A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:45 0

2026 жылы ШҚО-дағы науқастарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Бүгін / ШҚО / Пайдалы

Жаңа жыл жаңашылдықтармен басталуда. Облыстың барлық емханасында жедел медициналық көмек кабинеттері ашылып жатыр. Енді медбикелер диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін дербес мейіргерлік қабылдаулар өткізетін болады. Ал медициналық сақтандыруы жоқ науқастар скринингтерден өтіп, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашу үшін өз учаскелік дәрігеріне жүгіне алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Медбикелерде маңызды міндет мол

Аталған өзгерістер 2025 жылдың күзінен енгізіле бастады. Қыркүйек айында онкологиялық скринингтердің сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азамат үшін қолжетімді болатыны туралы ақпарат тарады. Жаңашылдықтардың бір бөлігін 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске қосу жоспарланған еді. Мәселенің егжей-тегжейін нақтылап түсіну үшін газет тілшісі ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың ШҚО бойынша филиалының мамандарына жүгінді.

– Шығыс Қазақстанның барлық емханасында жедел медициналық көмек кабинеттерінің ашылатыны рас па? Онда инфекциялық емес белгілері бар науқастар қабылдана ма?

– Денсаулық сақтау басқармасында бұл ақпарат расталды. Аталған кабинеттерде кеуде қуысы шаңшыған, артериялық қысымы жоғарылаған науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар оның амбулаториялық ем алуға немесе шұғыл түрде ауруханаға жатқызылатыны шешіледі. Бұл кабинеттер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстың барлық емханасында ашылып, жұмысын бастайды. Ал Өскемендегі емханаларда олар 2025 жылдың желтоқсан айында ашылып, жабдықтау және мамандармен қамтамасыз ету мәселелері шешілген.

 – 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек алу қағидаларында өзгерістер бола ма?

– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың ШҚО бойынша филиалында хабарлағандай, 2026 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың базалық пакетіне амбулаториялық диализ, консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, 12 топтағы созылмалы аурулар бойынша жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек енгізіледі. Бұл аурулар динамикалық бақылауға жатады (бауыр, қан және қан түзу ағзаларының, асқазан-ішек жолының жоғарғы бөліктерінің аурулары, инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатия, дорсопатия, қалқанша без аурулары, қуықасты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары, бронхөкпелік дисплазия, туа біткен жүрек ақаулары мен даму кемістіктері).
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар сегіз аурудың кез келгеніне күдік болған жағдайда консультациялық-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульттер). Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік кезінде ғана қолжетімді болған.

– 2026 жылдан бастап диспансерлік есепте тұрған пациенттерге жоспарлы тексерулерді медбикелер жүргізе ала ма?

– Иә, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы хабарлауынша, медбикелер өз құзыреті шеңберінде дербес мейіргерлік қабылдаулар өткізеді. Жоспарлы қабылдауды өткізу үшін кеңейтілген практикадағы медбике, мамандандырылған медбике және учаскелік медбике мынадай жұмыстарды атқарады:

науқасты қабылдауға жазу;

телефон қоңыраулары мен SMS-хабарламалар арқылы хабарландыру;

зертханалық-диагностикалық қызметтерді тағайындау арқылы науқасты қабылдауға дайындау;

тағайындалған зерттеулерден өтуін бақылау және нәтижелерін жүктеу;

зертханалық-диагностикалық нәтижелерді бастапқы интерпретациялау;

нәтижелерді емхана дәрігеріне немесе бейінді маманға ұсыну.

Сондай-ақ жоспарлы қабылдау кезінде кеңейтілген практикадағы медбике, мамандандырылған медбике және учаскелік медбике төмендегідей шараларды жүзеге асыра алады:

медбикелік тексеру жүргізу;

тамыр соғысы, артериялық қысым, тыныс алу жиілігі, бойы, салмағы, бел айналымы, тері мен көрінетін шырышты қабықтардытексеру;

медбикелік диагноз қою және тиісті араласуларды жүргізу;

қабылдау нәтижелерін ақпараттық жүйеге енгізу;

зерттеу нәтижелерін бағалау;

емді жалғастыру үшін дәрі-дәрмек тағайындау;

науқас пен отбасы мүшелерін күтім мен ауруды басқаруға үйретуді ұйымдастыру;

қажет болған жағдайда дәрігерге, бейінді маманға, әлеуметтік қызметкерге немесе психологқа жолдау.

Қаңтардан бастап қолжетімді қызмет түрлері

– 2026 жылдан бастап сақтандыруы жоқ адам еңбекке жарамсыздық парағын ашу үшін терапевтке жүгіне ала ма?

– Денсаулық сақтау басқармасында түсіндіргендей, егер адам еңбекке жарамсыздық парағын алу үшін жүгінсе, ол жұмыс істейтін азамат болып есептеледі және жұмыс беруші жарна төлейтіндіктен, автоматты түрде сақтандырылған болады. Егер ол жақында жұмысқа орналасып, әлі сақтандырылмаған болса, жедел жағдайларда учаскелік дәрігеріне жүгініп, еңбекке жарамсыздық парағын аша алады. Бірақ бейінді мамандардың консультациясы мен диагностикалық зерттеулер оған қолжетімсіз болады.

– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық скрининг түрі сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтар үшін бірдей қолжетімді ме?

– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың ШҚО бойынша филиалы ақпаратынша, онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілді. Яғни, олар барлық азамат үшін тегін.

Денсаулық сақтау басқармасы да жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, глаукоманы, сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігін, колоректальды обырды анықтауға арналған скринингтер сақтандырылмаған адамдар үшін қолжетімді болатынын растады. Алайда глаукомаға күдік кезіндегі офтальмолог консультациясы, инсульттің алдын алу бойынша хирург кеңесі, В және С гепатитіне ИФА талдау және ПТР сапалы тесті бұл тізімге кірмейді.

 – Скринингке қатысу жасы нешеге дейін ұзартылды?

– Қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, скринингтер 40 жастан бастап әр екі жыл сайын 76 жасқа дейін жүргізіледі. Осылайша, ең жоғарғы жас шегі – 76 жас.

– 50 жастан асқан ер адамдарға арналған жаңа скрининг – брахиоцефалдық тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуінің енгізілгені рас па?

– Қазақстанда инсультке арналған скрининг ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығымен жеке скрининг түрі ретінде енгізілді. Ол 50-70 жас аралығындағы ер адамдарға екі жылда бір рет жүргізіледі.
– Егер науқас басқа қаладағы ауруханаға жіберілсе, жол ақысы төлене ме? Мүгедектігі бар адамдарға қаңдай жағдай қарастырылады?

– ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, мұндай науқастарға Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) және МӘМС аясында жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін тегін немесе жеңілдетілген жол жүру қарастырылуы мүмкін.

 

Жиі қойылатын сұрақтар

– Егер қандай да бір себептермен адам МӘМС жүйесінен «шығып қалса» (мысалы, жарты жыл жұмыссыз жүріп, Жұмыспен қамту орталығына тіркелмесе), ол өз мәртебесін қалай қалпына келтіре алады? Егер ол жарты жылдан кейін қайтадан жұмысқа орналасып, ол үшін ӘМСҚ-қа төлемдер қайта түсе бастаса, азамат толық медициналық қызметтер пакетін қашан пайдалана алады? Қорға жарналар төленбеген айлар үшін берешекті өтеу қажет пе?

– МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі қатарынан 12 ай бойы төлемдер болған жағдайда беріледі. Егер азамат ресми түрде жұмыс істеген болса, оның атынан қажетті төлемдерді жұмыс беруші жүзеге асырған. Ал жұмыссыз болған және сол кезеңде жұмыссыз ретінде тіркелмеген уақыт үшін азамат дербес төлеуші ретінде жарналарды өзі төлеуі қажет. Кейін ресми түрде жұмысқа орналасқан жағдайда жарналарды жұмыс беруші төлейтін болады. Мәртебе жарналар қатарынан 12 ай бойы үзіліссіз төленген кезде қалпына келтіріледі.

Егер үзіліс жоқ болса, яғни азамат жұмыссыз жүрген кезеңде де жарналарды өз бетінше төлеп отырған жағдайда мәртебесі жойылмайды. Мәселен, ол 2024 жыл бойы ресми түрде жұмыс істеді, 2025 жылдың мамыр айында жұмыстан шықты. Осы уақыт аралығында жарналарды өз бетінше төлемеген. 2025 жылдың қараша айында қайтадан жұмысқа орналасты. Мәртебесін қалпына келтіру үшін оған дербес төлеуші ретінде 2025 жылдың маусым, шілде, тамыз, қыркүйек және қазан айлары үшін әр айға жеке-жеке 4 250 теңгеден жарна төлеуі қажет.

– Кім дербес төлеуші бола алады?

– Бұл – жалдамалы қызметкер болып саналмайтын және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша төлеуші болып саналмайтын жеке тұлғалар. Мысалы, жұмыс істемейтін азаматтар. Олар жарналарды өздері үшін дербес түрде төлейді.

– Қазақстанға уақытша келген шетелдіктер қандай медициналық көмек ала алады?

– Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, баспана іздеп жүргендер шұғыл медициналық көмекті және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмекті тегін алуға құқылы. Мұндай аурулар тізбесі мен медициналық көмек көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

– Медициналық сақтандырудың бар-жоғын қалай тексеруге болады?

– Өз мәртебеңізді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының msgory.kz ресми сайты;

Qoldau 24/7 Қордың мобильді қосымшасы;

Saqtandyry-bot Telegram боты;

cc.kz, kaspi.kz, halyk.kz және басқа да екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары;

eGov.kz порталында «Міндеттіәлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысуы және аударылған аударымдар және (немесе) жарналар сомалары туралы ақпарат беру» қызметі арқылы тексеруге болады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив