Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, қылмыстық Өскеменде ғана емес, көршілес облыстарда да әрекет еткен. Қаскөйлер пластик терезелерді бұзу арқылы үйлер мен пәтерлерге заңсыз кірген.
- Қаңтар айының басында облыс орталығының тұрғындарынан полицияға арыз-шағымдар түсе бастаған. Иелері жоқ кезде қылмыскерлер тұрғын үйлерге кіріп, зергерлік бұйымдар мен өзге де құнды заттарды ұрлаған. Әрбір факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстарға басқа өңірден келген қылмыстық топтың қатысы барын анықтаған.
- Ұрланған зергерлік бұйымдарды күдіктілер көршілес облыстардағы ломбардтарға жедел өткізіп отырған. Ломбардтардан алынған бейнежазбалар тәркіленіп, қылмыстық істердің материалдарына тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 5 миллион теңгеден асады, - деп жазылған мәліметте.
Қазір қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа өңірлерде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Пікірлер