A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:30 0

Өскемен әуежайының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты

Бүгін / Өскемен / Қылмыс

Ол Ауданаралық қылмыстық соттың үкімімен сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, 120 млн теңге айыппұл өндірілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушылардың қатарында «Өскемен әуежайы» АҚ-ның бұрынғы президенті, атқарушы директоры және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысы бар.
- 2018 және 2023 жылдар аралығында сотталған адамдар азаматтық-құқықтық келісімшарттар жасау схемасын ұйымдастырды. Үшінші тарап мердігерлерінің шығындары жасанды түрде көбейтілген, ал нақты және көрсетілген сомалар арасындағы айырмашылық жымқырылған,  - делінген сот ақпаратында. 
Сонымен қатар іс материалында жалған сыйақылар мен жалақының негізсіз өсуі де анықталған. 
Бұрынғы президент пен атқарушы директордың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сараланған. Компанияның бұрынғы басшысы Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы  бойынша да кінәлі деп танылды.
- Компания президенті өз өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланды. Бұл акцияларының 100 пайызы мемлекетке тиесілі компания үшін ауыр зардаптарға әкеп соқты, - деп жазылған ресми мәліметте. 
Сотталушылар өз кінәсін толық мойындамады.
Сот үкіміне сәйкес «Өскемен әуежайы» АҚ президенті 8 жылға сотталып, мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды. 
Атқарушы директор 7 жылға сотталып, қосымша жаза ретінде 10 жыл мерзімге белгілі қызмет түрін атқару құқығынан айырылды. Оның кәмелетке толмаған баласы болғандықтан жазаны өтеу бес жылға кейінге қалдырылды.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысына екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасының «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңы бойынша 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қосымша жаза ретінде 3 жыл мерзімге белгілі қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ сот «Өскемен әуежайы» АҚ-ның азаматтық талабын қанағаттандырды. Бұрынғы президенттен 120 512 179 теңге өндірілді. Президент пен атқарушы директордан 18 718 914 теңге, президент пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысынан 2 127 501 теңге өндірілді. 
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив