
Жұрты азайған ауданның жоспары қандай: Тарбағатай ауданының халқы кеміп барады
Газеттің алдыңғы нөмірлерінде мақаланың алғашқы бөлімдерін ұсынған едік. Атап айтқанда, 49 және 50-ші нөмірлерде Катонқарағай, Марқакөл аудандарындағы жағдай қамтылды. Бұл жолы назарымыз Тарбағатай ауданына ауды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жастар ауылға барғысы келе ме?
Соңғы жылдары елдің Шығыс өңірлерінде демографиялық ахуал өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Халық санының азаюы, жастардың ірі қалаларға қоныс аударуы, кадр тапшылығы секілді мәселелер белең алғаны қашан. Бұл басқа аудандардан бөлек Тарбағатай ауданына да тән жағдай. Президент Жарлығымен ауданның әкімшілік орталығы ауыстырылып, жаңа аудан ретінде дамудың даңғыл жолына түскеніне қарамастан, өңір үшін ең маңызды мәселенің бірі тұрғындарды ұстап қалу және жаңа қоныс аударушыларды тарту болып отыр. Президенттің 2022 жылғы 4 мамырдағы Жарлығына сәйкес, Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшірілді.
Осы шешімнен кейін ауданның дамуына жаңа серпін беріліп, әлеуметтік-экономикалық белсенділік арта бастағаны байқалады. Жаңадан бөлініп шыққан аудан үшін жергілікті халықты ұстап қалу және сырттан қоныс аударушыларды тарту – аса маңызды мәселе. Бүгінде Тарбағатай ауданында шамамен 18 мыңға жуық халық тұрады. Ауданда 8 ауылдық округ, 28 ауыл бар. Инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Алайда, келушілерге қарағанда кетушілер саны басым. Соңғы үш жылдағы мәліметтерге назар аударсақ, 2022 жылы аудан халқы 19 438 адам болса, 2023 жылы – 19 024 адамға, 2024 жылы – 18 553 адамға, ал 2025 жылы – 17 767 адамға дейін азайған. Яғни, халық саны жыл сайын тұрақты түрде кеміп отыр. Соған қарамастан, басқа өңірлерден көшіп келушілер қатары азайған жоқ. Олардың едәуір бөлігі – «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары. Биыл жыл басталғалы ауданға 23 жас маман келген. Аталған бағдарлама арқылы туған жеріне еңбек сіңіремін деген жастардың ниеті бар. Дегенмен, оларды алаңдататын басты мәселе – жұмыс пен тұрмыстық жағдай.
– Өзім Ақжар ауылынанмын. Қазір студентпін. Болашақта туған ауылыма барып, қызмет еткім келеді. Бірақ жағдай қалай жасалады, мамандығым бойынша жұмыс таба аламын ба деген қорқыныш бар. Көп жағдайда ауылда жұмыс табу қиын. Оның үстіне қазір жастардың көбі ауылдан кетуге тырысады, – дейді жас тұрғын Аружан Жармуханбетова.
Осыған байланысты аудан әкімдігіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде ресми сұраухат жолдаған едік.
– Соңғы үш жылда аудан бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы 40 жас маманға біржолғы көтерме жәрдемақы, ал 16 маманға тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредит берілді. 2024 жылы 120 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы, 28 маманға бюджеттік кредит ұсынылды. Ал 2025 жылы 70 маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 28 маманға бюджеттік кредит беру жоспарланып отыр, – делінген ресми жауапта.
Қаржының жұмсалуы қадағаланып отырады
Аталған бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін бюджеттік несие мөлшері:
• аудан орталығында – 2500 АЕК-ке дейін (9 830,0 мың теңге),
• ауылдық елді мекендерде – 2000 АЕК-ке дейін (7 864,0 мың теңге).
Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 1%, мерзімі – 15 жылға дейін. Сонымен қатар, біржолғы көтерме жәрдемақы (100 АЕК), қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету және жергілікті жерге бейімделуге қолдау көрсету қарастырылған.
