Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс және қала әкімдігі өкілдері мамыр айындағы жоспармен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биылғы мамыр мерекелері - Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні - ел Конституциясының аясында терең мәдени және идеологиялық мазмұнда өткізілмек. Басты мақсат сол, патриотизмді дәріптеу, қоғамдық бірлікті нығайту және тарихи жадыны сақтау.
250 мың адам қатысады
ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаевтың мәліметінше, биыл облыс бойынша барлығы 370 іс-шара жоспарланған. Көбі Өскеменнің орталығында, Достық үйі және этносаябақ маңында өтеді. Жалпы, өңір бойынша қолға алынатын шараларға 250 мыңнан астам тұрғын қатысады деп күтілуде.
– Негізгі бағытымыз – жастар бойында мәдени-тарихи рух пен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. 7 және 9 мамыр күндері барлық қала мен ауданда еске алу шаралары, гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді. Бұл шараның барлығы бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған, - деді Айдар Садырбаев.
Спикердің айтуынша, өңірдегі Ұлы Отан соғысының 6 ардагеріне ерекше көңіл бөлініп, әрқайсысына жеке қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, облыстағы 3 384 тыл еңбеккерінің ешқайсысы назардан тыс қалмақ емес. Бұл жағы қала мен аудан әкімдіктеріне міндеттелген.
Өскеменде не өтеді?
Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринад Ахметжановтың сөзінше, облыс орталығында мамыр айында 73 мерекелік шара ұйымдастырылады. Оның 15-і басты мемлекеттік шара болса, 58-і фондық сипаттағы іс-шаралар. Жалпы 80 мыңнан астам адам қамтылады.
-
Мамырдағы мерекелер тізімі
1) 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні: Осы күні қаладағы фонтандар мен саябақтар ресми түрде ашылады. Сонымен қатар, тұрғындар асыға күткен өзен трамвайы өз жұмысын бастайды. Мерекелік концерттерден бөлек, «Oskemen AIBYN 2026» әскери-спорттық ойыны мен этноквиздер өтпек.
2) 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні: Мерекелік бағдарламалармен қатар, қалалық деңгейде жеңіл атлетика мен грек-рим күресінен турнирлер ұйымдастырылады. Ардагерлерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
3) 9 мамыр - Жеңіс күні: Соғыс ардагерлерін мекенжайлары бойынша құттықтау, гүл шоқтарын қою рәсімі және дәстүрлі “Зажги свечу” акциясы өтеді. Сондай-ақ, осы күні “Жайдарман” ашық лигасының старты жоспарланған.
Мерекелік шаралар тек концерттермен шектелмейді. Басты назар ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне бағытталған әлеуметтік акциялар мен атаулы көмекке аударылады. Жеке кездесулер өтеді.
Аяулым Сағиолда
Пікірлер