастамалар іске асырылуда. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген жас мамандар саны жыл сайын өсіп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ойдағыдай орныққан отбасылар
Бүгінде Марқакөл ауданында 6754 тұрғын, бес ауылдық округ бар. Дегенмен шалғай ауылдарда халық саны әлі де төмен. Соған қарамастан, басқа өңірлерден қоныс аударушылар көбейіп келеді. Келушілердің басым бөлігі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары. Солардың бірі – Қызылорда қаласынан келген жас маман Алма Қуанышқызы. Ол екі жыл бұрын осы бағдарлама арқылы Марқакөл ауданының Теректі ауылына қоныс аударып, еңбек жолын бастаған.
– Мен негізі Сыр елінің қызымын. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға келдім. Сол бағдарламаның арқасында Шығыс өңіріне бейімделіп, осында қалуға шешім қабылдадым. Кейін «Серпін» түлектеріне арналған жұмысқа орналастыру бағыты арқылы Марқакөл ауданының Теректі ауылына жұмысқа тұрдым. Бағдарлама маған үлкен мүмкіндік сыйлады. Көтерме жәрдемақы берілді, тұрғын үй мәселесі де шешілді. Қазір тұрақты жұмыс істеп жатырмын. Барлығы көңілімнен шықты, таңдауыма еш өкінбеймін, – деді ол.
Аудан тұрғыны Майра Жақаева да көшіп келушілер легі жергілікті халыққа серпін беріп отырғанын айтады.
– Марқакөл ауданы қазір жаңадан дамып, қалыптасып жатыр ғой. Сондықтан өзге өңірлерден келіп жатқан азаматтарды біз қуана қабылдаймыз. Өйткені олардың әрқайсысы ауданның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып отыр. Оларды бөлектеу деген түсінік мүлде жоқ. Керісінше, қолдан келген барлық көмекті көрсетіп, барынша қолдауға тырысамыз, – деді ол.
Көшіп келетіндерге көмек
Аталған мәселе бойынша аудан басшылығына сұраухат жолдаған болатынбыз. Әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары Марқакөлге жыл сайын орта есеппен 58 жас маман келген. Олардың 48-і 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы алған, ал 10 маман кезекте тұр.
– 60-қа тарта жас маман ішінде 48 адамға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы берілді, қазір 10 маман кезекте тұр. 2024 жылдың басынан бастап ауданға келген 58 маман төмендегі салалар бойынша жұмысқа тұрған: білім беру – 34 маман, денсаулық сақтау – 1 маман, әлеуметтік сала – 7 маман, ауыл шаруашылығы – 4 маман, мәдениет және спорт саласы – 2 маман, – делінген ресми ақпаратта.
Ауданға келген мамандар қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ 100 АЕК (393 200 теңге) көтерме жәрдемақы беріледі. Оның үстіне аудан орталығына келгендерге 2500 АЕК (9 830 000 теңге), ауылдық округтерге келгендерге 2000 АЕК (7 864 000 теңге) сомасына 15 жылға дейін бір пайыздық жеңілдетілген несие қарастырылған.
Жас мамандардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында аудан деңгейінде бірнеше шара жүзеге асырылады. Оның ішінде, психологиялық, құқықтық кеңес беру де қарастырылған.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу тиімділігі жыл сайын аудан әкімдігімен ішкі мониторинг түрінде зерделенеді. Соңғы мониторинг нәтижесі бойынша ауданға келген мамандардың орташа тұрақтану деңгейі 50 пайызға, тұрғын үймен қамтылу деңгейі 20 пайызға артты, – деді аудан әкімдігі.
Яғни, ауданда бағдарлама арқылы келген жас мамандарға барынша жағдай жасалып, олардың тұрақтап қалуы үшін мүмкіндіктер қарастырылған.
«Үйренісу қиын болмады»
28 қазанда Өскеменде өткен брифингте аудан әкімі Рүстембек Кемешев биылғы көші-қон жоспары 112 пайызға орындалғанын мәлімдеген еді. Атап айтсақ, Ақбұлақ ауылына – 4, Марқакөлге – 1, Қалжырға – 2, Қазақстан ауылына – 1 отбасы көшіп келген. Қоныс аударушылар бір реттік субсидия алып, тұрақты жұмысқа орналастырылыпты. Қазір Марқакөлге көшуге ниеттілер саны артып келеді. Алайда тұрғын үй тапшылығы байқалады. Осыған орай 2025 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 5 жеке үй немесе 10 пәтер салу жоспарланған. Қазан айында 4 пәтердің құрылысы аяқталып, Отбасы банк арқылы кезекте тұрған азаматтарға беру жұмыстары басталған.
Марқакөл тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров оңтүстіктен 16 отбасының қоныстануына ұйытқы болған азамат. Оның айтуынша, бастаманың шығуына ауылдағы халық санының азаюы себеп болған.
– Өзім кәсіпкермін, қалада тұрамын. Ауылда әке-шешем тұрған соң, анда-санда барып қайтамын. Бірде ауылдың ортақ чатында хабарламалар көбейіп кетті. Ауылда халық саны азайып, мектеп жабылғалы тұр деп тұрғындар не істерін білмей даурығып жатыр екен. Содан 2022 жылы қыркүйек айының 5-і күні Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығында ауыл тұрғындарына үндеу жасадым. «Ауылымызды бірге сақтап қалайық» деп ұран тастап, нақты жоспар құру қажеттігін айттым. Ортақ чатта барлығы мені қолдап, бағдарламаны жүзеге асыруға білек сыбана кірістік, – деді Бауыржан Жауғашар.
Ақбұлақ ауылының тұрғындары бастаманы бірауыздан қолдап, оңтүстіктен көшіп келушілерді тарту жұмысы нақты жоспар негізінде қолға алынған. Осылайша ауылға жаңа отбасылар келе бастайды.
– Бұл бағдарлама негізі 2017 жылдан басталған екен. Солтүстік өңірлер мұны бірден іліп әкетті, ал Шығыс Қазақстан бұл іске сәл кештеу кірісті. Оңтүстікке арнайы делегация барған кезде мен де еріп барып, Ақбұлақ ауылын таныстырып, көшуге шақырдым. Соның нәтижесінде 2025 жылға дейін жалпы 16 отбасыны әкелдік. Олардың бар жағдайын жасауға тырыстық, тіпті кейбірінің қарызын да өтеп бердік. Жақында екі отбасы Күршімге көшіп кетті. Бірақ біз қарап отырған жоқпыз, жаңа отбасыларды әлі де тартып жатырмыз. Бұл жұмыс ауыл үшін де, жалпы мемлекет үшін де тиімді, – деді ол.
Шымкенттен көшіп келген Дильноза Шахарова Марқакөлге бейімделу қиын болмағанын айтады.
– Иә, бұл жаққа үйренісу біз үшін қиын болған жоқ. Адамдары өте жылы жүзді, ашық мінезді екен. Табиғаты тіптен керемет. Таза ауа, тыныш орта, жанға жайлы. Біз мұнда бес баламызбен көшіп келдік. Алғашында жолдасым екеуміз аздап тартыншақтағанымыз рас, алайда қазір таңдаған шешімге мүлде өкінбейміз. Ауылдың да, әкімдіктің де қолдауы жақсы. Әкімдік өкілдері арнайы келіп, жағдайымызды сұрап, керек болса көмегін ұсынып тұрады. Халық та қолдап, жылы қабақ танытты. Сондықтан бұл жаңа ортаға бейімделу біз ойлағаннан да жеңіл болды, – деді ол.
2024-2025 жылдары өңірлік квота бойынша 15 отбасы, 79 адам қоныс аударған. Оның ішінде Ақбұлақ ауылына 7 отбасы (42 адам) тұрақтаса, Қалжыр, Қазақстан және Қарой ауылдарына төрт отбасы барды. Олардың барлығы субсидия алып, баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етілген. Екі азамат жаңа бизнес-идеяларға арналған грантқа ие болған.
Марқадамаман тапшылығы байқалады
Аудан әкімдігі хабарлағандай, Марқакөлде жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, математика және физика пәні мұғалімдері, агроном, ветеринар және мәдениет саласы қызметкерлері жетіспейді.
Міне, Марқакөл ауданындағы қазіргі ахуалдың жалпы көрінісі осындай. Өңірге қоныс аударушылар саны артып, елдімекендер қайта жандана бастағанымен, кадр тапшылығы сынды өзекті мәселелер әлі де өз шешімін күтуде. Ауданға қажетті мамандарды тарту, ауылдардың әлеуметтік әлеуетін күшейту алдағы уақыттың маңызды міндетіне айналып отыр. Газеттің келесі нөмірінде Тарбағатай ауданындағы жағдайға да тоқталып, аталған өңірдегі демографиялық өзгерістер мен кадрлық мәселелерді жан-жақты қарастыратын боламыз.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер