Ел көлемінде жоғары мінберлерден де, түрлі жиында да жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау, жастарды дәл осы жұмысшы кәсіптеріне тарту қажеттігі туралы жиі айтылды. Бірақ әдемі бастаманың соңы әлі де әдемі қорытындыланбай отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халық қалаулылары білім саласында тағы ілгерілеу болады деп жатқандарымен елдің Оқу-ағарту министрлігінің колледж студенттерін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін 430 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін арттыру мерзімін бірнеше рет кейінге шегергені бар. Соңғы рет бұл көрсеткішті осы жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру уәде етілген еді. Бірақ тағы да жоспар орындалмай қалды.
Шығыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасы алаңында бас қосқан бірнеше жекеменшік колледж өкілдері қазіргі қаржылық «арифметика» балабақшалар, мектептер мен жоғары оқу орындары сияқты басқа бағыттар пайдасына жұмыс істеп тұрғанын айтты.
– Бүгінде колледждердегі жан басына шаққандағы қаржыландырудың орташа көлемі бір студентке жылына шамамен 430 мың теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, балабақшаларда бұл көрсеткіш 700 мың теңгеге жетеді, мектептерде 800 мың теңгеден асады, ал жоғары оқу орындарында бір студентке 1 миллион теңгеден артық қаражат бөлінеді, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Білім беруді дамыту кеңесінің төрағасы Ерсаин Нәбиев.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі зертханалық жабдықтарды тұрақты түрде жаңартуды, тәжірибелік сабақтарға қажетті шығыс материалдарын сатып алуды, оқу шеберханаларын жаңғыртуды талап етеді. Мәселен, дәнекерлеуші немесе токарь мамандарын даярлау өндірістегі технологиялық талаптармен тікелей байланысты.
Тағы бір өзекті мәселе – педагог кадрлардың еңбекақысы. Жиынға қатысушылардың айтуынша, ТжКБ жүйесіндегі төмен жалақы қазірдің өзінде мамандардың тұрақты түрде кетуіне әкелген. Ақылға сыймайтын жер мынау: мемлекет бір жағынан техникалық білім беруді басым бағыт деп жариялайды, ал екінші жағынан оны ұстаздарды жүйеде ұстап қалуға жеткілікті деңгейде қаржыландырмай отыр. Ал шенеуніктер мерзімді кейінге шегере берген сайын, Шығыс Қазақстандағы колледждер білікті кадр тапшылығын барған сайын өткір сезінуде.
– Білім сапасы, стандарттарды сақтау мен оқытушылардың біліктілігіне қойылатын талаптар туралы сөз болғанда, мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарына бірдей талап қойылады. Бірақ қаржыландыру мәселесіне келгенде, жекеменшік колледждер жеткілікті деңгейде қаржы ала алмай отыр, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан.
Айта кетейік, жоспарланған қаржыландыруды арттыру нормасы Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдап, Президент қол қойған «2026 жылға арналған республикалық бюджет туралы» заңында қарастырылған. Дегенмен әзірге бұл тығырықтан шығар нақты шешім табылған жоқ. Кәсіпкерлер билік өкілдері берген уәдесінде тұрады деп үміттенеді, бірақ күн өткен сайын оған деген сенім азайып барады. Егер жағдай өзгермесе, онда жаңа бір сұрақ туындайды: ертең дәнекерлеуші, слесарь мен құрылысшыларды кім даярлайды және бұл мамандықтар мемлекетке шынымен қажет пе?
Пікірлер