
Ауылдың біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?
Мұның алдында мақаланың алғашқы бөлімдерін ұсынған едік. Атап айтқанда, газеттің 49 және 50-ші нөмірлерде Катонқарағай мен Марқакөл аудандарындағы ахуал қамтылса, жаңа жылдың алғашқы санында Тарбағатай ауданындағы жағдайға үңілдік. Ендігі кезек – облыстағы ірі аудандардың бірі саналатын Күршім, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан жұрты азайыпты
Ресми ақпаратқа сәйкес, Күршім ауданы 1928 жылы құрылған. 1997 жылы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты Марқакөл өңірімен бір ауданға біріктірілгенімен, 2023 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Марқакөл ауданы қайтадан жеке аудан болып бөлініп шықты.
Бүгінде Күршім ауданында 13 682 адам тұрады. Ауданда 7 ауылдық округке қарасты 21 елдімекен бар. Соңғы үш жылда халық саны 918 адамға азайған. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылдың басында – 14 600 адам болса, сол жылдың соңында – 14 236, ал 2025 жылдың қорытындысында – 13 682 адамды құраған. Сонымен қатар ауданға басқа өңірлерден қоныс аударып келіп жатқандар да бар. Осыған байланысты Күршім ауданы әкімдігіне ресми сауалхат жолдаған едік. Олардың мәліметінше, 2026 жылы еңбек күші артық өңірлерден Күршім ауданына 17 отбасы, яғни 50 адамды көшіру жоспарланған. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысынан 1 отбасы (7 адам), Алматы облысынан 1 отбасы (5 адам) қоныс аударуға өтінім берген.
– Олардың 4-еуі еңбекке жарамды, қалған 8-і – балалар. Жалпы Күршім ауданына әр жылы еңбек күші артық өңірлерден 10-ға жуық отбасы көшіп келеді. Ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға көшу шығындарын өтеу үшін әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде жолақы төленеді. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға 1625 АЕК мөлшерінде экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі, – делінген ресми жауапта.
2024-2025 жылдары ауданға жыл сайын 8 отбасы, 24 адамды көшіру жоспарланғанымен, жоспар 157 пайызға орындалған. Атап айтқанда, 2024 жылы – 7 отбасы (35 адам), 2025 жылы – 10 отбасы (41 адам) қоныс аударып келген.
– Биыл да көшіп келуге ниетті отбасылар бар. Егер мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары болса, жұмысқа орналастырылады, – дейді әкімдік өкілдері.
«Қысы ұзақ, әрі суық»
Күршімге Шымкент, Қызылорда және Алматы облыстарынан қоныс аударушылар көп. Тіпті батыс өңірлерден де келіп жатқандар бар. Солардың бірі – Әсел Қожахметова.
– Мен көпбалалы анамын, «Күміс алқа» иегерімін. 2024 жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан Күршім ауданының Бірлік ауылына қоныс аудардым. Қазір жағдайым өте қиын. Қайта көшіп кетейін десем, мемлекеттен алған қаржыны қайтару керектігін айтты. Бұрын «Өзенмұнайгазда» жұмыс істедім, арнайы шақыртумен келдім. Ауыл адамдары жақсы, бірақ тұрақты жұмыс жоқ, тек балық зауыты ғана бар. Алты балам бар. Уәде етілген жағдайлар орындалмады. Берілген үйдің сапасы өте төмен, қыста суық. Әкімдікке де бардым. Бірақ жөндеу жүргізілсе де, бөлмелер жылып кеткен жоқ, – дейді ол.
Әсел Қожахметованың айтуынша, үйдің пеші дұрыс жылытпайды, басқа баспана сұрастырып көргенімен, нәтиже болмаған. Шығыс өңіріне көшіп келіп, кейін қайта кеткендер де жоқ емес.
– 2024 жылы оңтүстіктен қоныс аударып, әуелі Марқакөл ауданына бардым, кейін Күршімге көшіп келдім. Табиғаты расымен көркем, экологиясы да таза. Алайда қысы өте ұзақ әрі қатты суық. Берілген баспана қағаз жүзіндегі талаптарға сай болғанымен, іс жүзінде жылыту жүйесі әлсіз, үйдің іші дұрыс жылынбады. Климатқа бейімделу де оңайға соқпады. Денсаулығыма кері әсер ете бастаған соң, осындай жағдайда ұзақ тұрақтау мүмкін болмады, – дейді Айнагүл Қадыржанқызы.
Бұл мәліметті аудан әкімдігі де растады. Олардың айтуынша, 2025 жылы оңтүстіктен көшіп келген екі отбасы ауа райы мен денсаулық жағдайына байланысты қайта көшіп кеткен.
Енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына келсек. Бұл – жастарды ауылға тартудың маңызды тетігі. Әкімдік дерегінше, жыл сайын бұл бағдарлама аясында 20-25 маманға қолдау көрсетіледі.
– Негізінен білім (10-12 маман), денсаулық (4-5 маман), спорт саласы бойынша қызмет етеді. Сонымен қатар мәдениет пен ауыл шаруашылығына да келетіндер бар. Көпшілігі – аудан жастары. Шалғай ауылдарға барған мамандарға отын-көмір, ұсақ мал түрінде көмек көрсетіледі, – делінген жауапта.
Жастар ауылға барғысы келе ме?
Алайда ауданда әлі де кадр тапшылығы бар. Атап айтқанда, шалғай ауылдарда тарих, химия, математика, ағылшын тілі пәні мұғалімдері, домбыра мен баян оқытушылары, сондай-ақ ветеринар дәрігерлер жетіспейді. Расул Амренов есімді студент сөзінше, егер мүмкіндік болса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Күршім ауданына барып, еңбек етуді қалайды. Себебі ауылдық жерлерде білікті мамандардың қажет екені анық. Алайда қазір өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс табу қиын болып отырған көрінеді
Расымен, туған жеріне барып, қызмет етуге дайын жастар бар. Тек оларға қолдау керек.
– Студенттің шақтың аяқталар сәті де жақындап келеді, менің алдымда үлкен өмірлік таңдау тұр. «Туған жерге туыңды тік» дейді халқымыз. Осы сөз менің бүгінгі ойымның өзегіне айналды. Мен туған ауылым – Күршімге баруды саналы түрде таңдап отырмын. Ауыл – алтын бесік. Күршім мені өсірді, білімге жетеледі, өмірге қанат қақтырды. Енді сол туған жерге қызмет етуді азаматтық парызым деп білемін. «Ел іші – өнер кеніші», ауылда жүріп те үлкен іс атқаруға болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қалада мүмкіндік көп болғанымен, ауылға баратын білімді жас аз. Әр жас маман ауыл ертеңі үшін қажет. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы маған тек жұмыс емес, ел сенімін ақтауға берілген мүмкіндік деп білемін, – деді Ұлту Мұратбекқызы.
Айта кету керек, «Оңтүстіктен – Шығысқа» бағдарламасының ішкі еңбек нарығын реттеудегі рөлі зор. Бағдарламаға қатысқан отбасының әр мүшесіне бір реттік 35 АЕК көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Қоныс аударушылар кемінде алты ай тұрақтап тұруы тиіс. Әрине, келушілердің көбіне ауа райы қолайсыз болуы мүмкін. Дегенмен, халық санын арттыру үшін мемлекет тарапынан тек қаржылай емес, нақты тұрмыстық жағдайлар да толық қамтамасыз етілсе деген тілек бар.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер