Самар ауданында интернационалист жауынгерлерді еске алу күніне арналған садақ ату жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Турнирге ауданға қарасты ауылдық округтерден 30-ға жуық спортшы қатысты. Жарыстың басты ерекшелігі – жас ерекшелігіне шектеу қойылмауы. Бір алаңда аға буын өкілдері мен жастар бақ сынады.
Аудандық Жастар орталығының директоры Ерназар Сауықтың айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беріп, үздік мергендерді анықтауға мүмкіндік береді.
- Қазіргі таңда ауданда садақ ату спорты қарқынды дамып келеді. Біз турнирлерді тұрақты түрде өткізіп, алдағы уақытта үздік спортшыларды ірі жарыстарға қатыстыруды жоспарлап отырмыз, — деді ол.
Турнирдің төрешісі, Абай облысы Көкпекті ауданының садақ ату жаттықтырушысы Дамир Даутов самарлық жастардың әлеуетіне жоғары баға берді.
- Турнир жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың қызығушылығы мен осы бағытта дамуға деген талпынысы анық байқалады. Самар ауданында өз мергендерін тәрбиелеп, жоғары деңгейге шығуға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Ең бастысы — уақытылы қолдау көрсетіп, жүйелі түрде жаттығып, осындай жарыстарды жиі ұйымдастыру қажет, — деді жаттықтырушы.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Пікірлер