– Аудан әкімдігі бағдарлама аясында келген жас мамандармен, соның ішінде жас отбасылармен тұрақты кері байланыс орнатады. Арнайы кездесулер ұйымдастырылып, ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Сонымен қатар, берілген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы әр тоқсан сайын бақылауда болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Қызов.
Ендігі кезекте – оңтүстіктен Тарбағатайға қоныс аударған отбасылар туралы. Аудан әкімдігі мәліметінше, биыл ауданға 22 отбасы көшіп келген. Оларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, әр адамға 70 АЕК көлемінде (275 240 теңге) біржолғы жол ақысы және 1160 АЕК (4 561 120 теңге) мөлшерінде экономикалық мобильді сертификат берілген. Қоныс аударушылардың географиясы да әртүрлі.
– Жыл сайын ауданға 20-ға жуық отбасы келеді. Оларды аудандағы бірнеше ауылға бөліп, көшіреміз. Көбісі Оңтүстік өңірлерден келеді. Мәселен, биыл Алматы облысынан – 8 отбасы, Жетісу облысынан – 2 отбасы, Алматы қаласынан – 1 отбасы, Жамбыл облысынан – 1 отбасы, Түркістан облысынан Жетіарал ауылына – 1 отбасы, Астана қаласынан Жаңаауыл ауылына – 4 адам көшіп келді, – делінген әкімдік берген ресми жауапта.
Аудан тұрғындарының көшіп келушілерге деген көзқарастары оң. Жергілікті жұрттың азаюы оларды да алаңдатуда.
– Мен ұстазбын. Аудандағы халық санының азаюы мені де қынжылтады. Оңтүстіктен көшіп келушілер бар, бірақ халық саны әлі де толыспады. Сондықтан, оларға барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Мысалы, кәсіп ашқысы келетіндерге бастапқы инвестиция берілсе немесе еңбекақы мәселесі қарастырылса, – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Маржан Мұқсин.
Әкім не дейді?
Өзге аудандармен салыстырғанда Тарбағатайдың әлеуеті жоғары. Дегенмен демографиялық ахуал толғандырмай қоймайды. Бұл туралы аудан әкімі Дархан Жөргекбаев облыс орталығында өткен брифингте де атап өткен болатын.
– Аудан болып бөлінген кезде халық саны 19 мың еді. Қазір 18 мыңға әрең жетіп отыр. Халық санын тұрақтандыру үшін биыл оңтүстіктен 80 адам көшіп келді. Оларға барлық жағдай жасалуда, баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде, – деді аудан әкімі.
Әкімнің айтуынша, қоныс аударған әр отбасының жағдайы жеке бақылауда. Олар ең алдымен жұмыспен қамтылады, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау мәселелері де назардан тыс қалмайды. Біз де ауданға оңтүстіктен көшіп келген азаматтарды іздеп, олардың тұрмысымен танысуға тырыстық. Нәтижесінде Алматы қаласынан қоныс аударған Гүлден Накиева сұхбат беруге келісті.
– 2024 жылдың соңында көшіп келдім. Шығыстың табиғатына қызығып, таңданып келдім. Алматыға ұқсас көрінді. «Оңтүстіктен көшіріп жатыр» дегенді естіп, келісім бердім. Қазіргі жағдайым жаман емес. Ауыл адамдары жылы қарсы алды. Өзім тұйықтау адаммын, бірақ көрші-қолаңмен араласамыз. Қолындағысын бөлісуге дайын. Екі балам бар, мектепте оқып жүр. Тиесілі көмекті де алдық. Аудан басшылығына ризамыз, – дейді ол.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, спорт, мәдениет, ветеринария және агроөнеркәсіптік кешен салаларында маман тапшылығы байқалады. Бұл бағытта кадрларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ал газеттің келесі нөмірлерінде Зайсан ауданындағы демографиялық ахуал мен кадрлық мәселелерге арнайы тоқталатын боламыз.
Әдемі АМАНТАЙҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер