A+ A A-

talgatzhan 44 Бүгін, 11:00 0

Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдеріне су тасқынын алдын алуды тапсырды

Бүгін / ШҚО

Өткен аптада аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Онда су тасқыны кезеңіне дайындық, қоныс аударушыларға көмек және мәдениет саласындағы өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Дайындық деңгейін пысықтады

1 ақпаннан бастап облыс аумағында су тасқынын алдын алу үшін жоғары дайындық режимі енгізілді. Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Нұрлан Махамбетовтың мәліметінше, облыста 8,5 мың адам (3,5 мың үй) тұратын 71 су тасқыны қаупі бар елдімекен анықталды. 

– Жол карталары, Инженерлік жұмыстар жоспары және басқа да бағдарлама шеңберінде жүргізілген су тасқынына қарсы шараларды ескере отырып, 16 елдімекенде су басу қаупі жойылды, 50 елдімекенде азайтылды. Дегенмен Глубокое ауданындағы 2 және Алтай ауданындағы 3 елдімекенде қауіп әлі сақтаулы, – деді Нұрлан Махамбетов.

Былтыр 10 ауданда 10 523 млн теңгеге су тасқынына қарсы 28 шара іске асырылған көрінеді.

– Алтай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім, Шемонаиха, Катонқарағай, Глубокое аудандары әкімдіктерімен жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 378 млн теңгеге 20 су тасқыны қаупі бар учаске анықталды. Алтай және Глубокое аудандарының бюджетінде бұл мақсатқа 47 млн 400 мың теңге көзделген. Ал облыс резервінен 331 миллион теңге бөлінді. Кесте құрылып, тиісті жұмыстар 11 наурыздан басталды, – деді Нұрлан Махамбетов. 

Сондай-ақ облыста 14 рет қар көшкіні түсірілді. 

– Су тасқынына қарсы жұмыстар 76%-ға орындалды. Каналдар мен арықтардың 67%-ы, су өткізу құрылыстарының 81%-ы, көпірлердің 87%-ы тазартылды. 328 мың текше метр қар шығарылды. 82 мың қап, 10,2 мың тонна инертті материал, 393 тонна ЖЖМ дайындалды. 3677 адам, 556 техника, 73 жүзу құралы және 234 мотопомпадан тұратын күштер мен құралдар тобы әзірленді. Жалпы сыйымдылығы 13 мың адамды құрайтын 137 уақытша орналастыру пункті бар, – деді Нұрлан Мұхтарұлы. 

Бұдан бөлек, жағдай күрделенсе, халықты хабардар ету 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы, СМС-тарату, телерадио және «Дәрмен» қосымшасы арқылы жүргізіледі. Шұғыл жағдайда «МассАлерт» халықты хабардар ету жүйесі іске қосылады. Қазір ақпараттық жүйе арқылы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде. Ол тәуекелдерді ерте анықтау үшін 7 күндік болжам жасайды.

Әкімдік отырысында сөз алған ШҚО Төтенше Жағдайдар Департаментінің бастығы, полковник Рашид Блялов су тасқынының бірінші кезеңі наурыз айының екінші онкүндігінің соңынан сәуір айының екінші онкүндігінің соңына дейін байқалатынын айтты.

– «Қазгидромет» деректері бойынша облыстағы аудандар қауіп деңгейі бойынша шартты түрде келесідей бөлінді. Жоғары қауіп аймағына: Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан, Үлкен Нарын аудандары, орташа қауіп аймағына Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласының әкімшілік аумағы енгізілді. Әр су басу қаупі бар елдімекен бойынша жергілікті атқарушы органдардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жауапты тұлғалары бекітілді, – деді Рашид Блялов.

Ал ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Кұмарованың сөзінше, облыс жолдарындағы 3897 құбырдың 3705-і, 257 көпірдің барлығы тазартылды.

– Республикалық маңызы бар тасжолдарда су тасқыны қаупі бар бес аймақ анықталды. Атап айтқанда, «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» автомобиль жолының 184, 243, 262, 265, 278 шақырымдары. Ал облыстық маңызы бар тасжолдарда қауіп төніп тұрған 13 аймақ белгілі болды, – деді Айжан Кұмарова. 

Төтенше жағдайда жедел әрекет ету үшін адамдармен және арнайы техникамен толық қамтамасыз етілген жедел әрекет ету жасағы дайын тұр. 

– Қызмет көрсетуші кәсіпорындар қыс басталғалы диспетчерлік қызметтердің тәулік бойы жұмысын ұйымдастырып, өндірістік жол учаскелерінің қызметтері күшейтілген режимге көшті. Жол ұйымдары, полиция бөлімшелерінің жеке құрамы, төтенше жағдайлар бөлімдері, қала және аудан әкімдіктерінің өзара іс-қимыл жоспары әзірленді. Жолдарда жылыну, уақытша орналастыру және тамақтандыру пунктері анықталды. Ауа райы мен жол жағдайының нашарлауына байланысты әрекет ету алгоритмі белгіленген, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Осы ретте өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов барлық қала және аудан әкіміне су тасқынын алдын алу шараларын күшейтіп, жағдайды тұрақты бақылауды тапсырды.

 

Қоныс аударғандар көп пе?

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әсел Төлепованың сөзінше, бүгінде облыста 718,9 мың адам тұрады. Соңғы жылдары табиғи өсім қарқынының бәсеңдеуі және көші-қон сальдосының теріс болуы байқалады. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш – 4323 адам болды.

2023-2025 жылдары өңірлік квота аясында облысқа 2206 адам (702 отбасы) қоныс аударды. Олардың ішінде 1028 адам еңбекке қабілетті жаста, ал 693-і тұрақты жұмысқа орналасты.

2025 жылы 313 отбасыға жалпы сомасы 469,7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл қаражат көшу шығындарын өтеуге, жалдамалы тұрғын үйді субсидиялауға және баспана сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаттарына жұмсалды.

– 2026 жылға арналған өңірлік квота 800 адам болып бекітілді. Наурыз айының басындағы мәліметке сәйкес өңірге 219 адам (72 отбасы) көшіп келді. Қоныс аударушылар елдің оңтүстік өңірлері мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген. Бұдан бөлек, Қытай мен Моңғолиядан қандастар көшіп келуде, – деді Әсел Төлепова.

Қоныстанушыларды жұмыспен қамту бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

– Биыл еңбекке қабілетті 102 адамның 17-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекеттік гранттарға ие болды. Қалған азаматты жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасуда, – деді басқарма басшысының орынбасары Әсел Төлепова.

Бұдан бөлек, биылдан бастап Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Самар аудандарында пилоттық режимде өңірлік қолдау жоспары іске қосылды. «Оңтүстік – Шығыс маманы» бастамасы бойынша «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық несиелеу қарастырылған. Қазір Катонқарағай ауданына қоныс аударған дәрігер-хирург осы жобаға қатысу үшін құжаттарын рәсімдеуде.

– «Құтты өңір» жобасы аясында кәсіпкерлерді тұрғын үйлерді жөндеуге тарту және оларды экономикалық мобильділік сертификаттары арқылы қоныс аударушыларға сату тәжірибесі енгізілді. Бұл бастама былтыр Марқакөл ауданында сәтті жүзеге асып, бірнеше отбасы баспанаға қол жеткізді. Жеке кәсіпкер Ақбұлақ ауылындағы 5 үйді жөндеп, оларды экономикалық ұтқырлық сертификаттары арқылы қоныс аударушыларға сатты. Ал осы жылы ол Марқакөл мен Ақбұлақ ауылдарынан бір-бір үй сатып алып, күн жылынған соң күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр, – деді Әсел Төлепова.

Айта кетейік, ауылдарда маман тапшылығы әлі де байқалады. Бұл еңбекке қабілетті азаматтардың Өскеменге және ірі қалаларға көшуімен байланысты. Сондықтан қаладан ауылға ерікті түрде қоныс аударуды қолдауға бағытталған өңірлік жоспар қабылданды.

– Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мысалы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мамандық бойынша жұмысқа орналастыру және баспана сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру. Қатысушылар субсидияланатын жұмыс орындарына тартылып, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілуде. Осылайша, бұл бағдарлама аудан мен ауылдардың сұранысына сай білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде елдімекендерде тұрақты жұмыс орындары ашылып, кадр тапшылығы азаяды, – деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әсел Төлепова.

 

Концерт көретіндер молайды

Ресми ақпарат бойынша облыста 360 мәдениет ұйымы бар. Былтыр мәдениет нысандарын салуға және қайта жаңартуға 1 млрд теңге бағытталды. 2 нысан күрделі, 21 нысан ағымдағы жөндеуден өтті. Ал материалдық-техникалық базаны нығайтуға 316,4 млн теңге бөлініп, 274 млн теңге көлемінде демеушілік қаражат тартылды.

ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасеновтың сөзінше, облыс халқының мәдениет қызметтеріне қанағаттану деңгейі 69%-ға дейін өсті.

– Өңірдегі негізгі мәдени ошақтардың бірі – Шығыс Қазақстан драма және оперетта театры. 2025 жылы 19 жаңа спектакль қойылып, жалпы саны 328-ге жетті. Театрларға 67,5 мың көрермен, концерттік ұйымдарға 176 мың адам келді. Билеттерді онлай сату жүйесі енгізіліп, онлайн-трансляциялар жүргізілуде, – деді Самат Қасенов.

Бұдан бөлек, облыс музейлерінің жалпы қоры 344,1 мыңға дейін ұлғайды. Ал келушілер саны 593,8 мыңға өсіп. 23,3 мың зат цифрландырылды.

– Өңірде 170 кітапхана жұмыс істейді. Оның 76,5%-ы интернетке қосылған. Бүгінде кітапхана қоры 2967,5 мыңға дейін, оқырман саны 289,5 мыңға артты. Зағип жандарға арналған арнайы кітапхана қоры 72,4 мыңнан асады. Электрондық каталогта 1 миллионнан астам жазба бар. Былтыр Өскеменде «Shygys Book Fest» кітап фестивалі өтті. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының кітапқа деген қызығушылығын арттырып, мәдени іс-шаралардың маңызын арттырды, – деді басқарма басшысы.

Қазір облыста 328 тарих және мәдени ескерткіш бар. Өткен жылы 9 нысан қалпына келтіріліп, 50 жаңа археологиялық нысан анықталды.

– 2026 жылы бірқатар халықаралық және республикалық іс-шара өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, Астанада «Mamma Mia» мюзиклімен оперетта гастролі, «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу фестивалі, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі, орыс театрының 90 жылдығы. Мәдени инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау жолындағы жұмыстар жалғасады, – деді Самат Берікболұлы.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив