
Тәттімен өрілген өмір: Ұландық Диана Абаканова әзірлеген тәттілер дәмі таңдайдан кетпейді
Бүгінде декретте отырып, кәсіп бастап, табысқа жеткен нәзік жандылар аз емес. Олар бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Солардың бірі – Ұлан ауданына қарасты Сағыр ауылының тумасы Диана Абаканова. Ол хобби ретінде бастаған ісін жетілдіріп, қазір кәсіп көзіне айналдырған. Жуықта жерлесімізбен сұхбаттасып, кәсіп тиегін қалай ағытқанын біліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз, кондитерлікке қалай келдіңіз?
– Мен декреттегі кондитермін. Бұл іспен айналысып жүргеніме шамамен үш жыл болды. Алғаш рет тортты қызымның туған күніне арнап жасаған едім. Содан осыны әрі қарай өрбітіп көрейін деген ой келіп, кәсіп ретінде қолға алдым. Бастапқыда жай ғана хобби ретінде қарағанмын. Сол қызымның туған күнінен түскен қаражатқа күйеуім «жалға бересің» деп ыдыстар алып берді. Осылайша тойларға тәтті үстел әзірлей бастадым.
– Алғашқы тапсырысыңыз есіңізде ме?
– Иә, есімде. Ол кезде қалада жүргенмін. Бір дәмханада тәтті үстел жасап берген едім, сол жердің әкімшісі нөмірімді сақтап алыпты. Кейін бір кісіге «осы қызға хабарлассаңыз болады» деп мені ұсынған екен. Сөйтіп, маған 55 жасқа арналған туған күнге шай дастарханын жасап беру туралы тапсырыс түсті. Басында қатты қорықтым, уайымдадым. Дегенмен күйеуімнің қолдауымен жасап шықтым. Бір аптадан кейін әлгі кісі қайтадан тапсырыс берді.
– Кондитер боламын деген адамға ең алдымен қандай қасиет қажет?
– Ең бастысы – жауапкершілік, сабырлық, тазалық және ұқыптылық. Клиент алдында үлкен жауапкершілік бар екенін сезіну керек. Сабыр болмаса қиын. Кейде бірнәрсе қолыңнан келмей жатуы мүмкін, сол сәтте бәрін тастап кетуге болмайды. Егер талпыныс болса, бастаған істі жалғастырған жөн.
– Кәсіп бастауда қандай қиындықтар кездесті және оны қалай жеңдіңіз?
– Ең үлкен қиындық білімнің жетіспеушілігі болды. Жаңадан бастаған соң қажетті құрал-жабдықтар да жеткіліксіз еді. Торттарды кішкентай пеште пісіріп жүрдім. Кейін табыс артқан соң керек заттарды біртіндеп ала бастадым. Әртүрлі шеберлік-сағаттарына қатысып, білімімді жетілдірдім. Осылайша қазіргі деңгейге жеттім.
– Басыңыздан өткен қызықты оқиғамен бөліссеңіз.
– Жақында бір қызық жағдай болды. 75 жасқа арналған цифрлы торт жасап, оны Instagram-ға салдым. Бір таныс апай «дәл осындай, тек 60 жас деп жазылсын» деп тапсырыс берді. Мен келісіп, белгіленген күнге дайындап қойдым. Клиент тортты алып кеткен соң, «фотосын жібересіз бе?» деп сұрады. Ештеңе ойламастан суретін жібердім. Сөйтсем, 60 жастың орнына 75 деп жазып қойыппын. «Дәл осындай» деген сөзге ғана мән беріппін ғой. Не істерімді білмей отырғанда, күйеуім сабырға шақырып, керек заттарды әкеліп берді. Қайтадан торт жасап, 60 деген жазумен клиентке апарып бердік. Бір жақсысы – клиент екі тортты да сатып алды. Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды.
– Қазір кондитерлер арасында бәсекелестік жоғары ма? Сіздің ерекшелігіңіз неде?
– Әрине, бәсекелестік бар. Әсіресе шығыста шай үстелі жақсы дамыған. Менің ерекшелігім – тұрақтылық пен сапа. Клиентті жоғалтпау үшін тек таза, табиғи өнімдермен жұмыс істеймін. Сонымен қатар трендтерден де қалмауға тырысамын.
– Кәсіп өміріңізді қалай өзгертті?
– Қаржылық жағдайымыз жақсарды. Қажетті заттарды еркін ала алатын болдым. Үй алдық, көлік міндік. Отбасылық бюджетке үлес қосып жүргеніме қуаныштымын.
– Қай торттарға сұраныс жоғары?
– Ең көп сұранысқа ие торт – «Молочная девочка». Үлкендерге де, балаларға да ұнайды. Бұл тортты тұрақты түрде алатын клиенттерім бар. Сонымен қатар «Меренговый рулетке» де жиі тапсырыс беріледі.
– Қай тортты жасау қиын?
– Негізі тәжірибе артқан сайын бәрі жеңілдейді. Бірақ жаңа трендтегі 3D торттар сәл күрделі. Әзірге ондай торттарға сұраныс аз, әрі бағасы да қымбат.
– Баға жағы қалай?
– Торттың келісін 7500–8000 теңгеден жасаймын. Көбіне 2 келіден жоғары қабылдаймын. Шай дастарханына арналған тапсырыстар жиі түседі. Ондай кезде клиент ештеңеге алаңдамайды. Торт, тәттілер, кәмпиттер және ыдыстарын өзім апарып, дайындап беремін.
– Кәсіп пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
– Әр нәрсеге жеке уақыт бөлу керек. Отбасы – бір бөлек, жұмыс – бір бөлек. Тапсырыс көбейіп кеткенде кейбірін басқа маманға беруге тырысамын. Үйге де жеткілікті көңіл бөлуге тырысамын.
– Кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ештеңеден қорықпау керек. Егер бұл сала жүрегіңізге жақын болса, бас тартпаңыз. Қолдан келмей жатса да, тырысып, ізденіп, алға қарай жалғастыру керек. Қорқынышты жеңсеңіз, міндетті түрде жақсы нәтиже болады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер